Қазақстанда ең көп сыналатын мамандардың көшін спорт комментаторлары бастап тұр. Қазақ комментаторларына қойылатын талап пен айтылатын сынға кісі баласы шыдай бермейді. Оның үстіне, елімізде бұл салада кәсіби маман тапшы.

Бір айға созылған әлем чемпионатында Есей Жеңісұлы, Дмитрий Нестеренко, Әділет Құсайынов, Сергей Райлян, Руслан Бақытжан, Абай Аймағамбетов, Жандос Смайылов, Дидар Қадыров, Тимур Сүлейменов, Ермұхаммед Мәулен, Ербол Қайыров, Дмитрий Мостовой, Есбол Қарағұл және Евгений Акманов сияқты қазақстандық спорт комментаторлары жұмыс істеді.

Спорт комментаторлары
Сурет Ерлан Қариннің Facebook-тегі парақшасынан алынды

Комментатор болу — маусымдық қызмет. Спорт комментаторлары басқа уақытта немен айналысады, матчқа қалай дайындалады,  олардың футболда фавориті кім, қазақша комментарий беруде қандай қиындықтар кездеседі, оларға ұйқысыз түндер мен қызу дайындық үшін қанша төлейді? Жауапты өздері айтсын.

Ермұхаммед Мәулен: Әлі аударылмаған терминдер көп

Спорт комментаторы Ермұхаммед Мәулен
Ермұхаммед Мәулен ©Footboom.kz

Комментаторлыққа 2010 жылы қыркүйекте келдім. Комментатор болу үшін арнайы кастингтен өттім. Негізгі мамандығым — филолог. Қазір «Егемен Қазақстан» газетінде спорт бөлімінің меңгерушісімін.

Спорт комментаторларын сынайтындар көп. Бізде халықаралық терминдерді аударуда, футболды қазақша сөйлетуде қиындық жетерлік. Футбол терминдері қазақшаға толық аударылып бітпеді. Кейбір сөздерді қолданысқа ыңғайлап өзіміз аударып аламыз, кейбірін филологтардан сұраймыз, әлі мүлде аударылмаған терминдер де бар.

Биыл мундиальда күтпеген оқиғалар көп болды

Спорт комментаторлары әдетте әлем чемпионатына бір ай қалғанда дайындықты бастап кетеді. Өзім бір ойынға бір күн бойы дайындаламын.

Әлем чемпионаты басқа елдерде өтетіндіктен уақыт белдеуі Қазақстанмен сәйкес келген емес. Бразилияда болғанда 9 сағат уақыт айырмашылығы болған. Биыл көрші Ресейде өткендіктен 3 сағат айырма болды. Комментаторлардың жұмысы түнде басталады. Сондықтан күндіз ұйықтап, түнде қызметімізге кірісеміз. Әр матчқа 8 мың теңге төленеді.

Биылғы әлем чемпионатында топтық кезеңнен бастап финалдық ойындарға дейін 20-ға жуық матч жүргіздім. Бұл мундиальда күтпеген оқиғалар көп болды. Мықты деген Германия құрамасы әлем чемпионатынан ұшып кетті. Болжам бойынша жеңіске жетеді деген алты фаворит плей-офф кезеңінен өте алмады.

Жанкүйерлерде нақты жүйе жоқ

Қазақстандықтардың спортқа, футболға деген қызығушылығы жоғары. Кеше ғана өткен финалдық ойынның өзінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі отандастарымыз жанкүйерліктің жоғары деңгейін көрсетіп жатты.

Бізде жанкүйер болуда белгілі бір жүйе қалыптаспаған. Кеңес заманын көргендер Ресейге, шетелде оқып келгендер сол мемлекеттің құрамасына, Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың, Мохамед Салахтың фанаттары өз ойыншысына ғана жанкүйер болады.

Спорт комментаторына жанкүйер болуға болмайды. Кейде адами факторлардың әсерінен Иран, Швеция құрамаларына бүйрегім бұрып кететіні бар. Әлем чемпионатында нақты ешқандай құрамаға жанкүйер емеспін. Қазақстан құрамасы алаңға шықса, отандастарыма болысар ма едім? Менің қазіргі жанкүйерлігім клубтық деңгейде ғана. Ал әлем чемпионатында барынша бейтарап болуға тырысамын.

Жандос Смайылов: Әлем чемпионаты үшін еңбек демалысын алдым

Жандос Байділда, спорт комментаторы
Жандос Смайылов ©Footboom.kz

Әлем чемпионатының ашылу салтанатынан бастап ІІІ орын үшін таласатын ойынға дейін жүргіздім. 2013 жылдан бастап «Қазспорт» телеарнасының комментаторы болдым. Қазір басқа қызметтемін. Демалыс күндері клубтық матчтарды жүргізіп тұрамын. Ал әлем чемпионаты кезінде қызметімнен еңбек демалысын алдым. Еңбек демалысын әдейі әлем чемпионаты болатын уақытқа ыңғайлап, алты ай бұрын өтініш жазып қойғанмын.

VAR жүйесі футболсүйер қауымға ұнай қоймады

Биылғы әлем чемпионаты ерекше болды. Төрешілердің бейнеқайталау, яғни VAR жүйесінің көмегімен алғашқы шешімін өзгерткен жағдайлар жиі кездесті. Пенальти әдеттегіден көп берілді. VAR жүйесі футболсүйер қауымға аса ұнай қоймағанын байқадық. Әділдік үшін VAR жүйесінің болғаны дұрыс-ақ. Алайда осы жүйені қолданғандықтан ойында кідіріс көп болып, матч уақыты ұзаққа созылып кетті.

Матчқа үнемі дайындалып жүру керек

«Көш жүре түзеледі». Алғашқыдағыдай емес, қазір футбол қазақша сөйлей бастады. Спорттың, оның ішінде футболдың аудиториясы үлкен. Жас та, кәрі де көреді. Сондықтан бәріне ортақ тілде сөйлеуге тырысу керек.

Спорт комментаторының қызметі маусымдық болғанымен, жақсы маман жыл он екі ай матч жүргізуге дайындалады. Спорт жаңалықтарын қалт жібермей, талқылап, жаттап жүру керек. Бір ай, бір күннің ішінде жүз бет ақпарат оқып алғаннан осы тәсіл тиімді.

Абай Аймағамбетов: Кастингтен 48 адамның ішінен жалғыз өттім

Спорт комментаторы Абай Аймағамбетов
Сурет Абай Аймағамбетовтің жеке архивінен алынды

2015 жылы қарашада Алматыда спорт комментаторларына арналған кастинг өтті. Маған дейін 47 адам тіркеліпті. 48-ші болып бағымды сынадым. Кастингте Геннадий Головкиннің жекпе-жегіне, «Қайраттың» ойынына комментарий жасадым. Бір айдан кейін хабарласып, кастингтен өткенімді хабарлады. 48 қатысушының ішінен өзім ғана өткенімді кейін білдім. 2016 жылы сәуірде комментаторлық қызметімді бастадым.

Алғаш жүргізген ойыным бильярд турнирі болды. Бұған дейін комментаторлық тек футболға немесе боксқа тән деп ойлайтынмын. Негізі кез келген спорт түрін өзің ойнағаннан қарағанда комментарий жасау қиынырақ.

Қазір «Айқын» газетінің тілшісімін. Қосымша сценарий жазумен айланысамын. Әлем чемпионатында комментатор болу үшін бір аптаға демалыс алып, Астанада 6 матч жүргізіп қайттым.

«Угловой», «боковой», «штрафной» дегендер қалай қазақшаланады?

Жасыратыны жоқ, футбол матчтарын былай қойғанда күнделікті қолданыстағы сөздер, іс қағаздары — бәрі орыс тіліне тәуелді. Футболдағы «угловой», «боковой», «штрафной» деген терминдерді «бұрыштама добы», «допты алаң жиегіне қосу», «айып алаңының сыртынан бағытталатын соққы» деп қазақшалап, қолданып жүрміз. Бірақ спортсүйер қауымға олардың орысша нұсқасы жақынырақ. Мұндай терминдер көп. Оларды қазақ тіліне сіңдіріп жіберу оңай шаруа емес.

Футболды қазақша сөйлетуде әр комментатор өз стиліне салады. Есей Жеңісұлы, Ермұхаммед Мәулен ағаларымыз қазақы әзіл-қалжыңмен ойынның тігісін жатқызып, тыңдарманға жақсы көңіл-күй мен эмоция сыйлайды. Бұл салада әлі жас маман болғандықтан үйренерім көп. Қазір ойынды тек ресми стильде жүргізгенді дұрыс көремін.

Еске сала кетейік, Ресейде өткен әлем чемпионатында Франция құрамасы жеңімпаз атанған болатын. 

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!