Ешқашан ешкімге еліктеме. Өз стиліңді сонда ғана табуың мүмкін. Оны таппай сен өзіңді журналиспін деп айтуға әлі ерте.
Көзіңе көрінгенді оқи беру – талғамыңа балта шабатын бірден-бір фактор. Аз оқысаң да, саз оқы. Рухани азық жетіспеушілігінен өлген адамның моласын көрген жоқпын. Талғам қалыптаспаса, тұщымды дүние жазамын деп иегің қышымай-ақ қойсын.
Байқампаздық қасиетті барынша бойыңа сіңіріп үйрен. Шөмеледегі инені табу қиын. Сен алдымен түймені табуға машықтан.
Өзегіңді өртеп бара жатқан тақырыпты да өркениетті жазуға тырыс. Эмоция мен фантазия ешқашан опа бермейді.
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігімен» жұмыс істе. Бұл шаруамен өлгенше айналысу керек. Өйткені бай тілдің бірінші сөзінен соңғы сөзіне дейін біліп болу әсте мүмкін емес.
Құрмалас сөйлем жазу үшін ең алдымен аралас құрмалас сөйлемнің не екенін біліп ал. Аралас құрмалас сөйлемді жазу үшін сабақтас құрмалас сөйлемнің не екенін біліп ал. Сабақтас құрмалас сөйлемді жазу үшін ыңғайлас құрмалас сөйлемнің не екенін біліп ал! Тілдің теориясы, тарихы мен тәжірибесін білмей тұрып, мақала жазу – әдеби қылмыс.
Жұрт көп жолай бермейтін тақырыптарды жазуға машықтан. Жауыр болған тақырыпты кім болса, сол жаза алады.
Қазіргі заманға лайық сөз саптауды үйрен. «Биттің қабығындай» дегеннен гөрі «папирустай жұқа» деп жазсаң, оқырманның есінде көбірек қаласың.
Жылтыр сөзге көп жолай берме. Одан да бір абзацта бір ой айтуға тырысып бақ. Өйткені, сенің басты міндетің – адамдарды ойлануға үйрету. Өзің ойсыз болсаң, оқырманым болады деу – көрсоқырлық.