Басты бетЖаңалықтарСот Сайрагүл...

Сот Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанда қалдыру туралы үкім шығарды

Алматы облысы Панфилов аудандық соты Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыптап, алты ай мерзімге бас бостандығынан шартты түрде айыру туралы үкім шығарды. Оған елден шығарып жіберу қосымша шарасы қолданылмады. Айыпталушының жазаны жеңілдететін ерекше жағдайлары бары ескерілді.

Судья Динара Құйқабаева Сайрагүл Сауытбайға жаза тағайындауда Қазақстан қол қойған БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі халықаралық конвенциясы басшылыққа алынғанын және Сауытбайдың этникалық қазақ екені әрі Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бары ерекше жағдай ретінде ескерілгенін айтты.

Бүгін түске дейін өткен соттың жарыссөз кезеңінде прокурор Арзыгүл Имярова бірнеше себепке байланысты айыпталушыға Қазақстаннан шығару жазасын қолданбауды сұраған еді. Ол себептер: Сауытбайдың балалары – Қазақстан азаматы, заң оның балаларымен кездесуін қамтамасыз етуі керек. Оның үстіне, айыпталушы қылмысын мойындап отыр.

Сот тергеуі кезінде Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтқан. Өзіне Қытайда саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жолы қалмағанын да мәлімдеген еді. Ол Қытайда өзін өлім жазасы күтіп тұрғанын, Қазақстанда кез келген жазаға келісетінін жеткізген болатын.

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Сләм биыл мамырда әйелін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері «Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті» деген айыппен ұстағанын хабарлаған.

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Сләм мен екі баласы Қазақстан азаматтығын алған. Ерлі-зайыпты Уәли Сләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келмек болған.

ДереккөзAzattyq.kz