ҚР Үкіметінің қаулысымен Сәбит Нұрлыбай ҚР Энергетика вице-министрі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің ресми сайты хабарлады.
Сәбит Нұрлыбай Қазақ политехникалық институтын, А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған. Мамандығы — инженер-механик, заңгер.
Еңбек жолын 1991 жылы бастаған. Әр жылдары мемлекеттік органдардың құрылымында, оның ішінде ҚР Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінде, ҚР Өнеркәсіп және сауда министрлігінде, ҚР Парламентінің іс басқармасында және коммерциялық кәсіпорындарда жұмыс істеген.
1998–2004 жылдары ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінде, Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде, ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетте қызмет етті.
2004–2009 жылдары Астана қаласы тұрғын үй департаментінің директоры лауазымын атқарды, білім және ғылым министрінің кеңесшісі, әкімшілік қамтамасыз ету департаментінің директоры, ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппарат басшысы, «ҚазТрансГаз» АҚ аппарат басшысы, бас директордың кеңесшісі ретінде қызмет атқарды.
2009–2017 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары болып еңбек етті.
2017–2018 жылдары — ҚР Энергетика министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы болды.
2018 жылдың наурыз айынан бастап ҚР энергетика министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.
Бұған дейін Энергетика вице-министрі лауазымын Ғани Сәдібеков атқарды, ол ҚР Үкіметінің 2018 жылдың 10 тамызындағы қаулысымен қызметінен босатылды.
ҚР Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2018 жылдың наурызында Ғани Сәдібековтің ұсталғанын хабарлаған еді. Маусым айында Энергетика министрінің екінші орынбасары — Бақытжан Жақсалиевке қатысты қылмыстық іс қозғалғалы белгілі болды.