Мектептер ҰБТ-ға дайындықтан босатылуы мүмкін

Ата-аналар мен педагогтардан түскен көп ұсыныс тамыз мәслихатында жан-жақты талқыланады.

ҰБТ
Фото: Іnform.kz

Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ведомствоға Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуді жетілдіру жөнінде көп ұсыныс түсетінін айтты.

“Жыл бойы ҚР Білім және ғылым министрлігіне педагогика жұртшылығынан, ата-аналардан ҰБТ мен кешенді тестілеу процестерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар түсті. Әсіресе, ҰБТ мен кешенді тестілеу бірдей функция атқаратындықтан осы екі тестілеуді біріктіру туралы айтылды”, – деді ол.

Министрдің айтуынша, ҰБТ жоғары оқу орындарына түсу емтиханы болғандықтан мектеп мұғалімдерін бұл тестілеуді ұйымдастырудан босату ұсынылып отыр.

“Оның үстіне, мектептер ҰБТ-ға дайындауға міндетті емес, олар балаларға мектеп бағдарламасын меңгеруге көмектесуі керек. Сондықтан сынақ тестілеуді мектепте өткізуден бас тартылады. Гранттарды оқыту тіліне тәуелсіз түрде тағайындау туралы да ұсыныс бар. Сонымен бірге басқа да ұсыныстар айтылды, олардың бәрі тамыз мәслихатында жан-жақты талқыланып, тиісті шаралар қабылданады”, – деді Ерлан Сағадиев.