Басты бетЖаңалықтарНазарбаев СҚО...

Назарбаев СҚО басшысына мал шаруашылығын дамытуды тапсырды

Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, «Тайынша Май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы кәсіпорынның цехын аралап көріп, майлы дақылдарды өңдеудің және тазартылған майды өндірудің технологиялық процесімен танысты.

«Сіздердің инвестицияларыңыз қайта өңдеу ісіне алғаш рет тартылып отыр. Бұл Қазақстанның аграрлық кешеніне қосылған маңызды үлес болып саналады. Мұнда өндірілген бүкіл өнім сыртқы нарыққа шығарылып, еліміздің экспорт көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және табыс табуға септігін тигізеді. Осының бәрі өте маңызды», – деді Қазақстан Президенті.

Кәсіпорынды аралап көргеннен кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан өлкесінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысының еліміздегі топырағы ең құнарлы әрі ауыл шаруашылығына қолайлы екеніне және аграрлық салаға дәстүрлі түрде маманданғанына тоқталып, Қазақстан астығының төрттен бірі осы өлкеге тиесілі деп атап көрсетті.

«Ауыл шаруашылығы әлеуеті әлі де тиісті дәрежеде пайдаланылып отырған жоқ. Осыған орай облыс егіншілері, сөзсіз, жер өңдеу, астық өндіру ісінде жоғары деңгейдегі мамандар болып саналады. Дегенмен мал шаруашылығы салаларын дамытумен де айналысу керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі Қазақстан-Ресей XV өңіраралық форумын өткізуге дайындық барысы жөнінде мәлімдеді.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығына ғылыми жетістіктер мен цифрландыруды енгізу, шекаралас өңірлермен ынтымақтастықты жандандыру, өнеркәсіп өндірісі мен туризм саласын одан әрі дамыту және өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығын арттыру арқылы аймақтың аграрлық әлеуетін кеңейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

«Бес әлеуметтік бастама осы мәселелерді шешуге септігін тигізу қажет. Оның жергілікті деңгейде сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.