Сұлтан Нарбеков – 19 жаста, Халықаралық теннис федерациясының рейтингінде 318-орында тұрған жас теннисші. Ол Алматы, Астана қалаларында және Түркияда өткен жасөспірімдер арасындағы Juniors G4 халықаралық турнирінің жұптық деңгейлі үш дүркін чемпионы. Грузия мен Өзбекстанда өткен халықаралық турнирлерде бақ сынап, жүлделі орындарды жеңіп алған спортшы.

Мені тенниске алып келген – әкем

Әкем тенниспен айналысады. Кәсіпқой теннисші болмаса да, өзі қызығушылық танытып, спорттың осы түрімен айналысуды ерте бастаған. Мені тенниске баулыған сол кісі. Әкемнің нақты қанша жасымда маған теннис ойнауды үйрете бастағаны есімде жоқ, себебі мен кішкентай болдым. Туылған кезден бастап қолымда өзімнің ракеткам болды, мен сол ракетканы қабырғаға ұрып ойнайтынмын (күлді). Үлкен ағам да теннис ойнайды. Әкем мен ағама еріп, мен де жаттығу залына келіп жүрдім. Жалпы отбасымыз спортшылардан құралған. Әкем теннистен жаттықтырушы болса, анам гимнастикамен айналысады. Менен кейінгі қарындасым да теннис ойнайды. Ал әкем қазір жаттықтырушы.

Алғаш қатысқан турнирім есімде. Мен ол кезде 6 жаста болдым. Жүлдеге маған кішкентай кубок берді. Ол кубок үйде тұр.

Cұлтан Нарбеков, теннисші
Cұлтан Нарбеков ойын арасындағы үзілісте. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Шынымды айтсам, алғашында тенниске қызыққан жоқпын, тіпті жек көріп кеткен кездерім де болды. Себебі өзім кішкентай болғандықтан, таңертең ерте тұрудың, үнемі жаттығып отырудың қажеттілігін түсінбейтінмін. Көп уақытымды тенниске арнағандықтан сабақтан қалатынмын, достарыммен де көп қыдырмайтынмын. Тек әкемнің айтуы бойынша өзімді қинап келіп жүрдім.

12 жасымда мен теннисті тастап кеттім. Менің айналысатын ісім бұл емес деп ойладым. Есесіне тенниспен айналыспаған 3 жыл уақыттың ішінде менде мектептегі сабақтарыма күнде қатысуға, достарыммен уақыт өткізуге мүмкіндік болды. Сол уақытта бойымды өсіру мақсатында мен баскетболға жазылдым. Себебі бойым кішкентай болды. Баскетбол ойнауды бастағанда менде спортқа ерекше қызығушылық пайда болды. Осы қызығушылық мені тенниске қайта алып келді деп айтсам болады.

Баскетбол маған қатты ұнайды. Бірақ мен теннисті бірінші орынға қоямын. Ал баскетболмен қосымша хобби ретінде айналысамын.

Cұлтан Нарбеков, теннисші
Cұлтан Нарбеков теннис ойнау кезінде. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

3 жылдық үзілістен соң тенниске қайта оралдым

Мен 15 жасқа толғанда әкем қарындасымды тенниске апарды. Сол кезде жаттықтырушылар: «Қайда жүр? Неге келмейді? Балаңды тенниске алып кел», — деп сұраған екен. Содан әкем үйге келіп, мені көндіре бастады. Мен де ойлана келе, әкемнің сөзін жерге тастамайын деп тенниске қайта келдім. Тек аптасына 3 рет қана жаттығып жүрдім. Осы уақытта баскетболды тастауыма тура келді. Содан жақсы нәтижеге қол жеткізе бастадым.

Болашақта балаларым тенниске қызығатын болса, оларды өзім жаттықтырамын. Себебі ата-ана баласы үшін ненің жақсы екенін, қалай үйрету керек екенін біледі.

Cұлтан Нарбеков, теннисші
Cұлтан Нарбеков доптарды жинастырып жатыр. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әр күніміз жаттығудан басталады

Таңертең 7:30-да тұрамын. Таңғы асымды ішіп алып, 9:00-де жаттығуға келемін. Одан соң бізде жалпы дене шынықтыру жаттығулары болады. Түсте көбіне үйде боламын, түскі ас ішіп, тынығып аламын. Себебі түстен кейінгі жаттығуға сергек болып келгенді қалаймын. Кешке отбасымның қасында уақыт өткіземін. Сосын душ қабылдап, сағат 10:00-де ұйықтаймын.

Турнирге 3 күн қалғанда нақты режим ұстанамын. Күнделікті дәл уақытында жаттығу, түсте тынығып алу, түнде бір уақытта ұйықтау – мұның бәрі рет-ретімен болғаны дұрыс. Жаттықтырушымыз бізге көп күлуге болмайтынын айтады. Турнирге аз күндер қалғанда қыдырмаймын, достарыммен сөйлеспеймін. Себебі оның бәріне эмоциялық күш бөлінеді. Ал үлкен жарыста эмоция маңызды рөл атқарады. Тіпті ғаламтордан видео қарауды, әлеуметтік желіні, телефонды қолдануды азайтамыз. Мұның бәрі көзге әсер етеді. Теннистен турнирлер кейде апта сайын болады. Сондықтан басқа спорт түрлеріндегідей алдын-ала ерекше дайындықтар болмайды. Кім психологиялық жағынан жақсы дайындалса, сол күшті ойын көрсетеді.

Бір турнирден кейін бірден екінші турнирге баратын болсаң, сенің екінші турнирге дайындығың біріншісіне тікелей қатысты. Егер бірінші турнирде жеңілсең, сәйкесінше күш көп кетпейді. Сондықтан келесі турнирге күш жинап, жақсы ойын көрсетуге дайын болып барасың. Көп жағдайда біріншісінде жеңіске жеткен теннисшілер екіншісінде өзін шаршаңқы сезінеді. Ал турнирден жүлдесіз қайтқан теннисші өз кемшілігін іздеп, жеңіске талпынады.

Cұлтан Нарбеков, теннисші
Cұлтан Нарбеков жаттығу барысында. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әрине, спорт болғандықтан жаңа леп, жаңа шабыт, жаңа күш керек болады. Кейде бәрінен шаршап, спортты тастағың келетін сәттер болады. Сондай сәттерде өзімнің үлгі тұтар Ұлыбританиялық теннисшім – Энди Маррейдің видеоларын, турнирлердегі ойындарын көремін. Одан бөлек Америкалық баскетболшы – Леброн Джеймсті үлгі тұтамын. Ол тек баскетболшы емес, ол өзін жан-жақты дамыта алатын адам.

Теннис – қымбат спорт түрі

Басқа спорт түрлеріне қарағанда теннис қымбат спорт түрі. Қазақстанның теннис федерациясы бізді жаттығуға арналған кортпен, жаттықтырушымен және доппен қамтамасыз ете алады. Одан бөлек киетін форманы, ракетканы, ракетканың арнайы жібін өз қаражатымызға аламыз. Ал кәсіби теннисшіде кемінде 3 ракетка болуы керек. Олардың жібін ауыстырып тұруы тағы бар. Ракетканың жібінің бағасы да  арзан емес, орташа бағамен 25 мың теңге тұрады.

Теннисшінің өз стилі болуы керек

Теннис ойнау барысында кейбіреулер қарсыласына бірінші болып шабуыл жасауға тырысады, кейбірі шабуылды ұстап қалады. Шабуыл да жасап, қарсыласына да берілмей ойнайтындар да бар. Осының барлығы ойын барысындағы әр теннисшінің өзіндік стиліне жатады. Теннисте «аяқ пен қол қозға­ла­ды, ақыл ойнайды» деген тәм­сіл бар. Мен ойын кезінде қарсыласымды сырттай бақылаймын. Көбіне көп жүгіртіп, шаршатуды мақсат етемін, қателіктерін күтемін. Бұл өзімнің жиі қателеспеуіме көмектеседі.

Cұлтан Нарбеков, теннисші
Cұлтан Нарбеков үзіліс кезінде. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазақстандағы теннистің проблемалары

Еліміздегі теннистің қарқынды дамымауын – тенниске қызығушылардың аздығымен түсіндіруге болады. Қазақстанда теннисшілер өте аз, саусақпен санарлық қана. Бұрынғымен салыстырғанда біз жылдан-жылға көбейіп келе жатырмыз. Осыған қуанамын. Бізге бәсеке керек. Неғұрлым теннисшілер көп болса, соғұрлым бәсеке болады. Еуропаны айтпағанда, өзіміздің көршілес Ресейде теннисшілер өте көп әрі бәсеке бар.

Теннисшілерден бөлек бізде мықты жаттықтырушылар санаулы ғана. Ал жеңіске жетуде жаттықтырушының рөлі басым. Мысалы, біз қазір жаттығамыз, чемпион болуға талпынамыз. Бірақ өз арамызда үлгі аларлықтай үлкен деңгейдегі теннисшіні көрмейміз. Сондықтан бірте-бірте тенниске келетін балалардың қабілетін шыңдап, ата-аналары өздері тарапынан қолдау көрсете білсе, біздің теннистің болашағы жарқын.

Қазақстанда жылына 12-15 турнир ұйымдастырылады. Оның барлығы халықаралық деңгейдегі турнирлер. Бұл аз емес. Демек мемлекет теннисті дамытуға ат салысып келеді. Алайда тенниске қажетті құралдардың кейбірін өзіміз алуға мәжбүрміз. Сонымен қатар, жас теннисшілерді шетелге тәжірибе алмасуға, түрлі турнирлерге жиі жіберіп, қаржылай қолдау көрсету де өте маңызды. Еліміздің спорттық белсенділігін дамытуға қаржы кедергі келтірмеуі керек деп ойлаймын.

Кейде біздің теннис жаттықтырушылар жас теннисшілерге ұрсып, жағымсыз сөздер айтып жатады. Әлемдік тенниспен салыстырғанда біздің жаттықтырушылар негатив пікірлер айтуға асығатын секілді. Шетелдік жаттықтырушылар кез келген жағдайға позитивпен қарауға тырысады. Олар өз шәкірттерінің жақсы қабілеттерін айтып, жетіспей тұрған тұстарын толықтыру үшін бірге жұмыс істейді. Енді үйреніп келе жатқан жас спортшы үшін жаттықтырушының әр сөзі маңызды.

Cұлтан Нарбеков, теннисші
Cұлтан Нарбеков кезекті ойынға кіріскелі тұр. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Спортшыға қолдау маңызды

Мен қатысатын турнирлерді көбіне әкем келіп көреді. Маған ең маңыздысы – әкемнің қолдауы. Себебі ойыннан кейін әкеммен бірге нені дұрыс, нені бұрыс істегенім туралы әңгімелесе аламыз. Ойнаған адамға қарағанда сырттан көрген адамға кейбір олқылықтар жақсырақ байқалады. Оның үстіне әкем жаттықтырушы болғандықтан қателіктерімді бірден байқайды.

Әлемдік деңгейде чемпион болу – әр спортшының арманы. Біздің бәрімізді осы арман жетелейді. Тіпті ертең-ақ чемпион болғым келеді. Алайда ол үшін әлі де еңбектену керек.

Біз теннисшілер күнделікті дайындалып жүргенде ештеңе қолымыздан келмей жүргендей сезімде боламыз. Бұл сөзді барлық теннисшілер айтатынына күмәнім жоқ. Бірақ осы ештеңе іске аспай жүрген күндердің пайдасы көп. Біз барынша жақсы нәтижеге ұмтылып, өзгеріссіз өткен күндеріміздің орнын толтырамыз. Әр турнирге барған сайын қатты шаршап қайтамыз, әрі  одан екі есе жаңа күш жинап келеміз.

Бос уақытымда…

Бос уақытымда достарыммен баскетбол ойнаймын. Одан бөлек ән айтқанды ұнатамын, караокеге барамын. Велосипед айдағанды жақсы көремін, бірақ күнделікті айдауға мүмкіндігім бола бермейді. Себебі жаттығудан шаршап келемін. Сосын ғаламтордан түрлі турнирларды көремін, алайда әлеуметтік желілерге тәуелді емеспін, сирек қолданамын.