Синоптик мамандар алдағы күндері Астанада тағы да жаңбыр болатынын айтады.
«24 тамызда жаңбыр жауады деген болжам бар, алайда ол 21 тамызда жауған жаңбыр секілді толассыз бола қоймас. 25 тамызда да жаңбыр жауады, кей жерлерде нөсер болады. Мұндай ауа райы 27 тамызға дейін сақталады. Тамыздың 25-і, 26-сы және 27-сі түнгі уақытта Астанада 21 тамызда жауған жаңбыр секілді тоқтаусыз жауады», — Қазгидромет қысқа мерзімді болжау басқармасының басшысы Ардақ Қалменова.
Мамандар Астанада нақты қанша мөлшерде жауын жауатынын әзірше айта алмады.
«Синоптикалық мінездемеге сай, жаңбыр кей жерлерде қатты жауады деуге болады. Ол тоқтаусыз жауып, критерийге дейін жетеді. 1-15 сантиметр аралығында норматив болып саналады, ал 15 сантиметрден жоғары болса, онда нөсер жауын болады», — дейді Ардақ Қалменова.
Еске салайық, тамыздың 20-21 күндері Астанада жеті айлық көрсеткіш мөлшерінде жаңбыр жауды. Соның салдарынан жолдарды су басып, кептелістер болды. Куәгерлер оталмай қалған автобустар мен қайықпен жүрген адамдардың видеосын желіде жариялады. 22 тамызда Үкімет отырысында осы мәселе қарастырылды. Астана әкімі Әсет Исекешев су басқан қаланың мәселесін шешуге уәде берді.