Мүфтият Денис Тенге жасалған қанішерлікті қатаң айыптады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматыда көрнекті мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, жас дарын Денис Тенді өлтіргендердің әрекетін қатаң айыптады. Мүфтият бұл жантүршігерлік оқиғаны «қаныпезер қарақшылық пен қан төгу» деп бағалады.

«Денис Тен біздің еліміздің мақтанышы, бетке ұстар спорт шебері болатын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Денистің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айта отырып, болған оқиғаға сабыр тілейміз, қайғысына ортақпыз. Бұл оқиға – қанішерлік іс әрі жабайылықтың, қарақшылықтың көрінісі. Ислам діні қарақшылықпен айналысып адам қанын төгуді айыптайды және бір де бір адамды жазықсыз өлтіруге жол бермейді. Тіпті, сол арқылы күллі адамзатты құтқару қажет болса да. Сондықтан да бір адамның қанын төгу барша адамзатты өлтіргенмен тең», — деп мәлімдеді мүфтияттың ресми сайты.

Діни басқарманың мәліметінше, Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде қантөгушілікті айыптай отырып: «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады», – дейді. («әл-Мәида» сүресі, 32-аят)

«Сонымен қатар имам Мүслім, Насаи және Тирмизи секілді ғалымдардың хадистер жинағында Алла елшісінің «Алла үшін бір адамды өлімге бұйыруға қарағанда бүкіл әлемді жоқ ету әлде қайда жеңіл» деген сөзі келтіріледі», — делінген мәлімдемеде.

Мүфтияттың мәлімдеуінше, Алланың құзырында әрбір адам баласының қадір-қасиеті бар. «Міне, Жаратушының алдында қадірі бар адамның қанын төккені үшін қылмыскерлер заң бойынша қатаң түрде жазалануы қажет», — дейді діни басқарма өкілдері.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығы Құранда қарақшылық пен бұзақылық үшін және Алла Тағаланың өзі құрметке бөлеген адамның жазықсыз өлімі үшін кінәлі пендеге бұл дүниеде қорлық, ал о дүниеде жан төзгісіз азап жазасы берілетіні айтылғанын еске салады.

25 жастағы даңқты мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 19 шілде күні Алматыда көлік айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің қолынан қаза тапты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәнерлеп сырғанаушының туыстарына оны өлтіргендердің тиісті жазасын алатынына сенім білдірді.