Қиялдан – реалға

Мен өз қызығушылығымды ұзақ іздедім. Оқыған мамандығым инженер-энергетик. Бірақ жұмыс істемеген жерім жоқ (күлді). National Business журналында, Яндексте, банк саласында,  Маңғыстау облысының  әкімшілігінде жұмыс істедім. Менің орным ұлттық компанияларда немесе мемлекеттік қызметте деп ойлайтынмын. Олай болмай шықты.

Бағлан Айдашов
© szh.kz

Былтыр Америкаға барып, Бостон қаласында 2 ай бойы ағылшын тілі  мен көшбасшылық шеберлік дәрістеріне қатыстым. Келген соң, өз кәсібімді ашып, өзімнің бизнесіммен айналысқым келді. Бұған дейін графикалық дизайнға тек қызығушылығым ретінде ғана қарайтынмын. Қазіргі арт-директорымыз Владимир Лукашовпен таныстырған да осы қызығушылық болды. Володя екеуіміз 2012 жылдан бері бірнеше жобаларды бірге ойластырып келеміз, бірге сурет салатынбыз. Мен Америкадан келгенде екеуіміз де жұмыссыз жүрдік. Сосын тәуекелге барып, өз компаниямызды ашпақ болдық.

Алғашқы капиталымыз  бір үлкен жоба болды. Біз оны Владимир екеуіміз бірге істедік. Одан тапқан  5 мың долларымызды  бірден бизнеске құйдық. Ол компьютерлер алу, кеңсе ашу сынды шығындарға кетті.

Бір қызығы, жобамыздың атын 4 жыл бұрын ойластырып қойғанбыз. Бірақ ол кезде IGRAPHIC жеке бір компания болады деп ойламадық. Ол тек қиял болатын (күлді).

Алғашқы қиындықтар

Компанияны ашу кезінде білікті дизайнерлерді табу қиын болды. Алматыдан да, Астанадан да іздедік. Біздің негізгі жобаларымыз – корпоративті жобалар, біз ұлттық компаниялар мен өзге де үлкен компаниялармен жұмыс істейміз. Ол жерде тапсырысты дәл уақытында аяқтау керек, тапсырыс берушінің тілектерін ескеру керек. Осы тұрғыдан келгенде біраз адам жұмыс талаптарына шыдай алмай кетіп жатты. Дизайнерлер деген шығармашылықтың адамдары ғой, оларды белгілі бір қалыпқа сыйдыра алмайсың…

Сонымен бірге уақыт жетпеді. Тапсырысты уақытында аяқтау үшін таңға дейін отыратынбыз, 24 сағат бойы үзіліссіз жұмыс істеген күндеріміз болды. Бұны қиындық деп айтпас едім, онымен алғашқы кезде барлығы бетпе-бет келеді.

Қазір IGRAPHIC-те тұрақты түрде 8 адам жұмыс істейді. Үлкен жобаларды ұйымдастырарда  қосымша мамандарды тартамыз.

Жұмыс бағыты

Біздің жұмыс бағытымыз 2-ге бөлінеді. Біреуі коммерциялық емес, таза шығармашылық туындылар. Оларға ешкім тапсырыс бермейді. Оларды біз өзіміз үшін, қоғам мен нарық үшін істейміз. Олардың ішінде: жігерлендіретін портреттер, қазақша Love is, Telegramm-ға арналған стикерлер,  т.б. атап өтуге болады.  Жігерлендіретін портреттер – біздің танымдық жобамыз болды. Біз оларды оқу орындарына таратып бердік.

Бағлан Айдашов
© szh.kz

Біраз күн бұрын қызық болды. Шымкенттен бір кісі хабарласты. Біздің жігерлендіретін портреттерімізді қонақ бөлмесінің қабырғасына салдырғысы келеді екен. Соған рұқсат сұрады. Біз қуана-қуана келісім бердік (жымиды).

Жігерлендіретін портреттер

Сосын өзіміз үшін істеген тағы бір жобамыз бар. Ол «Қазақстандағы ең лас қалалар» деген. Ең сәтті шыққан туындыларымыздың бірі деп айтар едім. Себебі ондағы мәліметтерді ұсыну идеясы өтімді болды. Біздің мамандарымыз ол үшін көптеген ақпараттарды ақтарып, заңдылықтарды анықтады. Негізінен ондай мәліметтер желіде өт көп жарияланады. Ашық ақпарат көздері  бар. Оны көп адам мәтін күйінде берілген соң, оқымаған, я оқығысы келмеген болуы мүмкін. Біз соларды жинақтап, инфографикаға салған кезде ғана бұл көрсеткіштер жұрттың назарына бірден ілікті. Нәтижесінде Facebook желісінде  53 адам пікір білдіріп, 113 рет бөлісті. Сондай-ақ Tengrinews.kz, Nur.kz сынды ірілі-ұсақты көптеген БАҚ-та жарияланды.

Екінші бағытымыз – тек тапсырыспен істелетін жұмыстар. Бізге тапсырыс берушілер тек идеямен ғана келеді. Мысалы, ресторан ашқысы келеді, бірақ қалай аталатынын, қандай болатынын, аудиториясын білмейді. Біз оларға идеясын іске асырудың барлық тұжырымдамасын ұсынамыз. Кей компаниялар идеяны да бізден күтеді. Біздің ұсыныстарымызға қарайды. Ұнағанын таңдайды, біз оны ары қарай жетілдіре түсеміз. 

Тапсырыс жасау

Тапсырыс жасау тапсырыс берушінің қажеттілігіне байланысты. Бриф-парақшаны  толтырып бізге жіберуге немесе тікелей компанияға келуге болады. Ары қарай  біз сізбен жолығып, идеяңызды талқылаймыз. Бастысы сіздің қалауыңызды, мақсатыңызды анықтауға тырысамыз.  Кейінгі жұмыстар осы екі негізгі факторға байланысты. Егер сізге презентация, логотип немесе басқа да графикалық туындылар керек болса, біз оның кім үшін жасалып жатқанына, тұтынушы аудиториясына назар аударамыз. Осыны негізге ала отырып, өз ойларымызды ұсынамыз. Мысалы, жақында Кеңес Рақышов «Казкоммерцбанктің» ашық пресс-конфренциясын өткізу үшін бізге презентация жасатты. Біз онда әр слайдқа бір-екі сан мен мәліметтер көрсетіп, суреттерге көп мән бердік. Бұл визуалды тұрғыда жеңіл қабылданады. Себебі ешкім сіздің презентацияңыздағы мәліметтерді оқып отырмайды. Сондықтан ол бір қараған адамға түсінікті болуы керек.

Бағлан Айдашов
© szh.kz

Біз жай ғана әдемі суреттер жасамаймыз, біздің студиомыздағы дизайнерлер  мағыналы суреттер сызу, оны мәтінмен ашу тұрғысынан үздік мамандар.

«Бізде қатып қалған баға жоқ»

Жұмыстың бағасы тапсырысқа байланысты. Ең арзаны –  қарапайым бір инфографика (статичная инфографика). Ол 150 мың теңге тұрады. Ары қарай жобаның күрделілігіне қарай құны да өсіп отырады. Ол фото немесе видео инфографика, презентация немесе толық бір жоба болуы мүмкін.

Бізде дүкендегі баға сияқты арзан-қымбат деген қатып қалған баға жоқ.

Кейде дизайнның шекарасынан шығып кететін жобалар болады. Оларға коммуникациялық стратегия, пиар жасау немесе ішкі байланыс үшін консалтинг ұйымдастыру керек.

Бағлан Айдашов әріптестерімен
© szh.kz

Мысалы, «Оңай» жол жүру карточкаларын енгізер кезде «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС бізге бір инфографикаға тапсырыс берді. Сол арқылы халыққа «Оңайды» пайдаланудың тиімді екенін түсіндіру керек екен. Біз бұл үшін бір инфографиканың аз болатынын түсіндірдік. Себебі  бүкіл massege-ді халыққа дұрыс жеткізу керек болды. Бұл күзде, халықтың «Оңайды» әлі қабылдай алмай жатқан күрделі кезеңі болатын. Сондықтан «Оңайдың»  тиімділігі туралы әр түрлі форматта айтуға тырыстық.  Ол постерлер, фото-видео инфографика, әлеуметтік желілердегі жазбалар, карточканы пайдалану жолдарын түсіндіретін видеолар  түрінде болды. «Оңай-баланы» жасадық. Осылайша «Оңайдың» қоғамдық көлікті пайдаланудағы прогресс екенін халыққа насихаттау үшін әр түрлі арналарды пайдаландық. Осылайша, біз олардың бір тапсырысынан-ақ оларға не керек екенін түсініп, қажетті қызмет түрлерін ұсындық. Нәтижесінде тапсырыс берушілер бір ғана инфографиканың шынымен де аздық ететінін түсінді.

Оңай

«Біздің бизнесіміздің өзіндік қиындықтары да бар»

Тапсырыс берілген соң біз тұтынушымен кеңесіп, оның ойындағысын дизайнерлік көзқараспен көркем жеткізуге тырысамыз.  Істеген жұмыс оның көңілінен шығуы керек. Кейде бәрі дайын болып, аяқталуға жақын қалған кезде тапсырысты бекітуге жібереміз. Сол кезде тұтынушыларымыздың  жұмысқа өзгеріс енгізгісі келіп қалады. Өзгеріс болғанда да кішкене бір-екі әріп немесе суреттердің көлемі болса жақсы ғой. Жоқ. Олар бүкіл жұмыстың 90%-ын өзгертуді қалайды. Бұл дизайнердің жүйкесіне қалай әсер ететінін білсеңіз ғой!  Себебі ол барлығын басында келіскені бойынша жасайды. Мәтінді көркемдейді, суреттер қояды. Енді бітірейін деп қалғанда өзгерістер енгізу керек болып шығады. Білесіз бе, сондай кездерде өніміміз гүлшоғының сыпыртқыға айналғанындай күйге түседі.

Дегенмен ісімізден ләззат алатын  сәттер көбірек болады. Ол жұмыс нәтижесіне тұтынушылардың жоғары баға беруі және  тапсырыстан тыс жасалатын жұмыстарыңның халықтың жүрегіне жететін кездер. Біздің поштамызға, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға шығып, алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тілейтін жандар бар. Бұл біздің жұмысқа деген құлышынысымызды арттырып, жігерлендіреді. Сүйікті ісіңіздің халыққа пайдалы екенін сезіну – үлкен бақыт (жымиды). Сондықтан өзіміз секілді графикалық студиолардың жұмысын бақылап, өзімізбен салыстырып, үздік болуға тырысамыз. Көбінесе ағылшындық The mill, Behance.net, Ресейлік Mercator Group деген графикалық студиолардың өнімдерін қалт жібермей қарап отырамыз.

«Басты айырмашылығымыз – ұқыптылық пен жылдамдық»

Бағлан Айдашов
© szh.kz

Бәсекелестеріміз өте көп. Олардың болғаны да жақсы. Бәсеке бар жерде өсу де бар. Біз олардан ерекшелену үшін үнемі  ізденіс үстінде жүреміз, жаңалық енгізіп отыруға тырысамыз. IGRAPHIC-тің басты айырмашылығы ұқыптылық пен жылдамдық деп айта аламын. Бір қарағанда бұл ешқандай ерекшелік болып көрінбейді.  Алайда, оны жұмыс тәжірибеміз көрсетті. Біздің алдымызға көптеген графикалық студиолардың қызметінен бас  тартып келетін тұтынушылар бар. Кейбіреуіне презентация ертеңгі күнге керек болады. Басқа студиолар тапсырысты бірнеше күн бұрын қабылдайтын болғандықтан, біз оларды кері қайтарғымыз келмейді. Сосын оны ертеңгі күнге үлгерту үшін түнімен жұмыс істейміз. Кейде компаниядағылар осы үшін маған ренжіп жатады (күлді). Бірақ бізді ерекшелендіріп отырған да осы қасиетіміз. Көбі жылдамдық бар жерде бәрі асығыс жасалып, нәтижесінде  сапа болмайды деп ойлайды. Олай емес. Біз әр тапсырысты өзіміз үшін жасаймыз. Өзің үшін жасалған дүниенің сапасыз шығуы, ұқыпсыз жасалуы мүмкін емес.

Графикалық дизайнда  кездесетін қателіктер

Ең үлкен қателік дизайнердің жұмысын бөліп берген кезде болады. Дизайнер – ол шығармашылық адам. Соны ұмытпау керек. Ол көбінесе тек суретке, әдемілікке, үйлесімділікке назар аударады. Сондықтан қандай мәлімет беріп отырғанын немесе оны қалай беру керек екенін есінен шығарып алады. Сондықтан дизайнерге тапсырма бергенде мәліметті қалай ұсынатыныңды ақылдасып, оған дұрыстап түсіндіру керек. Дизайнердің жанына мәліметтерді ұсыну жағынан шебер бір маманды қосып қойса да болады. «Бір бас жақсы, екі бас одан да жақсы». Сонда инфографика сәтті шығады. Көптеген графикалық дизайн өнімдерінде жіберілетін қателік деп осыны айтар едім. Көбінің суреттері, графикасы әдемі, бірақ айтар ойы дұрыс жеткізілмеген немесе дизайнер халыққа нені жеткізіп отырғанын түсінбеген.  Кейде дизайнерлер де шаршайды, шығармашылық тоқырауға ұшырауы мүмкін. Олай болмас үшін бәрін бақылауда ұстап отыру керек.

Бағлан Айдашов
© szh.kz

Менің компаниядағы негізгі жұмысым – тапсырыс қабылдау мен ұжымдық балансты сақтап отыру. Компаниядағы қызметкерлердің бәрі достарым болып кеткен. Олардың шектен тыс шаршап, жұмысқа деген ынтасын жойып алғанын қаламаймын. Сондықтан ұжымды дұрыс басқару туралы көптеген кітаптарды оқып, өзімді жетілдіріп отырамын. Арасында түрлі тимбилдингтер ұйымдастырып, таза табиғат аясында бой жазып келеміз.  Сондай-ақ алдағы уақытта команда мүшелерінің білімін жетілдіруі үшін шетелдерге, Қазақстанның басқа қалаларына  тәжірибе алмасуға жіберуді қарастырып жатырмыз. Бұл да бір серпіліс болар еді.

Шынымыды айтсам, менің аса дизайнерлік шеберлігім жоқ,  маған интеллектуалдық жұмыспен айналысу, ұйымдастыру жұмыстары жеңілірек.

«Блогерлік тәжірибем әлі күнге дейін көмектесіп келеді»

Бұрын yvision.kz порталында блог жүргізетінмін. Ол да бір өткен дәурен екен (күлді). Ол кезде не істемедік?, Қандай да бір өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, сол туралы блог жазуға тырысатынмын. Нәтижесі жаман емес, күніне 20 мыңның үстінде қаралым болып, 30 шақты пікір жазылатын. 2011 жылы КазСат-2 ұшырған кезде Кәрім Мәсімовпен бірге Байқоңырға блогер ретінде барып, сол жерден твиттерде тікелей репортаж жасадық…

Қазір ол мен үшін тек өтіп кеткен, меңгерілген деңгей болып қана қалды. Соңғы рет 2014 жылы блог жазған шығармын.

Блогер болып жүріп көп тәжірибе жинадым. Мысалы БАҚ-пен байланыс жасағанда, белгілі бір шараны насихаттағанда қай әлеуметтік желіні қалай пайдалану керектігін сол кезде меңгердім. Мысалы, шара жастарға арналған болса және ол туралы видеоны көп адам көріп, ақпаратты бөліскенін қаласаң,instagram желісін пайдаланған дұрыс. Ал, шара орта жастағы аудиторияға арналса,  Facebook көмекке келеді. Себебі ол жерде  орта жастағылар белсендірек . Осы білгендерім маған әлі күнге дейін көмектесіп келеді.

«Стритболдан әлем чемпионатын ұйымдастыруға қатыстық»

Бағлан Айдашов
© szh.kz

Біздің компания тек графикамен ғана шектелмейді. Түрлі іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарына да қатысамыз. Жақында стритболдан әлем чемпионатын ұйыдастыруға ат салыстық. Ол кезде команданың жартысы Астанада болды. Біз бұл шарада  дизайн мен media relations жұмыстарына жауапты болдық.  Одан тыс көрермендерге арнап әлем чемпионатының логотипі, суреттері бар кішкентай базарлықтар әзірледік. Шара өтетін алаңды әрлеу, бір сөзбен айтқанда, дизайнның барлық түрін жасадық .

Нәтижесі жаман емес.  Шараның өткізілу деңгейіне 5 балдық жүйеден 4,5 бал берер едім. 0,5 бал қайда десеңіз, оны Астананың ауа-райына бердік (күлді). Әлем  чемпионатының төртінші күні Астанада ауа-райы күрт бұзылып, нөсерлеп жауған жаңбырдан ойын алаңы суға толып кетті. Әр жерде су жиналып, ойынды жалғастыру мүмкін болмады. Сөйтіп матч кейнге шегерілген еді. Осы жағдай болмағанда 5 балды ойланбастан берер едім.

Бұл шараны ұйымдастыруға қатысып, үлкен тәжірибе жинадық. FIBA халықаралық баскетбол федерациясымен бірлесіп жұмыс істедік. Барлық жұмыс үдерісі солардың бақылауында болды. Халықаралық федерациямен жұмыс істеу, бір шараны ұйымдастырып, сол үшін бір қазанда қайнау – біз үшін үлкен жетістік.

«60 мың адам жиналды»

Бұдан бұрын Aktau Open Fest шарасын ұйымдастырғанбыз. Оны 2013 жылы, мен Ақтауда әкімшілікте жұмыс істеп жүрген кезде бастаған едік. Мақсаты қала мәдениетін көтеру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау  болатын. Бұл кезде де біздің жауапкершілігімізге  шараны көпшілікке насихаттау, жарнамасын жасау, БАҚ-пен байланыс орнату кірді. Шара 2015 жылға дейін 3 рет өткізілсе, үш жыл қатарынан ұйымдастыру жұмыстарына қатыстық.  Aktau Open Fest 2015 ұйымдастырылғанда шараға  60 мыңдай адам жиналып, рекордтық көрсеткіш орнатқанбыз. Оның ішінде осы шараны тамашалау үшін, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан сынды көрші облыстардан арнайы келген қонақтар болды.

Ұйымдастырғаның халықтың көңілінен шығып, қоғамда сұраныс тудырса, ол да бір бақыт. Олай дейтінім, Aktau Open Fest биылғы жылы ұйымдастырылған жоқ. Алайда шараны тағы да ұйымдастыруымызды сұрап, бізге хабарласып жатқан адамдар бар. Сұраныс болған соң, бұл шараны қайтадан қолға алуды қарастырып жатырмыз.

Қазір кәсіпкерлік үшін барлық жағдай жасалған. Тек барлығы заңды түрде жүзеге асса болғаны. Себебі біз  IGRAPHIC-ті  ашқанда құжат жағынан ешқандай қиындыққа, кедергіге ұшыраған жоқпыз. Сондықтан барлығы адамның өзіне байланысты. Кәсіп бастаймын деген адам мемлекетке жаутаңдамай-ақ? бәрін өз күшімен ашып алады. Ары қарай уақыт еншісіндегі ірілі-ұсақты қиыншылықты жеңе білу керек, болды.

«Жоспарымыз көп»

Бағлан Айдашов
© szh.kz

Жоспарымыз өте көп. Біреуін айтайын. Суицид туралы әлеуметтік жоба жасап жатырмыз. 40%-ы дайын тұр. Бұл коммерциялық жоба емес, өзіміздің ықыласымыздан туған жоба. Қазіргі таңда бұндай жобалар қоғамға қатты қажет деп ойлаймын. Себебі БАҚ бетін басып кеткен жағымсыз жаңалықтардың бетін қайтару үшін қоғамдық санаға әсер ету керек.

Бағланнан 5 кеңес:

Бағлан Айдашов
© szh.kz
  1. Өзіңе  ұнаған іспен айналыс. Сонда кәсібің өзіңе ләззат сыйлайды.
  2. Әділ бол. Өзіңе де, өзгелерге де;
  3. Ешқашан берілме. Қиындық көп десең, көре бересің. Оны жеңуге тырысу керек. Тәуекелге бел будың ба, кері қайтпа;
  4. Өз-өзіңді жетілдіріп отыр. Сонда ғана жаңа идеялар келеді. Осы 4 кеңесті естен шығарма.

IGRAPHIC-тегі бір күн

Компаниядағы бір күн іш пыстырарлықтай өтеді (күлді). Сырт көзге солай көрінуі мүмкін, бірақ өзімізге қызықты.  Жұмыс уақыты таңғы сағат 10-да басталады. Ең алдымен сол күнгі  жоспарды талқылаймыз. Әркім өзінің жұмысын бөліп алады. Арасында тапсырыс берушілерді қабылдап, оларға қажетті жобаның тұжырымдамасын жасаймыз. Бұл қарбалас жұмыс түскі асқа дейін де, түскі астан кейін де жалғасады. Осылайша жұмыс уақыты да аяқталады. Кейде сергіту сәттерін жасап тұрамыз.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Балжан Балташева

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.