Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.
Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы кездесуде бүгінгі отырыстың маңызын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер екі тараптың да стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендігінің айқын көрінісі саналатынын айтты.
«Мемлекеттеріміз арқылы өтетін Әмудария мен Сырдария өзендері бассейнінің мәселелерін талқылаймыз. Бұл екі өзен біздің балаларымыз бен немерелерімізге өмір сыйлайды. Осы проблемаларды бірлесе талқылаудың маңызы зор», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы саммиттің Түрікменстанда дер кезінде өткізіліп отырғанына тоқталып, Аралды құтқару халықаралық қорының бұған дейінгі саммиті 2009 жылы өткенін атап өтті.
«Мен бауырлас Түрікменстанның даму барысын жіті қадағалап отырамын. Түрікмен халқына бар жақсылықты тілеймін», – деп түйіндеді Қазақстан Президенті.
Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіріп, Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына шақыруын қабыл алғаны үшін алғыс айтты.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бауырлас елдерімізді біріктіретін Каспий теңізінің жағасына – Түрікменстанға қош келдіңіз!» – деді Түрікменстан президенті.
Түрікменстан басшысы Қазақстан Президентін Бесінші Каспий саммитінің табысты өтуімен және тарихи құжат – Каспий теңізіне қатысты конвенцияға қол қойылуымен құттықтады.
Екі ел көшбасшылары Жол картасын іске асыру, көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сонымен бірге өңірлік қауіпсіздік мәселелерін қарастырды.
Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевты және барша Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрікменстанға ұшып барғанын хабарлаған едік.