25 балл алған грант иегері: вице-министр түсініктеме берді

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов 25 балл алып, грантқа ие болғандар туралы айтты.

«25 балмен грантқа өткендерге тоқталсақ, кейбіреулері колледжді бітіргеннен кейін оқуға түсуге құжат тапсырады. Бұл ретте қысқа мерзімге 3 жыл оқитындар жатады. Мысалы, мектепті тәмамдаған түлектер ҰБТ тапсырғанда жоғары балл 140 болса, ең төменгі шекті балл 50-ге тең. Ал колледжден кейінгі түлектер тек 70 сұраққа жауап береді, яғни екі пәнді ғана таңдайды. Сәйкесінше, оларда шекті балл 25-ке тең. Биыл «Атамекеннің» және колледждердің ұсынысымен біраз грант санын колледжден кейінгі түлектерге бердік. Бірақ колледжден кейінгі гранттарға көп сұраныс болған жоқ, сондықтан осы мамандықтар бойынша олар шекті балды ала тұрып, грантты иеленіп жатты. Көбіне олар техникалық мамандықтарға тиесілі. Колледж бітіргеннен кейін 3 жыл оқиды», — деді вице-министр.

Сонымен қатар ол гранттарды бөлген кезде елімізде тиісті квоталар қарастырылғанын еске салды. Олар — ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, Қазақстанның азаматы емес ұлты қазақ адамдар үшін және ауыл жастарына қарастырылған квоталар бар.

Еске салайық, бүгін, 6 тамызда мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсының нәтижесі жарияланып, 25 және 26 балл алған шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің грант иегері атанғаны белгілі болды.

ДереккөзInform.kz