Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы хабарлады.
Конституция күніне арналған біржолғы әлеуметтік көмек ең төменгі мөлшерде зейнетақы алушыларға тиесілі. Ал 1 қазандағы мерекеге арналған жәрдемақы ең аз мөлшерде зейнетақы алушылардан басқаларға да беріледі.
«Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қалалық мәслихаттың 2017 жылдың 12 желтоқсанындағы № 221/25-VI шешімімен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсету, көмек мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына» сәйкес, 30 тамызға (ҚР Конституциясы Күні) – зейнет жасындағылар арасындағы ең төменгі мөлшердегі зейнетақы алушыларға және 1 қазанға (қарттар Күні) – жасы бойынша зейнеткерлерге (ең аз мөлшерде зейнатақы алушылардан басқа) біржолғы әлеуметтік көмек беріледі», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар басқарма «Қазкоммерцбанк» (дербес және карта шоты), «Метробанк», «Банк центркредит» (дербес және карта шоты), «ФортеБанк», «Нұрбанк», «Банк РБК», «Тұрғын үй құрылыс жинақбанкі» сияқты банктермен қызмет көрсетуге келісімшарт жасалмағанын хабарлайды.
«Осыған байланысты біржолғы көмекпен қамтамасыз ету үшін ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛУШЫЛАРДАН басқарма жұмыс істейтін Астана қаласындағы «Халық Банкі» (дербес және карта шоты), «Цесна банк», «Қазпочта» (дербес және карта шоты), «Сбербанк» (дербес және карта шоты) сияқты екінші деңгейлі банктеріндегі жеке шоттарын беруді сұраймыз», — делінген хабарламада.
Толығырақ кеңес алу үшін Достық көшесі 13, мекенжайы бойынша Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Алматы», «Байқоңыр», «Сарыарқа», «Есіл» аудандары бойынша әлеуметтік жәрдемақы тағайындау бөліміне хабарласуға болады. Байланыс телефондары: 55-68-22, 55-68-40, 55-68-45, 55-68-34.