Таңдандырған статистика

Халықаралық Euromonitor компаниясының мәліметінше, елімізде әр адам жылына орташа есеппен 2,5 келі балмұздақ жейді. Қазақстандық балмұздақ өндіруші компаниялар бұл өте аз көрсеткіш деп отыр. Себебі өзге ел тұрғындары бұл жағынан бізді басып озады. Салыстырар болсақ, Ресейде әр адам жылына 2,85 келі балмұздақ тұтынса, АҚШ-тың әр тұрғыны мұндай өнімнің 17,5 келісін жейді.

Қазақстан жазы ыстық елдер қатарына жатады. Балмұздақтың көп желінетін маусымы да — жаз. Жергілікті нарықтың төрттен бірін қамтып отырған қазақстандық балмұздақ өндіруші компаниялардың бірінің қожайыны Андрей Шиннің айтуынша, климаттың бұл ерекшелігінің өзі балмұздақ тұтыну деңгейін арттыра алмай отыр. 

Әр адам үшін бір жылда ғана емес, үш айдың ішінде де 2,5 келі балмұздақ жеу тым аз, — дейді Андрей Шин. 

Андрей Шиннің айтуынша, сырт көзге балмұздаққа негізінен балалар ғана құмартатын сияқты көрінеді, дегенмен статистика басқаша. Біздің елде балмұздақты 40-тан асқан ересектер мен баласы бар әйелдер көп жейтін болып шықты.

Әр балмұздақтың өз тұтынушысы бар

Балмұздақты көбі тәтті десерт түрінде жеп үйренген. Ал негізінде әр елде оның түрлі дәмін татып көруге болады. Мысалы, балық, теңіз өнімдері, бұрыш, сарымсақ, саңырауқұлақ, ірімшік, шошқа еті, балдыркөк және томат татитын балмұздақтар бар. Сонымен қатар балмұздақтың тұздалған және майға қуырылған түрлері де кездеседі. Алайда ең көп тұтынылатыны — әдеттегідей ваниль, кілегей, шоколад және жеміс-жидек татитын балмұздақтар.

Әдетте балмұздақ құрғақ сүттен немесе пальма майынан дайындалады. Бірақ Андрей Шин өз балмұздақтарына пальма майын қоспайтынын айтты.

100 грамм кілегейлі балмұздақта 200 калория, жемісті мұзда 100 калория болады. Ал диеталық балмұздақ 100 калориядан тұрады. Балмұздақ — тәтті десерт, сондықтан артық салмақ қосуға себеп болады. Егер сымбатыңыздың бұзылмауын қадағалаймын десеңіз, жемісті мұзды таңдаңыз. Оның құрамында сүт те, май да болмайды.

Сонымен қатар қант жеуге тыйым салынатын балалар үшін құрамына қант алмастырушы қоспа қосылған балмұздақ түрлері де шығарылады. Мәселен, құрамында лактоза қосылған балмұздақтың қант қосылған балмұздаққа қарағанда зияны аз. Бірақ қантсыз балмұздақ жегіңіз келсе, оны үйде дайындағаныңыз дұрыс. Кез келген балмұздаққа сүт, май, қант және түрлі дәмдеуіш пен хошиістендіргіштер қосылады.

Балмұздаққа қатысты бес дерек

  • Әлемдегі ең қымбат балмұздақ АҚШ-та өндіріледі. «Алтын» деп аталатын бұл балмұздақ кәдімгі жеуге болатын алтынмен және сирек кездесетін жидектермен, карамельмен бірге беріледі. Бағасы — 1000 доллар. Жеп көргендер бұл балмұздақтың адам айтқысыз тіл үйірер дәмді екенін айтады.
  • 2002 жылы Чили сатушысы көшеде балмұздақ сатқаны үшін  ұсталды. Оның балмұздағы адамдарды масайратып жіберген. Дүңгіршекке адамдар ағылып келе бастаған. Себебі сатушы балмұздаққа кокаин қосып сатыпты және өз тауарына адамдарды тәуелді еткен.
  • 2011 жылы Гиннесстің рекордтар кітабына Канаданың Dairy Queen компаниясының Торонто алаңдарының біріне орнатқан балмұздақ торты енді. Оның салмағы 10 тоннадан асады. Тортты дайындау үшін 9 тонна балмұздақ, 90 келі піспенан және 136 келі шоколад қажет болған.
  • ЛОР-дәрігерлер балалар ауырып қалған сәтте оларға балмұздақ жегізуге кеңес береді. Балмұздақ тамақтағы іріңді тазалап, созылмалы тонзиллит пен фарингиттің өршуіне қарсы күреседі.
  • 2018 жылдың наурыз айында Қазақстанда тұңғыш рет балмұздақтан өте көп адам уланып қалды. Шымкенттегі сауда орындарының бірінен балмұздақ сатып алған 188 адам ауруханаға түсті. Санитарлық ережелер мен гигиеналық талаптардың бұзылуы бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!