Қырғызстанда тауда құлаған тас астында қалған қазақстандықтар Алматыға жеткізілді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин хабарлады.
Оның мәліметінше, қырғызстандық «Ақсай Трэвел» сақтандыру компаниясы 23 шілде күні Ресейдің төрт азаматының және Қазақстанның төрт азаматының шыңға көтерілуін тіркеуге алған. Скрябин мұздығына жеті адам ғана көтерілген. Оның үшеуі — ресейлік, төртеуі — Қазақстан азаматы.
«Тікұшақ қайтыс болған адамның денесі мен зардап шеккендерді алып келді. «Манас» әуежайына қонғаннан кейін тергеу шаралары мен Қырғыз Республикасы аумағында зардап шеккендер арасында сауалнама жүргізілді», — деді Ильин.
Зардап шеккендер мінген тікұшақ Алматыға сағат 13.30-да қонған. Мәйіт Алматы қаласы ішкі істер департаменті қызметкерлеріне берілді.
«Дәрігерлер зардап шеккендердің денсаулығын тексерді, олардың өміріне еш нәрсе қауіп төндіріп тұрған жоқ. СОНДЫҚТАН ҚҰТҚАРУ ОПЕРАЦИЯСЫ АЯҚТАЛДЫ ДЕП ЕСЕПКЕ АЛУҒА БОЛАДЫ», — ДЕДІ ВИЦЕ-МИНИСТР.
Республикалық шұғыл құтқару жасағы мамандары мінген “Қазәуеқұтқару” тікұшағы Қырғызстанға 31 шілде күні таңертең аттанды. Теңіз деңгейінен 4100 метр биіктікте құтқару жұмысы жүргізілді. Құтқарушылар қазақстандық үш азаматпен бірге Ресейдің үш азаматын да Алматыға жеткізді.
Юрий Ильиннің айтуынша, төтенше оқиғаға ауа температурасының құбылуы немесе сол аудандағы жуырдағы жер сілкінісі салдарынан тастақты жыныстың сырғуы себеп болуы мүмкін. Еске салайық, 30 шілде күні Қырғызстан аумағында таудан тас құлап, қазақстандық төрт адамның зардап шеккені туралы хабар тараған еді. Олардың бірі – Алматының 1976 жылы туған тұрғыны қайтыс болды. Тағы бір адам ауыр халде.