Жұмыссыз қазақстандықтар кезекке тұрып, әлеуметтік төлем алуына болады

Бұрын жұмысынан айырылған адам әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін алдымен жұмыссыз азамат ретінде тіркеліп, есепке тұруға Жұмыспен қамту орталығына баратын, содан кейін ғана әлеуметтік төлем алуға ЗТМО-ға немесе ХҚКО-ға баратын.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы – ЗТМО директорының орынбасары Серікхан Сабыржановтың айтуынша, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру нәтижесінде қағаз жүзіндегі құжат айналымы толығымен жойылды.

«Енді өтінішті қабылдау кезінде жеке куәлік пен қаржыны аудару үшін банк шоты ғана талап етіледі. Қалған мәліметтердің бәрі жеке тұлғалардың мемлекеттік мәліметтер базасынан электрондық үкімет шлюзі арқылы және еңбек нарығы базасынан алынады» — дейді С.Сабыржанов.

Айта кетсек, жұмысын жоғалтқан жағдайдағы әлеуметтік төлемді 4 айға дейін алуға болады. Егер адам қысқартылса, жұмыс орны таратылса немесе өндіріс көлемінің азайюына байланысты жұмыстан шыққан жағдайда, әлеуметтік төлем 6 айға дейін тағайындалуы мүмкін.

Жыл басынан бері есепке қоюға және әлеуметтік төлем тағайындауға барлығы 2 720 жұмыссыз өтініш берді.

ДереккөзBnews.kz