Қазақстандықтар қанша елге визасыз бара алады?

Қазақстандықтар 19 елге визасыз бара алады. ҚР Сыртқы істер министрлігі ұлттық жалпыазаматтық төлқұжат иелерін виза талаптарынан босату жөнінде 20 мемлекетпен екіжақты келісімге қол қойған. Олардың біреуімен — Кубамен арадағы келісім әзірше күшіне ене қойған жоқ.

Екіжақты келісім жасалған мемлекеттер тізімі:

Мемлекеттер Визасыз жүру мерзімі
1 Әзірбайжан 30 тәулікке дейін
2 Аргентина 30 тәулікке дейін
3 Армения 90 тәулікке дейін
4 Беларусь 90 тәулікке дейін
5 Бразилия 30 тәулікке дейін
6 Гонконг 14 тәулікке дейін
7 Грузия 90 тәулікке дейін
8 Оңтүстік Корея 30 тәулікке дейін
9 Куба 30 тәулікке дейін (келісім күшіне ене қойған жоқ)
10 Қырғыз Республикасы 90 тәулікке дейін
11 Молдова 90 тәулікке дейін
12 Моңғолия 90 тәулікке дейін
13 Ресей 90 тәулікке дейін
14 Тәжікстан 30 тәулікке дейін
15 Өзбекстан 30 тәулікке дейін
16 Украина 90 тәулікке дейін
17 Сербия 30 тәулікке дейін
18 Түркия 30 тәулікке дейін
19 Эквадор 30 тәулікке дейін
20 БАӘ 30 тәулікке дейін

 

Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі өз құзыреті шеңберінде тұрақты негізде елдің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыру және Қазақстан Республикасының визалық режимін қауіпсіз түрде ырықтандыру жөнінде жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 45 елдің азаматы Қазақстанда күнтізбелік 30 күн мерзіміне дейін визасыз жүруге құқылы. Бұл елдерге Австралия, Австрия, Бельгия, Болгария, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Грекия, Дания, Израиль, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Канада, Кипр, Корея, Латвия, Литва, Люксембург, Малайзия, Мальта, Мексика, Монако, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, БАӘ, Польша, Португалия, Румыния, Сингапур, Словакия, Словения, АҚШ, Түркия, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Чили, Швейцария, Швеция, Эстония, Жапония кіреді.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың қаңтарында Қазақстан визасыз баруға болатын мемлекеттердің әлемдік рейтингінде 65-орынға көтерілген еді.

ДереккөзInform.kz