Бесінші Каспий саммиті аяқталған соң Нұрсұлтан Назарбаев, Ильхам Әлиев, Хасан Рухани, Владимир Путин және Гурбангулы Бердімұхамедов Ақтаудың теңіз жағалауы арқылы өтетін жаңа нысан – «Жартас жолын» аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Жартас жолында» петроглифтер бейнелеген, мұнда жаяу жүргіншілерге арналған орындар, теңіз көрінісін тамашалауға арналған алаңдар мен табиғи үңгір бар.
Мемлекеттер басшылары бірлесіп, қолдан өсірілген 500 бас ақсерке балығын теңізге жіберді. Президенттер шығыс ертегілерінің желісіндегі театрландырылған би қойылымын да тамашалады.
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Кездесуде ол Гейдар Әлиевтің кезінде басталған Каспийдің құқықтық мәртебесін реттеу үдерісі бүгінде тиісті конвенцияға қол қою арқылы өзінің логикалық мәресіне жеткенін атап өтті. Қазақстан Президенті саммиттен бір күн бұрын өңірдегі барлық ел, соның ішінде Әзірбайжан үшін жаңа көлік-логистикалық мүмкіндіктер беретін елеулі оқиға – Құрық порты мультимодальды хабының ашылғанын айтты.
Ильхам Әлиев биылғы мамыр айында көлік легі интеграциясын толық қамтамасыз ететін Аляк портының ашылғанын атап өтіп, екі елдің транзит мүмкіндігін пайдаланудың саяси және экономикалық тиімділігіне тоқталды.
Ал Назарбаевтың Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесуінде тараптар осы айдың соңында Түрікменстанда өтетін Арал теңізі проблемаларына арналған отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Бүгін Ақтау саммиті басталмас бұрын Қазақстан басшысы Иран президенті Хасан Руханимен де кездескен еді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иран Каспий теңізі аймағындағы жақын көрші екенін және 2016 жылғы өзара сапарлар екіжақты байланыстарға тың серпін бергенін айтты.
Хасан Рухани Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға келуге мүмкіндік туғызғаны және Иран делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, халықаралық жиындарда Қазақстанның үнемі Иранды қолдайтынын және ядролық қару тақырыбы жөніндегі халықаралық уағдаластықты тұрақты түрде сақтайтынын атап өтті.