Басты бетЖаңалықтарТеңге біршама...

Теңге біршама нығая түсті. Ұлттық банк не дейді?

KASE-дегі таңғы сессия қорытындысы бойынша бір доллардың құны 349,81 теңге болды. 2 тамыз күнгі күндізгі сату қорытындысы бойынша теңге бағамы долларына 350 теңге деңгейінен 349,84 теңге деңгейіне нығайған еді.

Теңгенің долларға қатысты бағамының ең төменгі шегі 349,40 болды, ал ең жоғарғы баға 350,50 деңгейінде белгіленді. Kurs.kz мәліметінше, айырбас пункттерінде 1 доллар құны — 349,7-350,2 теңге аралығында.

2 тамыз күні 1 доллар құны еліміздің айырбас пункттерінде 350 теңге шамасына жеткенін хабарлаған едік.

ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі теңгенің не себепті әлсірегені туралы хабарлама таратты.

«Теңге бағамының ұзақ мерзімді үрдісіне іргелі факторлар әсер етеді, оларға
негізінен мұнай бағасы, негізгі сауда әріптес елдері валюталарының бағамдары, сондай-ақ төлем балансының жай-күйі, инфляция деңгейі, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі, әлемдік пайыздық мөлшерлемелер жатады. Соңғы уақытта Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) монетарлық саясатының қатаңдауы аясында портфельдік инвестициялардың әкетілуіне байланысты көптеген дамушы нарықтың ұлттық валюталарының әлсіреуі байқалады, бұл тұрғыдан Қазақстан да тыс қалған жоқ. Сонымен бірге бағалардың нарықтық конъюнктурасы және
экономика өсуінің оң қарқындары теңгеге қолдау көрсетті және қалған факторлардың
әлсіреуші әсерін жұмсартты, бұл теңге бағамының АҚШ долларына қатысты
салыстырмалы түрде алғанда шамалы әлсіреуінен байқалды», — делінген хабарламада.

ҚР Ұлттық банкі қазіргі еркін айырбас бағамы саясаты экономикада
дисбаланстың жинақталуын болдырмауға және долларсыздандыруға мүмкіндік береді деп есептейді.