Нұрсұлтан Назарбаев Алматының индустриялық аймағын аралап көрді. Ақорданың хабарлауынша, Президентке мұндағы жұмыс нәтижелері мен оны дамытудың перспективалық жоспарлары жөнінде мәлімделді.
Нұрсұлтан Назарбаев жоғары технологиялы токөткізгіш кабель өнімдерін шығаратын КМК Investment жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік циклімен, оның дайын өнім үлгілерімен танысты.
Кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелескен Елбасы өндірісте еуропалық сапаға сай бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технология мен құрылғылар қолданудың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы Tokyo Rope Almaty жауапкершілігі шектелу серіктестігінің зауытында металл габион торын жасайтын автоматтандырылған өндіріспен танысып, дайын өнім үлгілерін көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев Falcon Eurobus серіктестігіне де барды. Мемлекет басшысы зауыт жұмысы жөніндегі баяндаманы тыңдап, үшінші буын саналатын электрлі автобустар жасау өндірісінің технологиялық үдерісімен танысты.
Бұл жобаны іске асыруға 15 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Оған мемлекеттік қолдау арқылы Алматы әкімдігі тарапынан жер телімі бөлінген және 2 миллиард теңгеге сумен қамту және электр желілері тартылған.
Өнімділік қуаты жылына 100 электрлі автобус шығаратын зауыт 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды.