Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дмитрий Баландин Жапония және Қытай спортшыларын алға жіберіп алып, үшінші келді, көрсеткіші — 59.39 секунд.
Жапониялық Ясухиро Косеки 58.86 секундта келіп, Азия ойындары рекордын жаңартса, қытайлық Ян Зибейдің көрсеткіші 59.31 болды.
Айта кету керек, Дмитрий Баландин Олимпиада алтынын 200 метрге брасс әдісімен жүзуде жеңіп алған еді. Өкінішке қарай, жарақатына байланысты бұл қашықтықтағы жарысқа қатыса алмайды.
Еске салайық, Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында 22 тамыз күні Қазақстан құрамасының қоржынына бұған дейін 4 қола медаль қосылған еді.