— Дархан Жұмақанұлы, қазір — талапкерлердің оқуға құжат тапсырып жатқан кезі. Көпшілігінің қандай жоғары оқу орнын, қандай мамандықты таңдарын білмей, «мемлекеттік грантқа ілінсем болды» деген ниетте жүргені жасырын емес. Талапкерлерге белгілі бір жүйе керек сияқты. Болашағының қандай болатынын елестете алмай жүрген талапкерлердің көптігі Қазақстандағы білім, маман, кадр жүйесіне қалай әсер етеді?

—  Алдымен тарихқа шегініс жасайық. Кеңес Одағы кезінде жоғары оқу орындары мен оқытылатын мамандықтарға бөлінетін грант саны нақты болатын. Ол кезде оқу жүйесі қазіргіден қиын. Грантқа түссең ғана оқи аласың.

2000 жылдары еліміздің білім беру жүйесінде Ұлттық бірыңғай тестілеу пайда болды. Осы кезден бастап, жүйе біршама өзгерді. Жаңа жүйе бойынша төрт мамандық, төрт түрлі оқу орнын таңдауға болады. Осының арқасында шетелдік жақсы принцип жүзеге асты. Ол — ұтып алған грант студенттің артынан ереді деген принцип. Қазір талапкер кез келген жерде білім сынынан өтіп, кез келген оқу орнын таңдай алады. Демек оқуға түсу ықтималдығы жоғары. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» жаңа нарықта сұранысқа ие мамандарды дайындау туралы айтылады. Биыл Нұрсұлтан Назарбаев қосымша грант бөлуге тапсырма берді.

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты мұның да зиян тұстары бар. Ол өзіңіз айтып отырған мемлекеттік грант жеңіп алсам болды деген көзқарас. Бұл — стратегияның жоқтығы. Қазақтың бәрі жақсы өмір сүруге құштар. Беделді оқу орнында элита мамандықты меңгергісі келеді. Алайда экономикаға нақты қандай маман қажет екенін білмейді. Талапкердің төрт жылдан кейінгі өмірін болжап білмейді.

Қазір барлық нәрсе жалпылама сипат алып барады. Өзіңіз оқыған журналистиканың өзі салалық журналистика емес жалпы журналистика. Сол сияқты жоғары оқу орындары да барлық саланы қамтуға құштар. Әр нәрсенің басын бір шалғаннан сапалы дүние шықпайды. Жаңа нәрседе базалық білім де болмайды. Ертеректе Қазақ ұлттық университетінде жаратылыстану және гуманитарлық мамандықтар, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде педагогикалық мамандықтар, Қазақ ұлттық техникалық университетінде таза инженер мамандар жақсы оқытылатын. Соңғы 20 жылда аталған жоғары оқу орындарының барлығы мамандықтар санын көбейтіп, көпсалалы университет боламыз деген шешімге келді. Жаңа мамандықтарды методикамен, қажетті құрылғылармен, білікті мамандармен, базамен қамтамасыз ететін дүниелер әлі жасалмады.

Биыл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алғаш рет сараптама нәтижесін дайындады. Онда қай жоғары оқу орны қандай саладағы мамандарды дайындап шығарғаны туралы рейтинг жарияланды. Мысалы ақпараттық технологиялар мамандығы еліміздің барлық ЖОО-да бар. Бірақ қай жерде база бар, қай оқу орны осы салаға мамандандырылған, соны таңдау керек.

Дархан Ахмед-Заки, UIB Президенті
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Оқуды бітірген соң мен қандай маман боламын, қандай қызмет атқарамын, қандай құзіреттілігім болады деп ойлану керек. Университеттің міндеті — нарықтағы сұранысқа сай маман дайындау. Мысалы кәсіпорынға 40 түрлі құзіретке ие маман керек. Оның қатарында ақпараттық технологиядан хабары болуы, өндірісте тәжірибесінің болуы, тіл білуі, т.б. бар. Ал жоғары оқу орны оның 25-30-ын ғана бере алады. Қалғанын маман кәсіби ортада үйренуі керек. Сондықтан, оқу орны кәсіпорынмен байланыста болғаны жақсы. «Саған төрт жылдан кейін қандай маман керек?» деген сұраққа кейде кәсіпорынның өзі жауап бере алмайды.

 — Шетелде оқып келген студенттер Қазақстандағы білім жүйесіне көңілі толмайтынын жиі айтады. Елдегі білім жүйесі мен шетелдегі білім беруде қандай айырмашылықтар бар?

— Білім берудің басты мақсаты — теорияны түсіндіріп, жаттап алу емес, критикалық талдауға үйрету. Қазақ жастары осыны үйреніп келе жатыр. Бұл — қуантарлық жағдай. Қазақстандағы оқу орындарында базалық білім бар. Жаһандану заманында студенттер бәрінің жылдам болғанын қалайды. Шетелден келген үрдіске осы жағынан еретіні анық. Елдегі терең теориялық білімнің жақсы маман дайындауда рөлі зор. Химия болсын, билогоия мен физика болсын, іргетасы берік қаланған. Іргетасы мықты ғимарат ғасырлар бойы сақталады.

Әлемдік деңгейде дәріс беретін супер ұстаз әлі өмірге келген жоқ. Ұстаз — тек нұсқаушы, бағыттаушы. Қазір интернет қолжетімді. Қажет ақпараттың бәрі сонда. Тіл білсең, әлемдік деңгейдегі оқу орындарының бағдарламасын шетелге бармай-ақ меңгере беруге болады. Біз қазір әлемдік стандарттарға сәйкес білім беруге тырысып жатырмыз. Себебі бакалавр — базалық білім. Ал магистратура мен докторантураны шетелде оқыған кезде жүйеде айтарлықтай айырмашылық болмағаны абзал.

Нарықта «болашақтықтар» сұранысқа ие. Олар тек осы артықшылығы үшін маңызға ие. Шетел көрген студенттер қоғамға, қызметке басқаша көзқараспен қарайды. Сонда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келмегендер қайтпек? Шетелге шығу, шетелде оқу әркімнің қолынан келеді. Өз елімізде де қазір шетелдік жүйе қалыптасып келе жатыр. Білім беру саласында ғана емес, барлық жерде.

«Тіл білу керек» деп ұрандағалы көп болды. Тіл білу не үшін керек? Әлемдік тәжірибе мен білімді түпнұсқасында алу үшін. Ғылыми жаңалықтар мен оқиғалар қазақ тілінде, орыс тілінде қолжетімсіз. Ағылшын тілі арқылы әлемдік стандартқа сай жаңалықты түсініп, заманнан қалмай, өз өндірісімізде пайдалану үшін тіл білу керек. «Рухани жаңғыру» жобасының аясында 17 оқулық ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударылды.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» да жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл бастама жастарға еркіндік берумен қатар үлкен жауапкершілік жүктейді. Бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіру шін жастар бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол үшін жастар білікті маман болып қана қоймай, өмірге, қоғамға өзгеріс енгізе алатындай деңгейде болуы керек.

Дархан Ахмед-Заки, UIB Президенті
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

 — «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасында жаңа мамандықтар дайындау туралы айтылады. Жоғары оқу орындары жаңа мамандықтарды меңгертуге дайын ба? Оны оқу бағдарламасына енгізу ұзақ әрі күрделі процесс. Түрлі курстар мен білім беру орталықтары олқылықтың орнын толтыруға тырысып бағуда. Бұл үрдіс қоғам үшін қаншалықты пайдалы?

— Бізге де, сізге де шынайы білім керек. Білім беру саласына үстірт қарауға болмайды. Расымен, жаңа мамандық шығатын болса, оны оқыту бағдарламасын дайындап, зерттеп, оқу орнына енгізу үшін кем дегенде бес жыл уақыт кетеді. Ол бес жылдың ішінде жаңа мамандыққа деген сұраныс та, ол мамандықтың маңыздылығы да төмендейді. Егер университет бір жылдың ішінде шешім қабылдап, оқыту бағдарламасын жедел дайындаса, сұраныс ескіріп үлгермейтін еді. Шаруа мұнымен біткен жоқ. Әлем күн сайын даму үстінде. Білім де, жаңалық та жылдам ескіреді. Егер алғашында дайындаған оқыту бағдарламасы аз уақыттың ішінде ескіріп кетсе, жаңасын жасауға дайын болу керек.

Білім формал және формал емес деп бөлінеді. Формал білім — базалық білім. Ал сіз айтып отырған түрлі курстар мен сертификат беретін орталықтар — формал емес. Қоғамда бейформал білім алғандардың атқаратын өзіндік функциясы бар. Алайда кейбір бизнес курстардың ғұмыры қысқа. Сондықтан оны оқу орнының қабырғасына енгізудің қажеті жоқ. Сапалық тұрғыдан алып қарағанда, формалды емес білім беретін орталықтардың өзі сертификациядан өтуі керек.

 — Елімізде практик мамандар аз. Оған білім беру жүйесінің әсері бар сияқты. Жоғары оқу орнында дәріс беру үшін ұстаздың ғылыми дәрежесі маңызды ма? 

Дархан Ахмед-Заки, UIB Президенті
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

 — Бұрын жоғары оқу орнының беделі онда сабақ беретін профессорлармен есептелетін. Оқытушылар құрамының 70 пайызының ғылыми дәрежесі болуы керек деген шарт бар еді. Нарық пен заманға қарай қазір бұл көрсеткіш 30 пайызға азайған. Қалған бөлігінің магистратуралық білімі болса да жеткілікті. Басты талап — кәсіби ортадағы тәжірибесі.

Оқу орнында теорияға қарағанда практиканы көбірек беру керек дегенге келісемін. Сәйкесінше, оның құны да жоғары. Нағыз бизнес ортадан келген маманға қарапайым оқытушыға қарағанда, екі-үш есе көп қаражат төлеуге тура келеді. Қажеттіліктен.

Халықаралық бизнес университетінде ақылы бөлімде білім алатын студенттер мемлекеттік грантта оқитын студенттерге қарағанда көп ақша төлейтінін, соған сәйкес білім алғысы келетінін айтады. Біз бұл талапты орындауға міндеттіміз. Сондықтан бизнес ортада жүрген адамдарды қосымша жұмыс істеуге шақырамыз. Өзінің саласында табысты еңбек етіп жүрген адамды студенттерге дәріс беруге шақыру үшін жоғары баға қоймасаң болмайды.

Кейде шетелден арнайы маман шақыртамыз. Ол оқу бағдарламасынан бөлек, интенсив түрде белгілі бір уақыт аралығында сабақ береді. Жақсы университет болу үшін жақсы ұстаз керек, «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы». Қоғамдағы ең құнды нәрсе — білім. Сондықтан білімнің құны да жоғары.

 — Қазақстандықтар сіз айтқан құнды білімді алуға қаншалықты қауқарлы? Елдегі әлеуметтік жағдайдың мүмкіндік бермейтіні белгілі ғой. 

— Биыл Елбасының бастамасымен 20 мың қосымша грант бөлінді. Жалпы саны 54 мың грант болды. Мектеп бітірген талапкерлердің саны 100 мың болса, екінің бірі грантқа түседі деген сөз. Алайда гранттың көпшілігі инженер-техникалық бағытқа бөлінген. Гуманитарлық мамандықтарға бөлінген грант саны өзгеріссіз қалды. Осыны ескеру керек. Қоғамға қандай маман қажет, грант соған бөлінеді. Талапкерлер де соған қарай ыңғайлануы керек. Бұл гуманитар мамандар қажет емес деген сөз емес. Технократ мемлекет болып кетпейтініміз анық. Рухани құндылықтар да қажет. Бірақ күшіміздің көп бөлігін жаңа технологияға бөлген дұрыс.

Дархан Ахмед-Заки, UIB Президенті
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кеңес Одағы кезінде жоғары білім алу қиын болды. Себебі оларға жұмыс күші көбірек керек болды. Жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру — мемлекеттің басты міндеті. Қоғамда жоғары білімді адамдардың көп болуы мемлекеттің әлеуетіне әсер етеді. Қазақтар барын салса да баласын оқытатын халық. Осы тамаша ұстанымның арқасында адами капитал жоғарылап келеді. Жалпы сипатта алып қарасақ, Қазақстанда жоғары білім алу қолжетімді. Сол қолжетімділікті қолдана білу керек. Ал қалтаңыз көтеріп тұрса, басқа мамандықта оқи беріңіз.

 — «Өлмейтін мамандықтар» деп қай мамандықтарды айтуға болады?

 — Өз басым қазір мына үш мамандықты ғана меңгеруге кеңес беремін. Бірінші — маркетинг. Қазақстанда кенжелеп тұрған сала. Елімізде жақсы өнімдер көп. Оны сатудың дұрыс жолын білу үшін осы саланы дамыту керек. Екінші — ақпараттық технология. Біздің бүкіл тұрмысымыз, күнделікті іс-әрекетіміз ІТ саласымен тікелей байланысты. Үшіншісі — басқару. Қазір ақпарат та, сұраныс та, жүйе де көп. Оның бәрін бір орталықтандыру керек. Осы үш білімді балабақша да, мектеп те, ұстаз да бере алмайды. Үшеуінің даму қарқыны өте жоғары. Сондықтан үнемі сұранысқа ие. Осы үшеуі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші бола алады.

 — Қазақстан бәсекеге қабілетті ел болу үшін мемлекет, талапкер, ұстаз және мемлекет не істеуі керек?

— Мемлекет грант бөлуі керек. Грант бөлінді екен деп жоғары оқу орындарына сын таға бермеу керек. Мемлекет пен оқу орнының білікті маман дайындау үшін бірігіп, тізе қосып еңбек еткені керек. Ал ата-ана балаға дұрыс бағыт-бағдар бергені жөн. Қазір бір ғана саламен шектелетін заман емес. Баланы «нан табатын» маман болуға емес, жаңа идея, тың дүние жасайтын тұлға болуға тәрбиелеу керек. Талапкерлерге келетін болсақ, жауапкершілікті сезіне білу керек. Университеттегі үлкен академиялық ортада барлық талаптарды орындау керек. Тек оқу жүйесімен шектеліп қалмай, жан-жақты ізденісте болған талапкердің болашақта білікті маман болары анық. Мемлекет тарапынан, ата-ана мен ұстаздардың тарапынан жасалған жағдайды дұрыс пайдалана білу керек. Елдегі әрбір азамат өз мүддесі үшін жұмыс істесе, мемлекет дамымайды. Мемлекет мүддесі үшін қызмет етсе, ел де, білім жүйесі де, әлеуметтік жағдай да жақсара түседі.