Ауыр жарақаттан кейін де спорттан алыстай алмадым
Каратеде ұстазды «сэнсэй» деп атайды. Nazdojo карате мектебіндегі сэнсэйдің аты-жөні — Назерке Батырбекова. Оған ауыр жарақатына байланысты кейбір жаттығуларды жасауға болмайды. Сэнсэй өмірлік жарын да спортта жүріп кездестіріпті.
Назерке Батырбекова: Карате бойынша арнайы білімім бар. Алғашқы жатттықтырушым — бірнеше жарыстың жүлдегері, Бакуде өткен чемпионаттың алтын медалінің иегері Меруерт Хакімқызы. 12 жастан бастап каратемен айналысамын. Каратемен айналысқаныма 8 жыл болды. Спорттың бұл түрін таңдауыма ағам себеп болды. Ол кісі БДФ таэквандодан Азия чемпионатында II орын алған. Алғашында ағам үйде жаттықтыратын. Спортқа деген сүйіспеншілігімді сол кісі оятты. Отбасымның тарапынан спортпен айналысуыма ешқандай қарсылық болмады. Керісінше, спорттағы әрбір қадамыма қолдау білдірді. Қазіргі жеткен жетістіктерім сол кісілердің қолдауларының арқасы деп білемін.
Карате – қарусыз қорғанудың бір түрі. Жапон тілінен аударғанда «қарусыз қол» деген мағына береді. Спорттық жекпе-жектің бұл түрі қарсыластың осал тұсына қолмен және аяқпен соққы беруге үйретеді. Каратеде адамның дене дайындығымен қатар әдіс-айласы, спортшының бойындағы рухы да сыналады.
Карате Рюкю архипелагындағы Окинава аралында 15 ғасырда пайда болған. Сол кездегі князь Се Хайси қару ұстауға рұқсат бермеген. Ал жергілікті халық сырт жаудан қорғану мақсатында каратені өмірге әкелген. Ол кезде Окинава Жапониямен емес, Қытаймен көбірек байланыста болған. Сөйтіп, карате Қытайдың кунг-фу қарусыз күрес түрімен қатар дамыған.
Каратені ең мықты спорт түріне жатқызуға болады. Күнделікті тұрмыста да пайдасы көп. Тәжірибеде қолданып көргенмін. Каратеші болсаң, қалада кез келген уақытта жалғыз өзің қорықпай жүре аласың. Боксшыға арнайы қолғап керек, семсерлесу спортын меңгерсең қару-жарақ керек. Ал каратемен айналысу үшін аяқ-қолың сау болса болды. Кез келген жерде кез келген адаммен төбелесе бересің.
Жұбайымды осы спорт саласында жүргенде жолықтырдым. Қазір ол да — каратеден жаттықтырушы. Алғашында тхэквондомен айналысқан, кейіннен дзюдомен айналысып, соңында осы каратеге тоқтады. Менің жаттықтырушым болды. Осылайша отбасын құрдық.
Спорт болған соң түрлі жағдайға тап болуың мүмкін. Оған алдын ала дайын болу керек. Каратемен айналысып жүргенде талай жарақат алдым. Спорттан тыс кезде құлап қалып, көп уақыт емханада жаттым. Дәрігерлер спортпен айналысуға болмайтынын айтты. Сол кезде қатты өкіндім. Бұл мен үшін аш адамға «тамақ ішпе» дегенмен тең. Уақыт өте келе организм қалпына келе бастаған соң спортқа оралдым. Кейбір ауыр жаттығуларды орындауға болмайды. Сонда да спорттан бас тарта алмаймын. Тым болмаса білгенімді қазақ қыздарына үйретсем деген ниетпен қызмет етіп жүрмін.
Ең кішкентай шәкіртім жеті жаста. Негізі баланы бес жасынан бастап каратеге үйретуге болады. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Балаларды да, жастарды да, ересектерді де дайындаймыз. Өзім қыздарды жаттықтырамын. Мұсылман қыздарды өзін-өзі қорғауға үйреткім келеді. Бізде орамал тағатындар көп. Олар спортпен айналысайын десе, көп жерде жағдай жасалмаған, мүмкіндік жоқ. Біз ер адамдардан бөлек жаттығамыз. Орамалмен жаттығуға рұқсат береміз, бұл, керісінше, ыңғайлы.
Каратеде күрес те, бокс та бар
Мейіржан Қыпшақ: Менің аты-жөнім – Мейіржан Қыпшақ. Жасым жетіде. Биыл 1-сыныпты бітірдім. Каратеге қатысқаныма төрт ай болды. Ұл балалар көбінесе бокс, күрес сияқты спорт түрлеріне қызығады ғой. Ал каратеде күрес те, бокс та бар. Бірақ ұрыс тәсілдері бокстікінен өзгеше. Сэнсей жаттығу кезінде өте қатал. Тапсырмаларды дұрыс орындамасаң ұрсады. Кейде ұрады. Бірақ мен оған еш ренжімеймін. Есесіне болашақта мықты карате шебері болып шығамын деп ойлаймын. Өскенде тәртіп сақшысы болғым келеді. Полицей болу үшін адам жақсы төбелесе білу керек. Сондықтан қазірден бастап каратеге қатысып, дайындалып жүрмін. Кейін қылмыскерлермен төбелесу үшін каратедегі тәсілдерді қолданатын шығармын.
Төбелесе алмайтын жігіттерге ашуым келеді
Томирис Бейсембекова: Алматы менеджмент және сервис колледжінде шаштараз мамандығында оқимын. Карате мектебіне келгеніме екі ай болды. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде гимнастикаға, 5-сыныптан бастап тхэквондоға қатыстым. Қазір каратемен айналысып жүрмін. Күнделікті өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Жаттығу болатын күндерді асыға күтемін. Бірақ осы күнге дейін төбелестің бұл түрін өмірде қолданып көрмеппін. Алайда спортпен айналысқан соң барлық жерде барлық уақытта өз-өзіме сенімді болып жүремін. Кейбір жігіттер табиғатынан қорқақ келеді ғой. Ондайлардың талайын көрдік. Қыз баласын қорғап, көшеде оған қорған болмақ түгілі, өз басын қорғай алмайтын, ақсаусақ, әлсіз жігіттерді көргенде ашуым келеді. Қазір ата-аналар ер балаларды еркелетіп өсіреді ғой. Шаңырақтың иесі, әулетіміздің жалғасы деп. Мүмкін жігіттер соған еркелеп алған шығар. Бірақ олардың нағыз ер жігіт болғанын қалаймын.
Жігіттерден жеңіліп көрмедік
Махаббат Есенбекова: №83 мектепте оқимын. 4-сыныпты бітірдім. Алғашында анам каратеге қатысу туралы ұсыныс айтты. Карате – ең біріншіден, қорғаныс. Екіншіден, денсаулық. Алғашында карате маған қорқынышты спорт болып көрінетін. Қыздар бір-бірін ұрып, теуіп жатқанын көргенде қатыспай-ақ қашып кетсем бе екен деп ойлағанмын. Қыздарға көркем гимнастика, би сияқты спорт түрлері көбірек жарасады деп ойлайтынмын. Алайда каратенің пайдасы көбірек екенін енді ғана түсіндім.
Аруна Әбдіқали: №152 мектепте оқимын. Қазір жүзуге де қатысып жүрмін. Мектепте ұлдар менен қорқады. Ойнап болсын төбелессек, оларды жеңіп кетемін. Жарыста да, өмірде де жігіттерден жеңіліп көрмеппін.
Махаббат екеуміз туысқанбыз. Кішкентай ініміз бар. Ол да каратеге қатысады. Жездеміз Берік Мамырбаев — каратеден жаттықтырушы. Қазір мен ақ белбеудің иегерімін. Арманым – байқауларда бақ сынап, қара белбеу алу.