Қазақстанның көлік жолдарында және елді мекен көшелерінде жиі болатын заңсыздықтарға көбіне жүргіншілердің асығыстығы, жолды қысқартуға тырысуы және салғырттығы себеп.
Назарларыңызға жолда жүрудің ең жиі бұзылатын ережелерінің рейтингін ұсынамыз. Рейтинг қазақстандықтар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде жасалды.
-
Маневр жасау ережесін бұзу
Сауалнамаға қатысқандардың 78%-ы осы ереженің жиі бұзылатынын айтқан. Көлік иелері көбіне қозғалыс кезінде дұрыс бұрылмайды, дұрыс тоқтамайды, басқа да қауіпті маневр жасайды.
2. Жылдамдықты асыру
Респонденттердің 71%-ы жылдамдық режимін сақтамау ең көп кездесетін заңсыздықтың бірі деп санайды. 2018 жылы дәл мұндай себеппен салынатын айыппұл көлемі азайған. Сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін асырып жүрген көлік иесіне 5 АЕК, сағатына 20-дан 40 шақырымға дейін асырғанға 10 АЕК, сағатына 40 шақырымнан асырған жүргізушіге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл ережені қайталап бұзған жағдайда 30 АЕК көлемінде айыппұл төлеу қажет.
3. Жаяулардың жол ережесін ескермеуі
Ең жиі бұзылатын жол ережелерінің үштігіне жаяулардың көлік жолын рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуі кіріп отыр (67%). Белгіленген жер алыс болса, оған дейін баруға ерініп, жолдың өзі ыңғайлы санаған тұсынан жүгіріп өтуге тырысқан жаяулардың көбі жол-көлік оқиғасына себеп болып жатады, әдетте мұндай жағдайда адамды қағып кеткен көлік жүргізушісі де жауапқа тартылады.
4. Көлік жүргізушілерінің қозғалыс кезінде ұялы телефонмен сөйлесуі
Сауалнамаға қатысушылардың 56%-ы жол-көлік оқиғаларына көбіне осы заңсыздық себеп деп есептейді. Көп зерттеу рульде отырып, телефонмен сөйлесудің аса қауіпті екенін дәлелдеген. Жүргізушінің сағатына 50 шақырым жылдамдықпен келе жатып, бірнеше секундқа алаңдауы жол апатына ұрындыруы мүмкін.
5. Көлікті рұқсат етілмеген жерге қою
Респонденттердің 53%-ының пікірінше, көліктің кез келген жерге қойылуы — ең жиі кездесетін заңбұзушылық. Мұндай ережені бұзған жүргізушіге 75 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бірақ автокөлік иелері бұл талапты сақтай бермейді.
6. Қауіпсіздік белдігін тағынбау
Қауіпсіздік белдігін полицияның көзіне түсу мүмкін жағдайда ғана тағатындар бар. Қазақстандықтардың 23%-ы бұл ережеге көлік жүргізушілерінің қауіпсіздік талабы деп қарамайтынын айтып отыр.
7. Қарама-қарсы жолаққа шығу
Көше-жолдарда сақталуы тиіс ең негізгі ережелердің бірі — белгіленген қозғалыс бағытымен ғана жүру. Дегенмен оны да жүргізушілердің бәрі бірдей ескермейді. Сауалнамаға қатысқандың 19%-ы солай дейді. Қарама-қарсы бағытқа шығып кетудің соңы жол-көлік оқиғасына ұласады.