Басты бетЖаңалықтарБалабақша кезегі...

Балабақша кезегі түгел электрондық форматқа көшіріледі

Ерлан Сағадиев жаңа оқу жылына дайындық барысында әкімдіктердің бюджеті арқылы 99 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын айтты. Оның 72-сі аяқталып қойған. 31 тамызға дейін қалған балабақшалар түгел жөнделіп бітеді.

«Жаңа оқу жылында 900 мыңға жуық бала баратын 10 300 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл салада мемлекеттік-жекешелік әріптестік ең жақсы дамыған. Олардың үлесі балабақшалардың 37%-ына тең. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 %-ға артық. Тек соңғы алты айдың ішінде жаңа 40 мың орын ашылды. Оның 31 мыңы жекеменшік. Нәтижесінде 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 93%-ға жетті», — деді министр.

Ерлан Сағадиев «Балапан» бағдарламасы бойынша жалпы орын саны халықтың сұранысынан асып кеткенін айтты.

«Бірақ жалпы республика бойынша дисбаланс сақталып отыр. Ол аймақтардағы жұмыс деңгейі мен миграцияға байланысты. Ірі қалаларда, әсіресе, Алматы мен Астанада жетіспеушілік бар. Ендігі маңызды жұмыс — балабақшаға кезекке тұру және жолдама беруді толығымен электрондық форматқа ауыстыру. Сонда кезек жария түрде және тез жылжиды. Бұл жұмыс осы жылдың аяғына дейін барлық облыстарда аяқталуы тиіс», — деді ол.

Жергілікті бюджет қаржысы есебінен балабақшалардың жөндеу жұмыстарына 1 миллиард 300 миллион теңге қаражат көзделген. Министрдің айтуынша, әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, балабақшалар жаңа оқу жылына дайын.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрі мектеп мұғалімдері толтыруға міндетті 5 құжаттың тізімі бекітілгені туралы мәлімдеді:

«Жаңа оқу жылының қарсаңында мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге бағытталған шаралар қабылданды. Біріншіден, естеріңізде болса, былтырдан бері мұғалімдерді үй аралатудан алып тастадық. Мектептің рейтингі де алынды. Енді министрлік мұғалім жұмысын жеңілдету үшін өз тарапынан педагогтар толтыруға тиіс құжаттар тізбесін алғаш рет бекітті. Ол — тек бес құжат. Одан басқа мұғалімдерден ешқандай қағаз, құжат сұралмауы тиіс».

ДереккөзІnform.kz