Жергілікті билік сәулет ескерткіштері қатарына қосқалы отырған ғимараттардың бірі – Қазақ технология және бизнес университеті. Шевченко және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан бұл ғимарат 1938-39 жылдары салынған. Үш қабатты ғимарат классикалық стильде безендірілген.
Қазақ-британ техникалық университетінің ғимараты да бұл санатқа кіреді. Бұрынғы Жоғарғы кеңестің ғимараты Төле би көшесінің бойында орналасқан. Нысанның құрылысы 1938 жылы басталып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысына байланысты тоқтап қалды. Тек 1951 жылы құрылыс қайта жалғасып, 1957 жылы ғимарат толық салынып бітті. Бес қабатты сәулет өнері жобасының авторы — «Моспроект». Жобаны сәулетші Борис Рубененко бақылап отырды. Оқу орнының алды бұрын Ленин атындағы алаң болса, кейін Астана алаңы болып аталды.
Ерекше стильде салынған нысандардың қатарында «Хабар» аенттігінің ғимараты да бар. Аппарат студиясы кешені – отандық телевизия тарихында хабар тарату орталығы болып құрылған алғашқы нысандардың бірі. «Сосулька» аталып кеткен бұл ғимараттың кескінін отандық сәулетшілер жобалаған. Агенттік ғимараты 1938 жылы салынды. Студия Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан.
Алматы әкімдігі Жолдасбеков атындағы студенттер сарайын да қаланың мәдени ғимараттар қатарына қосқалы отыр. Ғимарат 1998 жылдан бастап салынған. Студенттер сарайы мәдени-ойын-сауық бағытындағы нысандар арасында үлкендігі жағынан Республика сарайынан кейінгі екінші орында. Ғимарат Тимирязев көшесінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағында орналасқан.
Тұңғыш Президент атындағы саябақтың салтанат қақпасы және ондағы монументтер де Алматының тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі саналып отыр. Дендросаябақтың жалпы ауданы – 73 гектар. Құрылыс 2001 жылы басталған. Саябақ 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда қала тұрғындары серуендеп, спортпен шұғылданады. Тұңғыш Президент саябағы Науаи көшесі мен Әл-Фараби даңғылының қиылысында орналасқан.
Қаланың мәдени мұраларының қатарына 2016 жылы ашылған «Алматы Арена» мұз сарайы да енгелі отыр. Жаңа ғимарат Алғабас ықшамауданында орналасқан және 2017 жылы өткен Қысқы Универсиаданың ең үлкен спорт нысаны болды. Мұз сарайы мәнерлеп сырғанауға арналған 12 000 орындық бас аренадан және керлингке арналған 475 орындық кіші аренадан тұрады. Нысан волейбол, баскетбол, мини-футбол тағы да басқа ойындар алаңы ретінде өзгертуге келетін етіп жобаланған.
Бұрынғы Түрксіб ауруханасының ғимараты да қаланың тарихи-мәдени ескерткіштері қатарына қосылмақшы. Ғимарат 1950 жылдары сәулетші Михаил Кудрявцевтің жобасымен салынған. Өткен дәуірдің бірегей сәулет туындысы Абай даңғылында.
Қала әкімі Бауыржан Байбек «Сайран» автобекетін де тарихи ескерткіштер қатарына енгізуге тапсырма берді. Қазір автовокзалдың көлік логистикасын толық қайта жасау және оның айналасын субұрқақтармен, дәмханалармен, жасыл желектермен және балалар алаңдарымен қоса түгел абаттандыру жоспарланған. Жөндеу аяқталған соң автобекет тарихи ескерткіштердің ресми тізіміне алынады. Ғимарат 1983 жылы салынған.
ҚР «Тарихи-мәдени мұралар обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы бойынша нысанға тарихи, мәдени немесе сәулет ескерткіші мәртебесін беру үшін ол алдын ала жасалған есеп тізіміне енгізіледі. Нысанның мәртебесі туралы нақты шешім қабылданғанға дейін осы заңға сәйкес ол тарихи-мәдени мұралар ескерткіштерімен бірдей қорғалады. Мұндай ғимаратты пайдаланушыға оның сыртын, ішін қайта жаңартуға, конструкцияларын алуға, қосалқы құрылыс салуға және айналасын өзгертуге тыйым салынады. Ғимараттың ішін жөндеу немесе қайта жасау үшін өкілетті органның келісімі қажет.
Ақпарат құралдарының мәліметінше, қазір Алматыда 100-ден аса нысан тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген. 31 ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған.