ҚР Ұлттық банкі теңге бағамын реттеуге бағытталған интервенциялар жүргізуге дайын. Бұл туралы қаржы регуляторының баспасөз қызметі хабарлады.
«2018 жылғы 9 тамызда теңге бағамы өткен күнмен салыстырғанда 1 АҚШ
доллары үшін 354,06 теңге деңгейіне дейін немесе 1,6%-ға әлсіреді. Бұл Ресейге қатысты санкцияларды қатаңдату тәуекелдерінің күшеюі және мұнай бағасының төмендеуі аясында рубльдің құнсыздануының салдары болды», — делінген хабарламада.
Ұлттық банк Ресей рубліне қатысты бұған дейін мәлім болған жайтты растады. Ресей рублі АҚШ долларына қатысты бір күнде 4,2%-ға (63,6-дан 66,3-ке дейін) және еуроға қатысты 4,1%-ға (73,8-ден 76,8-ге дейін) әлсіреді. АҚШ сенаторларының Ресейге қарсы санкциялары жайындағы жаңа заң жобасы туралы ақпарат рубльдің әлсіреуіне себеп болды, ол заң жобасы Ресей Федерациясының мемлекеттік борышын қаржыландыруға және Ресейдің бірқатар жетекші банкінің мүлкімен мәмілелерге шектеу салуды көздейді. Заң жобасы қабылданған жағдайда ол 2018 жылғы 22 тамызда күшіне енуі мүмкін.
Ұлттық банктің ресми мәлімдеуінше, Ресей рубліне қатысты ахуалға, негізінен, саяси факторлар себеп және ол нарыққа қатысушылардың болжамдарына негізделеді. Американың мұнай өнімдеріне Қытайдың баж салықтарын енгізуі мүмкін туралы ақпарат аясында Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 72 долларға дейін төмендеді.
«Қазіргі уақытта бағамның белгіленуі Ұлттық банктің қатысуынсыз жүріп жатыр. Ұлттық банк валюта нарығындағы ахуалға үнемі мониторинг жүргізіп отыр және қажет болған жағдайда теңге бағамының елеулі және тұрақсыздық тудыратын қысқамерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған өктемдіктерді жүзеге асыруға дайын», — деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бүгін — 9 тамыз күні Қазақстандағы айырбас пункттерінде доллар құны 355 теңгеге жеткен еді. Сарапшылар рубльдің құлдырауына АҚШ-тың антиресейлік санкциялар туралы заң жобасының дүдәмалдығы себеп деген пікірде.