Алматы облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Хан Тәңірі» медиаэкспедициясы аяқталды.
Экспедицияға қазақстандық актерлар Әнуар Нұрпейісов пен Айсұлу Әзімбаева, фотограф Александр Кузнецов және Жетісу география қауымдастығының басшысы Әнуар Демегенов қатысқан еді. Олар тау шыңына шығуға бірнеше апта бойы талпынды.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Әнуар Нұрпейісов экспедицияның оңай болмағанын айтты. Шыңды бағындыру барысында бірнеше рет басын қатерге тігіпті.
«Хан Тәңірін мен ешқашан ұмытпаймын. Себебі, бұл сапарды басқаларымен салыстыруға мүлде келмейді. «Таудан тек тау ғана күшті» деген сөзді мен толығымен растаймын. Өз басым 5500 метрлік биіктікті ғана бағындыра алдым. Ары қарай мүмкіндік болмады. Алдыңғы брифингте ол жақта аман қалу мүмкіндігі мүлдем аз екенін айтқан едім. Тауда шамамның қаншалықты екенін сонда білдім. Таудан екі рет құлап кете жаздадым. Ол шынымен қорқынышты болды. Мұндай кезде жаныңдағы серіктеріңнің сені құтқару үшін барын салатынын көрдім. Бірге барған жолсеріктерімнің әрқайсысына ризамын. Біздің бастамамызды құп көріп, демеулік еткен Алматы облысына алғысым шексіз. Келген соң өмірді біршама бағалай бастағанымды байқадым. Қазіргі күні мен өмірімді «Хан Тәңірі» экспедициясына дейін және кейін деп екіге бөлетін жағдайға жеттім», — деді Нұрпейісов.
Ал актриса Айсұлу Әзімбаева 6000 метрлік биіктікке дейін көтерілген.
«Өзімді дәл мұндай биіктікке көтерілем деп ойламаппын. Шыңнан бізді тек 1000 метр ғана бөліп тұрды. Дегенмен мен өзіме ол жаққа қайтып келемін деп уәде бердім. Күні кеше ғана келсем де, Хан Тәңірі шыңын сағынып отырмын. Мені таңдандырған бір жайт – әлемнің ең биік шыңдарының бірі біздің тұрғылықты жерімізден бір күндік қана қашықтықта. Бұл шыңды бағындыру үшін жақсы, мұқтят дайындық керек. Тау туризмі елімізде ақырын дамып келеді. Ол жақта біз қазақстандықтармен қатар шетел азаматтарын да көп жолықтырдық. Сапар барысында күлкіге қарық қылған да, жылағымыз келген де ситуациялар болды. Мұның бәрі менің есімде мәңгі қалады», — деді Айсұлу Әзімбаева.
Әнуар Демегеновтің айтуынша, «Хан Тәңірі» экспедициясы салауатты өмір салты мен «Жетісу» брендін және Алматы облысы дамытып отырған тау туризмін наисхаттауды мақсат етті.
Хан Тәңірі — әлемдегі бағындырылуы ең қиын шыңдардың бірі. Биіктігі — 6995 метр. Бүгінде оған шығу үшін 25 маршрут жасалған.
Еске сала кетсек, экспедиция 16 шілдеде басталған еді. Хан Тәңірі шыңына шығатын экспедиция мүшелері соңғы жарты жыл бойы дайындалды. Алдағы уақытта осы сапар жайында толықметражды фильм жасалады.