Алматының Медеу ауданында халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірі жұмысын тоқтатты.
«2018 жылғы 15 тамыздан бастап «Ритц палас» сауда орталығында орналасқан Медеу аудандық №2 бөлімі жұмысын тоқтатады. Бұл осы бөлімнен қызмет алушылар санының азаюына байланысты болып отыр», — делінген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми сайтында.
Бұл фронт-офис Марков көшесі, 44-үй мекенжайындағы Медеу аудандық бөліміне қосымша ретінде ашылған болатын.
«Азаматтардың көбі мемлекеттік қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы өз бетінше алғанды жөн санайды. Осыған байланысты фронт-офистерге келушілер саны азайып, мамандардың жүктемесі төмендеген. Оның үстіне тұрғындардың көпшілігі әдеттегідей Марков көшесіндегі негізгі фронт-офиске барады. Біз босаған мамандарды жүктемесі көп басқа фронт-офистерге орналастырамыз», — деп түсіндірді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалының директоры Ғалым Қарқынбаев.