Танымдық сапардың мақсаты — «Қазсушар» мекемесіне қарайтын нысандармен танысу. Мекеменің негізгі қызметі — гидротехникалық құрылыстарды және кешенді мақсаттағы суқоймаларды пайдалануды жүзеге асыру, сонымен қатар елді мекендерді және ауыл шаруашылығы алқаптарын су тасқынынан қорғау.

Журналистер мен блогерлер танымдық сапардың бірінші күні Көксу, Ескелді, Ақсу аудандарында, екінші күні Панфилов ауданында, ал үшінші күні Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарында болып,  су шаруашылығы нысандарымен танысып қайтты. Сапар барысында топ көп жайтты көзбен көріп, құлақпен естіді. Мысалы, Кеңес дәуірінде іргесі қаланған Көксу ауданындағы Көксу бөгеті мен Ескелді ауданындағы Асылбеков көшесінің каналы қазіргі уақытта тозығы жетіп тұр, ал Ақсу ауданындағы Қызылағаш суқоймасында бөгет қирағалы бері жөндеу дұрыс жүргізілмеген. Материалымызда бұл аудандардың жағдайына жеке тоқталып, тарқатып айтып береміз.

Көксу бас су бөгеті

Көксу бас су бөгеті пайдалануға 1963 жылы берілген. Кеңес Одағы кезінде бұл ауданда 24000 гектар жер суарылған. Ал қазіргі таңда суарылатын алқаптар бірнеше мың гектарға азайған. «Қазсушар» РМК Алматы филиалы директорының орынбасары Марат Әбдуәлидің айтуынша, Көксу бөгетінде суды шаруа қожалықтарына жіберу үшін арнайы техникалық құрылғылар жетіспейді. Бөгетпен барлығы 950-ге жуық шаруа қожалығы келісімшартқа отырған. «Қазсушар» мекемесі «Ислам даму банкінің» қолдауымен нысанның техникалық жағдайын жақсартып, суарылатын алқаптар көлемін тағы 1356 гектарға ұлғайтқалы отыр.

Көксу бөгеті
Көксу бөгеті. Фото: Қанат Молдахметұлы/Baribar.kz

Ескелді ауданының суару жүйелері

Сапарлаушы топ кезінде 21 Социалистік еңбек ерімен танымал болған Нұрмолда Алдабергенов ауылына соқты. Бұл ауыл Ескелді ауданында орналасқан.

Бұрын ауыл Шұбар деп аталған. Кейін екі мәрте Социалистік еңбек ері атанған қоғам қайраткері, Қазақстандағы колхоз құрылысын алғаш ұйымдастырушылардың бірі Нұрмолда Алдабергеновтің есімі берілді. Ауылда қант қызылшасын өсірумен танымал болған еңбек ерлеріне арнайы ескерткіш тұрғызылған. Қазіргі кезде ескерткіш қойылған аумақ «Батырлар» саябағы деп аталады. Ауылда ауыл шаруашылығында 50 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Саман Жұманов есімді ақсақал тұрады.

Алдабергенов ауылының 3556 гектар суармалы жері бар. Ал шаруа қожалықтарының әрқайсысына 100 гектардай жер тиесілі. Бүгінде ауыл тұрғындарының негізгі шаруашылығы — қант қызылшасы, бидай, соя, арпа мен жоңышқа. 

Бұл ауылда «Қазсушар» мекемесіне қарасты нысандардан Шаңырақ каналы бар. 2018 жылдың наурыз айынан бастап «Ислам даму банкінің» көмегімен каналға жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұған дейін нысанның күйі өте нашар болған. Биыл ауыл жігіттері су бойына бейберекет өскен ағаштарды кесіп, ретке келтірген. Канал түгел жөнделсе, шаруа қожалықтарының суармалы жерлері тағы 3400 гектарға ұлғаяды.

«Каналға жөндеу жасалмаған жылдары су өте төмен жылдамдықпен келетін. Осыған байланысты шаруа қожалықтары арасында дау жиі болып тұрды. Тіршіліктің қайнар көзі — су. Сол себепті су дәл уақытында жеткізіліп отыруы керек. Судың қадірін осы қиын кездері қатты түсіндік. Су болмаса, алатын өнім де дұрыс шықпайды. Осы уақытқа дейін өз бетімізше қимылдауға әрекет те жасадық, алайда техникалық жабдықтар өте қымбат болды. Мұны шаруа қожалықтарының қалтасы көтермеді. Шаруа болғаннан кейін кемшіліктер де болады. Қиыншылықтардан аман-есен өтіп кеттік. Енді басшылық бастаған жұмысын аяқсыз қалдырмай, соңына дейін жеткізсе деймін. Бастау, Қаратал каналдарын жөндеу жұмысы әлі басталған жоқ. Қазір сол жердің тұрғындары судың тапшылығын көріп жатыр. Осындай жағдайы қиын ауылдарға Үкімет қолдау көрсетіп отырса, жұмыс та алға басады. Себебі жерді игеріп, өнімге ие болып отыру оңай дүние емес», — деді Алдабергенов ауылдық округі әкімінің орынбасары Болат Әділбай.

Болат Әділбайұлы
Болат Әділбайұлы. Қанат Молдахметұлы/Baribar.kz

Алдабергенов ауылында соңғы екі жылда соя өнімінің көрсеткіші төмендеп кеткен. 2015 жылы бір гектар жерден 30 центнер соя өндіріп алатын. Ал 2017 жылы өнім 25 центнерге әрең жеткен. Биыл алынатын өнім көлемі барлығы суарылуына байланысты. Сояның орнына соңғы екі жылда ауылда қылша мол өнім беріп отыр. Осы уақытқа дейін шаруа қожалықтары қылша егуді тоқтатып қойған екен. 2017 жылы қылша 150 гектар жерге егілсе, осы жылы 420 гектарға егілген.

Шаруа қожалықтарының бірінің басшысы Сейітнұр Жұмановтың айтуынша, Асылбеков көшесіндегі канал жарты ғасырдан астам уақыт бойы ескірген және тазаланбағанына бірнеше жыл болған. Осының салдарынан шетті суарған су жолға шығып, адамдардың жүріп-тұруы үшін қолайсыздық туып отыр. «Ислам даму банкінің» қолдауымен каналдың 70%-ы ғана тазаланған.

«Көшеміздің жағдайы мәз емес. Бізде қатар-қатар орналасқан үш шет бар. Осының арасындағы тоғаннан кішкентай бала еңбектеп өтіп кетеді. Жол нашар. Егер осы жылы біздің каналды тазалап бермесе, ауылдың жартысын қайыр басып қалады. Үш шеттен аққан су жиналып ауылға келеді. Жолмен жүрген «Вазиктің» өзіне су кіріп кетеді. Ауылда мектепке баратын жас балалар бар. Ертең сабақ басталады. Қазіргі заманда балаларымызды резеңке етікпен мектепке апару өте ұят«, — деді СЕЙІТНҰР жҰМАНОВ.

Қазіргі Қызылағаш қандай күйде?

Қызылағаштың қазіргі жағдайын білу үшін журналистер Ақсу ауданына бет алды. Қызылағаш өзеніндегі суқойма Қызылағаш ауылынан 12 шақырымда орналасқан.

Осыдан сегіз жыл бұрын Қызылағашта қайғылы жағдай болды. 2010 жылы 12 наурызға қараған түні Қызылағаш суқоймасындағы бөгеті жарылып, ауылды су шайып кетті, шамамен 40 адам қаза болды. Бұл ауылда 3,5 мыңға жуық адам тұратын еді. Олардың басым көпшілігі – сырт елден келген қазақтар. Бейнеті көп бейқам ауылдың тірлігі бір мезгілде шайылып кетті. Биіктігі бес метрден асатын суық су бар баспананы бұзып, астан-кестенін шығарды. Мал да, адам да сумен ағып кетті.

Жөндеу жұмысы қызу жүргізіліп жатыр. Дегенмен қарапайым халықтың көңілінде әлі де мұң бар. Себебі, Қызылағаш бөгетін қалпына келтіру араға 6 жыл салып басталыпты. Бұл жұмысқа тұрғындардың көңілі толмай отыр.

Қызылағаш суқоймасы бөгет бұзылғанға дейін оның қалыпты толтыру көлемі 42 миллион текше метр, пайдалы көлемі 36,3 миллион текше метр болды. Инженер-гидрологтардың айтуынша, алдағы уақытта суқойманың сыйымдылығы арттырылып, оны бақылау күшейеді.

Қызылағаш ауылында шаруашылыққа арналған 6000 гектар жер бар. Егер суқоймадағы жұмыс бітсе, 3000 гектар жерді игеру керек болады. Қазіргі кезде су қоры өте аз, су я егістіктердің біріне, я мал шаруашылығына жетпейді. Жөндеу жұмысы аяқталғанымен, тоспаға су толтыру үшін әлі 2-3 жыл қажет болады екен. Соя алқаптары алты айда үш рет суарылып отыру керек, ал қазіргі уақытта егістіктегі соя бір рет қана суарылған. Соя жылына бір рет өнім береді. Алатын өнім аз болса да бала-шағаны асырап, халық жан бағу үшін астық егеді. Шаруа қожалығы иелерінің бірі Әтейбек Құрманқажының айтуынша, суқоймадағы жөндеу жұмысы екі жылда аяқталады. Жөндеу жұмысының әлі бірнеше жылға созылатын түрі бар деп қынжылып отыр.

«Бөгеттің құрылыс жұмысын ауданнан не облыстан тексеріп, қадағалап отырған ешкім жоқ. Жаңадан салынып жатқан бөгеттің жақын арада бітетін түрі жоқ. Ол салынып болғанымен арнасына суды толтыру үшін екі жыл қажет. Ауыл тұрғындары қанша қиыншылық болса да, ақырын-ақырын тірліктерін істеп отыр. Алған өніміміз шығынын көтере алмайды. Мысалы, менің 60 гектар шаруа қожалығым бар. Бірақ 30 гектар жерді әрең суарып отырмын. Бір рет те су ішпеген астықтарымыз да бар. Егер су болмаса қурайды, үміт аз. Осы жақын арада Қызылағашта жаңбыр жауды. Мына соя сол жаңбырдың арқасында көтеріліп тұр. Екі жыл күтпей-ақ тоспаны салып берсе, көктемдегі тасқынмен суды толтырып алуға болады. Тоспаның ағып кеткеніне сегіз жыл болды. Содан бері кешкен күніміз осы. Құрылыс бітіп қалар деп, үмітіміз де үзілді. Басшылық тезірек суқоймасын салып беріп, Қызылағаш халқының мұңын шешсе екен. Себебі, қиыншылықтың барлығы осы суқоймаға келіп тіреледі», — дейді Әтейбек Құрманқажы.

Жоспар бойынша суқоймадағы жаңа бөгеттің құрылысы 2018 жылдың соңында аяқталып, 2019 жылдың сәуір айында пайдалануға берілуі керек.

Турдың екінші күні журналистер мен блогерлер Панфилов өндірістік учаскесінің су шаруашылығы нысандарымен танысты. Бұл өндірістік учаскеге Өсек, Тышқан, Бұрақожыр өзендеріг және Қорғас өзеніндегі біріккен «Достық» торабы қарайды. «Қазсушар» мекемесінің Панфилов ауданының бөлімшесінің директоры Тоқтарбай Кәрібайдың айтуынша, гидротораптар Кеңес дәуірінде салынған, бірақ жақсы жұмыс істеп тұр.

Тоқтарбай Кәрібай
Тоқтарбай Кәрібай. Фото: Қанат Молдахметұлы/Baribar.kz

«Өзімнің негізгі мамандығымның суға қатысы жоқ. Бірақ осы сала бойынша қызмет атқарып жүргеніме бірнеше жыл болды. Гидротораптардағы жабдықтар ХХ ғасырдІКІ. Бірақ ескі деп қол қусырып отыра бермейміз ғой. Үкіметтен осы уақытқа дейін артық қаржы сұраған емеспін. Қандай да бір құрылғы істен шықса, барлығымыз жұмылып істейміз. Ауылымызда су тапшылығы болып көрмепті және халықтан да жаман пікір естімегенмін. Суды теңдей етіп бөліп береміз. Шаруа қожалықтарына суды бөлетін арнайы маман бар», — дейді Тоқтарбай Кәрібай.

Бартоғай суқоймасындағы «Титаник»

Бартоғай суқоймасы Еңбекшіқазақ ауданында, Шілік өзенінің таудан шыға беріс аңғарында, Асысаға ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 10 шақырымда орналасқан.

Бартоғай бөгені 1986 жылы пайдалануға берілген. Мұнда 320 миллион текше метр су жиналады. Ал жалпы сыйымдылығы — 870 миллион текше метр. Бөген 10 жылда өз құрылысына кеткен шығынды толығымен ақтаған. Бартоғайдың суымен 150 мың гектар жер суарылады. Суқоймаға Түрген, Есік, Қаскелең өзендері құйылса, Үлкен Алматы өзені Бартоғай суқоймасынан бастау алады. Ал маусым айынан бастап, қыркүйек айына дейінгі аралықта суқоймасынан секундына 100 текше метр су жіберіледі. Бұл кезде 100 метрден асатын ерекше үлкен фонтанды көруге болады. Бұл фонтандар тауды тесіп салынған 3 метрлік тоннельдің қысымы салдарынан туады.

Суқойма жаңа техникалық құралдармен жабдықталған. Алайда суды ауылдарға жіберуде қиындық туып отыр. Келетін су жылдамдығы төмен. Дегенмен шаруа қожалықтары бұл мәселені алдағы бірлесіп шешкелі отыр.

Бартоғай суқоймасындағы диспетчерлік бөлімді жергілікті жұрт «Титаник» деп атайды. Диспетчерлік бөлім орналасқан нысан әйгілі кемеге ұқсайды.

Сонымен қатар судың төменгі ағыс жылдамдығын анықтайтын көпір бар. Оны «Шайтанкөпір» деп те атайды екен. Бұл көпір журналистер мен блогерлерге ерекше әсер етті.

Су шаруашылығы саласының мамандары бұл суқоймаларды медиа өкілдеріне көрсете отырып, ондаған жыл бойы тозып тұрған маңызды нысандар жайына назар аударғысы келді. Сонымен бірге қаржылай қолдаушы құрылымдардың көмегімен жөнделіп жатқан су жүйелерін және суармалы жерлердің реконструкциясын көпшілікке жария етуді мақсат етті.