Назарларыңызға «Ғылым және өнер коды» тақырыбындағы республикалық байқауға қатысып жатқан медицина мен фармацевтика саласындағы инновациялық технологияларды бейнелейтін туындыларды ұсынамыз. Сәулетшілер, мүсіншілер мен қылқалам шеберлеріне арналған бұл байқаудың ерекшелігі — туынды авторларының кім екені үздік жұмыс анықталғанша жария етілмейді. Біз аноним шеберлердің қолынан шыққан ерекше жұмыстарға шолу жасадық. Сонымен мүсіншілер, сәулетшілер мен кескіндемешілер қазіргі заман ғылымы жайында қандай ой тастап отыр?

«Зенон жебесі»

«Зенон жебесі» деп аталатын мына туынды көрмеге келушілердің назарын аудармай қоймады. Қараған адамның көзіне бірден жебе емес, жұмыртқа түседі. Сол сәтте көңілде «Жұмыртқаның жебеге қандай қатысы бар?» деген сұрақ туады.

«Әуеде ұшып бара жатқан жебе қозғалмайды, ол әуеде қатып тұрады. Өйткені жебе белгілі бір орында дамылдап тұрады және оның тұрақтылықты жойып, қозғалып кетуі мүмкін емес. Жебенің келесі тұрақты орынға жетуі үшін онда қуат болып, қозғалыс күйіне енуі керек». Бұл ежелгі грек ойшылы Элейлік Зенонның «Ұшқан жебе қозғалмайды» парадоксы. Мүсінші өз шығармасының тақырыбына Зенонның осы ережесін арқау еткен.

Жебе прогреске ұмтылған адам ойының бағытын білдіреді. Ал жұмыртқа табиғаттың, жаратылыстың бастауы саналады. Сонда мүсіндегі жебе ғылымның, ал жұмыртқа өнердің, жаратылыстың атынан сөйлеп, екеуі әлемдегі барлық нәрсенің бастауы ретінде бейнеленіп тұр.

Зенон жебесі
«Зенон жебесі». Фото: Аlmaty.ppz.kz

«Генетикалық код»

«Генетикалық код» мүсіні граниттен, темірбетон мен тот баспайтын құрыштан жасалған. Мүсін ДНҚ-ның ұзынша тізбегін бейнелейді.  ДНҚ – барлық тірі ағзаның тірегі, ол адам табиғатының құпиялары сақталатын флэш-диск тәрізді. Адамның ғылыми коды – ғалымдардың әлі күнге дейін зерттей алмаған жұмбағы. Генетиктердің осы саладағы зерттеулері күрделі ауруларды емдеуге, өмірін ұзартуға және тағы басқа да ақпаратты анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл композицияда ДНҚ-ның ұзынша алқасы ұлттық оюлармен безендірілген. Автор әр ұлттың өзіне тән генетикалық ерекшелігі болатынын қазақ орнаментімен әйгілегісі келген.

Генетикалық код
«Генетикалық код». Фото: almaty.ppz.kz

«Өмір ағашы»

«Өмір ағашы» деп аталатын бұл мүсін ақ мәрмәр мен габбро қара гранитінен жасалған. Негізгі идеясы — табиғаттың дүлей күшін ашып көрсету. Автор туындысында ежелгі заманнан бері түрлі этникалық мәдениетте кездесетін ежелгі архетиптерді біріктіреді. Композицияда жасалған барлық символикалық белгі автордың стиліне тән минимализммен сипатталады. Әуелі құстың бейнесі шартты түрде және сәндік мақсатта қолданылып, бақыт ұғымын бейнелейді. Себебі құс ежелгі халықтардың түсінігінде — бақыттың белгісі. Ал ортасында бейнеленген сәбиін әлдилеген ана – Табиғат-ана. Жүрек пішінді ойық табиғаттың бізге берер махаббаты мен шексіз энергиясын айқындап тұр. Ағаштың әрбір элементі — діңі, тамыры, бұтағы, жемісі, – бәрі өмірдің жалғасып, жаңарып отыратынының, табиғат заңының көрінісі.

Өмір ағашы
«Өмір ағашы». Фото: almaty.ppz.kz

«Даламда туған»

Суреттегі «Даламда туған» туындысы қола мен тот баспайтын құрыштан жасалған. Автор көркем туындының негізі ретінде сантонин кристалды торларын алып отыр. Сантонин кристалды торлары байқау демеушісі — Шымкент фармацевтика зауытының негізгі шикізаты саналатын металл болғандықтан қолданылып отыр. Металл үстіне ақ жусан, яғни жергілікті жерде өсетін емдік өсімдік орнатылған.

Автор көрменің тақырыбына, идеясына сай мүсін жасап шыққан десек болады. «Даламда туған» деген атау мүсіндегі жусанға тікелей қатысты. Себебі өз еліңнің жусанының иісі — жанға шипа, дертке дауа.

Даламда туған
«Даламда туған». Фото: almaty.ppz.kz

«Адам және табиғат»

Ғылым мен өнерді не байланыстырады? Ғалымдар медицина үшін адамды емдеуге қажеттінің бәрін — түрлі дәрілік препаратты, биологиялық белсенді қоспаларды, арнайы құрылғыларды ойлап табады. Ал өнер адамды рухани дамуға жетелейді. Ғалым да, өнер иесі де — жасампаз жандар. Аталған мүсінде де осындай байланыс бар. Ол — табиғат пен адамның байланысы. Мүсіндегі дөңгелек граниттен жасалған. Ол — біз өмір сүретін Жер планетасының нышаны. Дөңгелектің ортасы жапырақ пішінінде ойылған. Ол табиғатты, флораны бейнелеп тұр.  Шеңбердің екі жағы пальма тәрізді етіп, әйнектермен безендірілген. Бұл шыны материал — судың, тазалықтың символы. Таза су — біздің планетамызда тұратын адамдардың денсаулығының кепілі.

Адам және табиғат
«Адам және табиғат». Фото: almaty.ppz.kz

«Өркендеу»

Бұл мүсін адамды ой еркіндігіне жетелейді. Кез келген өнер туындысы сияқты бұл да тамашалаушының қандай қиялға ерік беруіне де қарсы емес. Композицияда отырған ер адамның сұлбасы кескінделген. Адамның иығында 3 түрлі ұлттың баласы отыр. Онымен қоса ер адамның қолында дәрілік өсімдіктер де бар. Ал ортасында отырған бала қолына ғылым эмблемасын ұстап, жоғары көтеріп отыр.

Молдас құрып отырған ер адамның алақанына, оның жұмулы көзіне зер салыңызшы. Автордың түсіндіруінше, ашық алақан – қазақтың қонақжай халық екенін, ал жұмулы көздер еліміздегі ұлтаралық татулықты білдіретін көрінеді. Қоғамдық өмірдің барлық саласында дамуға, өрлеуге бірлік пен жарасымның, өзаратүсіністіктің арқасында ғана қол жеткізуге болады.

Өркендеу
«Өркендеу». Фото: almaty.ppz.kz

Республика бойынша өтіп жатқан «Ғылым және өнер коды» байқауының қорытындысы қараша айында белгілі болады. Сіз тамашалаған композиция авторлары да сол кезде жария етіледі.