Мемлекеттік қызметші болу Абай Ғанидің бала кезінен алдына қойған үлкен мақсаты болатын. Сол мақсатқа деген сенімінің арқасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде “Мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы бойынша білім алды. 2017 жылы қыркүйек айында тәуекелге бел буып, мемлекеттік қызметтің орталығы – Астанаға жол тартады. Сол кезде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми сайтында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетіне (қазіргі таңда бұл Комитет таратылған) “сарапшы” лауазымына шығып тұрған бос орынға құжатын тапсырады. Құжат қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін оны әңгімелесу кезеңіне шақырады. 15 қыркүйек күні әңгімелесу кезеңінен өтіп, 18 қыркүйек күні конкурс жеңімпазы болғанын кадр басқармасының маманынан естиді.

Абай Ғани. Фото: Жеке мұрағатынан/Baribar.kz

Мемлекеттік қызметке қабылдау қалай жүргізіледі? Үлкен жауапкершілікті талап ететін бұл жұмысқа қалай орналасуға болады? Жоғары оқу орнын жаңа бітірген адам мемлекеттік қызметке барғысы келсе, не істеуі керек, қандай талаптар қойылады?
– Мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушылар мен мемлекеттік қызметте бұрын жұмыс істеп қайта қабылданатындар жалпы конкурстан өту арқылы қызметке орналасады. Бұл қызметке Қазақстан Республикасының 18 жастан асқан, жоғары білімі бар, мемлекеттік қызметтің “Б” корпусына орналасуға ҚР заңнамалары мен мемлекеттік тілінен емтиханнан өткенін растайтын арнайы сертификаты бар, денсаулығы жарамды азаматтары қабылданады. Жалпы мемлекеттік қызметке орналасу арнайы ережелермен бекітілген заңнамалық тәртіппен өтеді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми сайтында мемлекеттік органдардың бос лауазымды орындары үшін конкурс жарияланады. Конкурс жарияланған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде үміткер азаматтардан жоғарыда айтып өткен құжаттар тізімін қабылдайды. Құжат қабылдау аяқталған соң 3 жұмыс күні ішінде конкурстық комиссия құжаттарды тексеруден өткізіп, әңгімелесу кезеңіне жібереді. Әңгімелесуге жіберілген үміткерлердің аты-жөні аталған мемлекеттік органның ресми сайтында хабарланады. Кадр бөлімі қызметкерлері де телефон арқылы хабарлауы мүмкін. Құжаттары талапқа сай келген тұлғалар әңгімелесу кезеңіне бір күн қалғанда тиісті мемлекеттік органның кадр бөліміне келіп, құжаттарының түпнұсқасын өткізеді. Сонымен әңгімелесу кезеңі дәл айтылған күні мен уақытында басталады. Конкурс комиссиясы тиісті мемлекеттік органның және басқа да мемлекеттік органдардың арнайы мамандарынан жасақталған комиссия мүшелерінен тұрады (10 адамға дейін болады, оның ішінде тиісті мемлекеттік органның басшылары мен қызметшілері). Әңгімелесу кезеңінде үміткерлерге тиісті мемлекеттік органның саласы бойынша арнайы сұрақтар мен ситуациялық және мотивациялық сұрақтар қойылады. Үміткерлер қойылған сұрақтарға мүдірмей толық жауап бергеніне байланысты бағаланады. Әңгімелесу кезеңінде аудиоқұрылғыларға үміткерлердің жауабы басылып отырады. Бұл сын аяқталған соң 3 жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияның шешімі шығарылып, қай үміткердің тиісті мемлекеттік органның қызметшісі болғандығы анықталады.

Болашақта да осы қызметте қалғыңыз келе ме, жеке құрылымдар мен кәсіпкерлікке қызықпайсыз ба?
– Мемлекеттік қызмет – қысқа уақыттың емес, ұзақ жылдардың негізінде тәжірибе жинау арқылы мансаптық жоғарылауға мүмкіндік беретін сала. Сондықтан елдің маңызды бір саласының мемлекеттік деңгейдегі дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Мемлекеттік саяси қызметтегі қайраткер тұлғалардың өмір жолдарын үнемі зерттеп, сол кісілерден үлгі алып отырамын. Дегенмен барлығы болашақтың еншісінде. Әзірше кәсіпкерлік саласында қызмет ету жоспарымда жоқ.

Мемлекеттік қызметке алғаш келгендер қандай кезеңдерден өтеді?

– ҚР Президентінің 2015 жылғы 20 мамырдағы “Ұлт жоспары – бес институционал реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам” бағдарламасының бірінші реформасының алғашқы 15 қадамы – “Кәсіби мемлекеттік аппарат құру”. Осы бағдарламаның төрт қадамына сәйкес “3+3” формуласы бойынша мемлекеттік қызметке алғаш келгендер бастапқы үш айлық сынақ мерзімінен өтеді. Бұл аралықта оған тәлімгер тағайындалады. Осы үш ай аралығында өз саласының жұмысы мен тапсырмаларын уақытында орындап, тәлімгердің оң бағалауын алса, сынақ мерзімі аяқталып, мемлекеттік қызметке ресми түрде тағайындалады. Ал олай болмаған жағдайда тағы да үш айлық сынақ мерзімінен өтеді. Бұл кезеңде тәлімгердің оң бағалауын алмаған жағдайда мемлекеттік қызметке лайықсыз деп танылады.

Мемлекеттік қызметкердің карьерасы қалай іске асады?

– Жоғарыда айтылған мемлкеттік бағдарламаның 1, 2, 10-қадамдары аясында меритократия қағидаты негізінде төменгі лауазымдардан жоғарылату арқылы жүзеге асады.

Мемлекеттік қызмет әдебі, этикасы, қызметшілердің қоғамдық орындарда жүріп-тұруы қалай?
– Мемлекеттік қызметшілер ең алдымен әріптестері мен ел тұрғындары арасында тәртіптілік, сыпайылық, ұстамдылық, төзімділік қағидаттарын қатаң сақтауы керек. Олардың іс-әрекет “Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі” арқылы реттеліп отырады. Мемлекеттік қызметті атқару – оған қоғам мен мемлекет тің сенім артуы, сондықтан мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық орында масаң күйде жүруіне және әлеуметтік желілерде шектен тыс ерсі суреттер мен видеолар жариялауына тыйым салынады. Осындай фактілер тіркелген жағдайда мемлекеттік қызметшілер үстінен тәртіптік іс қозғалып, ескертулер жасалады.

Тәртіптік кеңес кез келген мемлекеттік қызметкерді тексере ала ма? Тәртіп бұзған мемлекеттік қызметкерге қандай жаза қолданылады? 
-Жалпы, тәртіптік кеңес қарайтын тәртіптік істер тізбесі бар. Басшылық лауазымдағы тұлғалардың істері бөлек тізбеге сай қаралады. Ал орындаушылық қызметтегі қызметшілердің іс-әрекетін тікелей басшысы мен сол мекеменің тәртіптік кеңесі қарайды. Қазіргі таңда мемлекеттік органдарда қызметкерлердің құқықтарын қорғайтын әдеп жөніндегі уәкілдер бекітілген. Егер тәртіп бұзушы қызметкер өз кінәсін мойындап түсінік берсе, жасаған ісіне қарай ескертуден бастап, басқа да жаза қолданылады. Мемлекеттік қызметші бұл жазамен келіспесе, сотқа немесе мекеменің бітімгерлік комиссиясына шағым беруге құқылы.

Сыбайлас жемқорлық көп жағдайда мемлекеттік органдарда кездеседі, оның алдын алу үшін не істеу керек?
– Бұл – ұзақ уақыттан бері қоғамды жайлап келе жатқан індет, онымен күресу жолында мемлекет іс-шаралар кешенін жүйелі жүргізіп, жемқорлықтың жолын кесуге тырысып жатыр. Дегенмен әрбір мемлекеттік қызметші елге адал қызмет етіп, жемқорлықтан аулақ болса, уақытымен жойылады деген сенімдемін. Сонымен қатар заңның үстемдігін күшейту арқылы мұндай келеңсіз, жиіркенішті әдетті қоғамнан ысырып шығаруға әбден болады.

Мемлекеттік қызметкерлерге қандай да бір әлеуметтік жеңілдік қарастырылған ба? Мысалы, баспана алу үшін?

– Елімізде мемлекеттік салада қызмет ететіндерге көп жеңілдік қарастырылған. Баспанамен қамтамасыз ету, балаларын балабақшаға орналастыру жөнінде көмек, және тағы басқа. Сонымен бірге орталық деңгейдегі органдардағы қызметкерлерге арналған қызметтік жатақхана да бар. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған үлкен жобалар жасалып жатыр.

Мемлекеттік қызметтегі қандай жайттарға көңіліңіз толмайды?
– Мемлекеттік қызметтің айтарлықтай кемшілігі бар деп айта алмаймын. Себебі адам баласы өзінің сүйікті ісімен айналысса, шаршамайды, керісінше, шабыт алады. Ал артықшылығына келер болсақ, мемлекеттік қызметте еңбек ету, елдің дамуы жолында жасалып жатқан игі істердің басы-қасында болып, өзіңнің сол іске еңбек сіңіруің, халыққа пайдаң тиіп, алғысын алуың өмір жолыңда өрнекті із қалдыруың деп білемін. Дегенмен мемлекеттік қызметтегі көңіл толмайтын тұстар бар. Бірінші кезекте ол – қағазбастылық, хат алмасулардың электрондық жүйеге ақырын ғана ауысып жатқаны. Себебі қағазға басып шығарылған құжатқа электрондық нұсқада қол қойдыру процесі ұзаққа созылады.

Осы қызметке орналасуға ниет білдірген жастарға қандай ақыл-кеңесіңізді бересіз?
– Мен студенттік кезде де, қазір де еліміздегі ең үлкен ұйым мемлекеттік қызмет деп айтамын. Себебі “Б” корпусының өзінде 92 мыңнан аса мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Сондықтан ұлтжанды, білімді, жан-жақты, патриот жастар қашан да мемлекеттік қызметтің тізгінінде жүруі керек деп ойлаймын. Ел ішінде, басқа да орталарда “танысың болмаса, мемлекеттік қызметке орналаса алмайсың” деген пікірді жиі естимін. Тіпті, осы пікірді маған да айтып жатқандар болды. Бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Мемлекеттік қызметкер болу үшін үлкен кедергі жоқ. Еңбектенсең, ниет етсең, барлығы да болады. Өз тәжірибемнен де айта аламын. Сынақтардан сүрінбей өтсеңіз, мемлекеттік қызметтің есігі әрдайым ашық.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!