Басты бетЖаңалықтарӘсет Исекешев...

Әсет Исекешев Назарбаевқа Астанада 2 миллион адамға жағдай жасау туралы айтты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президентіне бұған дейінгі берілген тапсырмалардың орындалу барысы және елорда құрылысының перспективалық жоспары жөнінде баяндалды.

Кеңеске Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Астана әкімі Әсет Исекешев, Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун және Астананың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтыбай Тайталиев қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев қала құрылысын жүргізу барысында қазіргі инфрақұрылым мен коммуникациялардың мүмкіндіктерін ескеру маңызды екенін айтты.

Әсет Исекешев Нұрсұлтан Назарбаевқа елорда құрылысының бесжылдық жоспары мен жаңа нысандар салу перспективалары жөнінде мәлімдеді.

«Жоспар аясында 5 құрылыс аймағы қарастырылған. 2023 жылға дейін 9,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 500 мың адамға арналған 156 мың пәтер беріледі. 2027 жылға дейін 800 мың адамға арналған 16 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Осылайша, Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, қаламызда 2 миллион адамның тұруына жағдай жасалады», – деді Астана әкімі.

Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Астананы одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.