Алғашқы қадамдар

Менің Алматыға келгеніме 11 жыл болыпты. Бала кезімнен бастап сурет саламын. Кейін қолөнерге қызыға бастадым. Ауылда оған мүмкіндік жоқ. Отбасымызда шеберлер болмады. Малшының баласы болдық. Аталарымыз мал бақты. Алматыға келген соң Абай атындағы ҚазҰПУ-ге қолөнер факультетінде оқуға түстім. Сол жерде магистратура оқып, оны 2011 жылы бітірдім. Сол бітірген жылдың қыркүйек айында бірінші жеке шеберханамды аштым.

Ең алғашқы жасаған аспабым – домбыра. Оны 2-курста оқып жүргенде ұстазым Жолаушы Тұрдығұловтың шеберханасында жасадым. Мен жазғы демалысқа кеткенде ағай оны біреуге сыйлап жіберіпті. Кейін сұрасам, «Сенікі екенін білген жоқпын ғой, айтпайсың ба?» дейді (Күлді).

Қазір қолөнермен айналысатындар көп. Бірақ, заңды түрде тіркеліп, фирма ретінде ашатындар аз. Өте аз. Өйткені көбі маусымдық табыс көзі ретінде ғана қарайды. Ал бізде олай емес. Біз жыл он екі ай бойы қолөнермен айналысамыз.

«3500 аспапты шетелге шығардық»

Домбыра суреті
© szh.kz

«Дала сазы» шеберханасында ұлттық саз аспаптарының 50-ге жуық түрлері жасалады. Бағасы 20 мың теңгеден бастап, 2-3 миллионға дейін барады. Дегенмен, қымбатқа түсетін тапсырыстар аз, 2 айда бір шығып тұрады.

Ашылған 5 жылдың ішінде қалыптасып қалдық. Осы уақыт аралығында біз 3 500 аспапты шетелге шығардық. Бүкіл Қазақстаннан өзге, ТМД елдерінде, Қытайда, Түркияда біздің тауарды тұтынатындар музыка мамандары бар.

Саз аспаптарының сапасын, дыбыс тұнықтығын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері, ұстаздары, «Отырар сазы» оркестрінің мамандары тексереді. Олардың пікірі біз үшін маңызды. Дыбысында кінәрат бар екенін айтса, аспапты қайта жасаймыз. Оларсыз жұмыс жүрмейді.

Ағаш жону
© szh.kz

Қазір домбыраны эстрадаға алып шығу сәнге айналып келеді. «Тұран», «Хас-сақ» деген этно-фольклорлы топтар тарихта болған, бүгінде жоғалып кеткен аспаптарды жасатып жатыр. Олар екіжақты домбыра, ұра, Абай домбырасының көшірмесі, дабылдың көне түрлері, Отырардағы қазба жұмыстарынан табылған сазсырнай, үскірік. Біз ол аспаптарды қалыпқа келтіру кезінде ең алдымен Болат Сарыбаевтың, этнограф, музыка саласында көп жылдар еңбек еткен, Ықылас Дүкенұлы атындағы мұражайды ашуға ат салысқан Жарқын Шәкәрімнің еңбектеріне сүйенеміз. Музыкатанушылардың конференцияларына қатысамыз. Сол жерлерде жойылып кеткен аспаптар туралы көп айтылады. Суретін, өлшемдерін көрсетеді. Біздің жақсы араласатын бір таныстарымыз месқобыз дайындап жатыр. Ол волынкалардың атасы болып саналады. Алайда оны қазір қазақтан шыққан деп дәлелдей алмайсыз. Алайда жылдар өтеді, ұрпақ алмасады, сол кездерде біздің ұлттың еркеше дүниелері екені ақырындап белгілі болады.

«Дала сазы» шеберханасында бүгінде 13-14 адам жұмыс істейді. Бәрі бірдей жалақы алмаса да, еңбек нәтижелері мен көлеміне қарай еңбекақы алады.

Алмас Мұстафа, қолөнер шебері
© szh.kz

«Алмастерді» ашуға ауырғаным себеп болды»

Зергелік өнерді меңгеруім өте қызық болды. Былтыр 24 мамыр күні дәл туған күнімде соқырішек болып ауруханаға түстім. Операция жасалып, ауруханадан шығарда дәрігерлер 3 айға дейін ауыр жұмыс істуге болмайтынын айтты. Үйге келген соң 1-2 күн демалдым, алайда бос жатыстан зерігіп кеттім. Сөйтіп Ғылымбек деген досымның зергерлік шеберханасына бардым. Ол кезінде бізбен бірге менің шеберханамда істеген. Кейін өзі зергерлік шеберхана ашып алды. Сол жерге бардым да, құр жатқанша сенің қасыңда жүріп үйренейін деп сұрадым. Солайша зергерлік шеберлікті Ғылымбектен үйрендім. Кейін «Алмастер» шеберханасын аштым. Биыл ол шеберхананың ашылғанына 1 жыл болды. Осы уақыт аралығында өзіміздің бет-бейнемізді, ұлттық болмысымызды анықтап, қалыптасып қалдық.

Зергелік өнер Алмас Мұстафа
© szh.kz

Қарап отырсам, зергерлік шеберхананы ашуыма ауырып қалғаным себеп болыпты. Ауырмағанда кейінге шегеріп жүре берер ме едім (Күлді).

Зергерлік өнер сырға күміс
© szh.kz

Қазір күміспен ғана жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта зергерлік бұйымдарды алтын жалатып немесе таза алтыннан жасауды ойлап жүрмін. Себебі алтынға сұраныс көп. Өз нұсқаларын сызып әкелетіндер де жетеді. Бірақ талантты суретшінің сызғаны болмаса, олардың айтқанындай істей алмаймыз. Кейбір адамдар ненің бейнесін сызып әкелгенін өздері де түсінбей жатады. Біреудің затын көрсетіп, сондай қылып істеп беруді өтінетіндер де баршылық. Бірақ көп жағдайда ондай заттарды істей бермейміз. Өйткені, әр автордың өзіндік техникасы бар. Мүмкін болса, сол адамды тауып алып, өзіне істеткен жөн.

Бүгінде «Алмастерде» 3 шәкіртім бар. Онда әйелдерге арналған әшекейлерінің барлық түрін, сондай-ақ ерлердің жүзіктері мен түймелерін жасаймыз. Алдағы уақытта зергерлік техникамен паннолар жасағым келеді.

Алмас Мұстафа
© szh.kz

Ағаштан бұйым жасауды үйренсем, 6 айдың көлемінде жақсы нәтиже шығара аламын. Себебі ағаштың техникасын білемін. Металлды толығымен меңгеруге 1-1,5 жыл көлемінде уақыт кетеді. Металлда ағашқа қарағанда мүмкіншілік көп. Дұрыс болмаса, бұзып тастап қайта жасауға болады. Ал ағашта олай істей алмайсың.

Біздің елдегі шеберлердің басым көпшілігі көшірме шеберлер. Бір оюды алады да оны анаған да, мынаған да көшіріп сала береді. Олардың өзіндік пікірі, қолтаңбасы жоқ. Сондықтан да елеусіз қалады. Ал әр өнімін белгілі бір философиямен жеткізетін шеберлер өте аз, жүзден біреу десе де болады. Бірақ олар ерекше танымал. Өйткені оның өзіндік көзқарасы, өзгелерден ерекшелігі бар. Сондықтан біз де белгілі бір философияға сүйеніп «Көш», «Біздің галактика», «Атамекен», «Арба» деген сериялық өнімдерді шығарамыз.

«Көрме ұйымдастырамын»

Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған көрме ұйымдастыруды жоспарлап жүрмін. Онда негізінен зергерлік жұмыстар көрсетіледі. Уақытын Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қарай қоюды ойластырып отырмыз. Қайда өтетіні әлі белгісіз.

Үлгі тұтар шеберлерім көп. Олар өзімнің ұстазым Жолаушы ағадан бастап, Ердос Рахымбек, мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов, Ресейлік Даши Намдаков деген шеберлер.

Аман Мұқажан – менің рухани ұстазым. Менің ең алғашқы туындыларыма жағымды пікір айтып, жігерлендірген сол кісі. Бір көрмеде менің зергерлік туындыларымды көріп, «Біздің жылдар бойы істеген дүниеміз сенің қолыңнан бірнеше айдың ішінде қалай келіп жатыр?» деп қызығушылық танытты.

«Нағыз қазақ» жобасының жарнамалық мақсаты жоқ»

Нағыз қазақ Алмас Мұстафа
© szh.kz

«Нағыз қазақ» жобасын бастадым. Оған себеп болғаны – қоғамның дамуына үлес қосып жатқан мамандардың елеусіз қалуы. Олар жұмысын жауапкершілікпен істейді, қоғамның дамунына үлесін қосады, бірақ оны ешкім ескермейді. Олардың ішінде ақын, жазушы, журналистер көп. Олар ешкімнен ештеңе жемей-ақ , парасыз, өзінің азаматтық ұстанымынан айнымай бір жолда келе жатқан адамдар. Осындай адал, ақ азаматтарға кішкене болса да қуаныш сыйлағым, жігер бергім келеді. Көп жағдайда оқырман ретінде сыйлық жасауға тырысамын.

Ең бірінші сыйлығым Есей Жеңісұлына арналды. Ол кісіні бала күнімнен танимын. Өлеңдерін оқып, әнге жазылған сөздеріне ден қойып, іштей жақсы көріп жүретінмін. Кейін өзімен кездескенде шынымен де ерекше адам екенін білдім. Ерекше қуантқым келді. Ол кісі домбыраны сатып аламын деген. Бірақ сатуға болмайтын дүниелер болады. «Нағыз қазақ» жобасының ешқандай жарнамалық мақсаты жоқ. Мен ол кісіге қазақ руханиятына қосып жатқан үлесі үшін тарту еттім.

Шынымды айтсам, оқу орындарына барып жұмыс істегім келмейді. Осы уақытқа дейін мені Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясына, Сымбат деген оқу орындарына шақырған. Ол жерде қағазбастылық деген дүние бар. Болса болсын, бірақ қолынан іс келетін адамға ол жағынан ассистент беру керек. Бізде ондай жүйе жоқ. Сондықтан оқу орнына барсаң, қағазға көміліп, энергияңның бәрін қағазға жұмсайсың. Сабағыңды беріп, бір-екі шетелдік көрмеге шығып тұрсаң, жақсы маман ретінде қатарда барсың, болды. Ол мені қызықтырмайды. Одан да үлкен жоспарларым бар.

Армандар мен жоспарлар

Қолөнердің әлемдегі ең үлкен мұражайы мен академиясын ашқым келеді. Ол тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл түркі дүниесіне ортақ болуы керек. Оған ақырындап келе жатырмыз. Сол мақсатта қаланың сыртынан ауданы 500-550 шаршы метр болатын шеберхана салып жатырмын. Ол біткен соң, шеберлердің этно-қалашығын салуды ойлап жүрмін. Ол да қаланың сыртында болады. Ол жерде 10 шеберхана тұруы мүмкін. Онда қыш та жасайды, қоладан мүсін де құяды, киіз үй, қару-жарақ жасайтын шеберханалар болады. Сосын «Турыл арт» деген құсбегілікке арналған бұйымдар шығаратын шеберхана да ашқым келеді. Бұндай шеберхана Қазақстанда жоқ, Орта Азия көлемінде өте тапшы. Ұлттық ыдыс-аяқтар жасайтын шеберхана ашсам деген ойым да бар.

«Қару-жарақ мұражайына» барсаңыз, дені дұрыс сауыт-сайманды, толық бес қаруды көрмейсіз. Жаңадан жасалғандар бар, бірақ бұрынғыларының көшірмесі де жоқ. Бірақ олар Эрмитажда, Лондонда бар. Солардың бір-бір көшірмесі өзімізде тұруы керек. Соның бәрін жинағым келеді.

Қолөнер академиясын ашқым келеді. Ол менің жеке жобам болуы мүмкін. Бірақ оны іске асыруда, инвестиция құюда бірнеша адамдар жұмыс істейді деп ойлаймын. Менде тек өзім үшін деген мақсат жоқ. Жанымда болашағынан үміт күттіретін Еркебұлан Уәлиев, Мадияр Жапабаев, Арлан Әшіриев деген жігіттер бар. Егер мен жалғыз болсам, армандар тек арман күйінде қалады. Сондықтан топтық жүрісті қолдаймын. Шәкірттерімнің әрқайсысына жеке-жеке шеберхана ашып берсем деймін. Бұның жобасын дайындауға 3 жылдай уақыт кетеді. Сондай ауқымды жоба болғандықтан оны іске асыруға ондаған жылдар кетуі мүмкін. Сол үшін «Атамекен», «Даму» сияқты қорлармен жұмыс істеу керек шығар. Менің артымда қалатын бір нәрсе болса, сол болар деп ойлаймын. Ойлағандарымды іске асыра алмасам, бұл жүргенім бос жүріс деген сөз.

Алмас Мұстафа
© szh.kz

Монографиялық кітап жазғым келеді. Ұстаздарымның үйреткенінен бастап, шетелдерге жасаған саяхатта көрген-түйгендерімді жазсам деймін. Бізде қолөнер туралы тек теориялық кітаптар ғана бар және қазақ тіліндегісі тапшы. Ал, қытайлар бүкіл әлемдегі өнерге қатысты кітаптардың барлығын қытай тіліне аударып, кітапханаларына толтырып тастаған. Құдды барлық кітаптарды солар жазған сияқты.

«Үндістанда мақта-мата министрлігі бар»

Жыл сайын шетелдерге көрмелерге барамыз. Қай елде не дамып жатыр, кімнің қолөнер өндірісі мықты деп салыстырамыз. Осы уақытқа дейін Орта Азия елдерін аралап болып қалдым. Тек Корея, Жапония мен Сингапур қалды. Үндістан мен Қытайдың қолөнері қатты дамыған. Ол жақта жеке мақта-мата министрлігі бар. Демек, сол мақта-матаның өзінен мемлекетке кәдімгідей қаржы кіреді деген сөз. Ол жақта қарапайым шарфтың өзі 100-150 доллар тұрады. Біз де сондай деңгейге жетуіміз керек.

Өзбектерде қолөнер академиясы бар. Олардың ішкі өнімінің 50%-ы қолөнерден кіреді екен. Мысалы, Иранда жыл сайын қолөнерді дамытуға 1 млрд доллар ақша бөлінеді. Ол үздік жоба ұсынған шеберлерге құрылғылар мен материалдарын сатып алу үшін беріледі. Сол шеберлер жылдың соңында мемлекет бюджетіне берілген көмекті 10 еселендіріп кіріс түсіреді екен. Оларда экспортқа шығару жүйесі де жақсы ойластырылған. Олардың қыш бұйымдары, мозаикалары, тәрелкелері мен кілемдері сұранысқа ие. Осылайша мемлекеттен қолдау болғанының арқасында қолөнерге келетіндер көп. Тіпті жеті, он атасынан бері қолөнермен айналысатын шеберлер бар. Шеберханаларының аумағы біздегі «Магнумдардың» аймағындай үлкен. Сол жерде біреуі екіншісіне қажетті детальді жасайды, келесісі оны пайдаланылып, үлкен затқа айналдырады. Сөйтіп бір-біріне байлап қойған. Мысалы, көп адам «Мерседесті» мега-зауыт деп ойлауы мүмкін. Ол ондай емес. Оның жинайтын жері ғана үлкен. Алайда терезесін бір жерде, дөңгелегі екінші жерде, ішкі орындықтары тағы бір жерде шығарылады. Солайша, жеке адамдардың шағын кәсіпорындарында даярланған заттары жиналып келіп, үлкен «Мерседес» бренді болып жиналады. Малайзияда, Тайландта – барлық жерде солай жоқтан бар жасайды. Мысалы, пілдің қиынан фоторамкалар жасап жатқандар бар. Оны бізге айтса көп жұрт күлуі мүмкін. Бірақ шынына келгенде біз оларды экзотика ретінде, үлгі ретінде сатып алдық. Сол жағынан алғанда қолөнердің пайдасы өте зор.

Қазақстанның даму болашағы

Қазақстанның даму болашағынан 3 бағыт көремін. Олар: ауыл шаруашылығы, туризм, сосын табиғат байлықтарын дайын өнімге дейін өңдейтін өндіріс ошақтары. Бұл бағыттардың барлығы қолөнерге жақын. Мысалы, Каспийде неше түрлі балықтар, ұлулар бар. Солардан шикізат алып, оны қолөнер өндірісіне шығаруға болады. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде таза табиғи жартылай бағалы тастар көп. Соның бәрін игеріп, табиғи шикізат күйінде емес, Қазақстанның өнімі ретінде нарыққа шығаратын босла, ол мемлекетке үлкен табыс алып келеді. Қазір оларды Ресейге сатып жатыр. Камаз-камаз тастарды алып кетеді. Сол бір камаз тас алғаны үшін көп болса 50-100 доллар төлейтін шығар. Ал, оны өңдеген болсақ, бір тал кішкентай ғана тастың өзін 10-20 долларға сатуға болады. Олар ақық, яшма деген сияқты тастар. Мен «Алмастерге» өзіміздің Майқұдық, Павлодардың тастарын пайдаланамын. Арасында шетелдік көрмелерде сатып алған тастар да бар.

Алмас Мұстафа
© szh.kz

Біз басшылықтан тек бір нәрсені ғана сұраймыз. Ол – тыныштық. Елімізде тыныштық болса, қалғанын өзіміз істеп аламыз.

Еліміздегі қолөнер ақырындап дамып келеді. Өйткені бізде тыныштық бар. Ол жоқ жерде іс жүрмейді. Соғыс болып жатса, қолөнер тұрмақ, одан да үлкен нәрселер керек болмай қалады. Небір керемет өндірістер тоқтайды. Біз дамушы ел болғаннан кейін, ақырындап болса да дамып келеміз. Оның даму тенденциясы тікелей бізге байланысты. Мысалы менің қолөнермен айналысып жүргеніме 10 жыл болды. Мен сияқты мамандар дұрыс жұмыс істемейтін болса, шәкірт тәрбиелемесе, кеңеюді ойламаса, араның ұясы сияқты бір жерге жиналып, бірігіп өнім жасап, оны шетелге шығармаса, өзге елдермен тәжірибе алмаспаса, қолөнер дамымайды. Қазір өсемін деген адамға мүмкіндік жетеді. Визасыз шығуға болатын елдер бар. Сонда барып тәжірибе алмассын. Интернеттің көмегімен жылдам ақпарат алып, бүкіл дүние жүзінің шеберлерінің не істеп жатқанын біліп отырсын. Қажетті материалдарын Aliexpress-пен алдыра берсін…

Бір қиындық тудыратыны – біздің салада менеджерлер жоқ. Солар болмағаннан кейін де біздің жұмысымыз баяу жүреді. Өйткені, өзіміз шебер, өзіміз менеджерміз. Кәсіби маман болмаған соң пиарды да сауатты түрде жасамаймыз. Мен сурет те саламын, зергерлікпен айналысамын, аспаптар бар. Ал оның бәріне бір уақытта үлгеру мүмкін емес. Сондықтан мүмкіндігінше көп шәкірт алуға тырысамын. Олар да уақыт өте келе іріктеледі.

Қателіктер мен сабақтар

Өсу үшін жаныңда мақсат-мұраты бір адам болуы керек. Бүгінде ақша үшін жүрген, сені пайдаланып кеткісі келетіндер аз емес. Ондай адамдармен жұмыс істеудің қажеті жоқ. Ертең олар белгілі бір кезеңнен өткенде сені керек қылмайды, келесі баспалдаққа көтерілу үшін басқа адамды іздейді. Ертең оны да пайдаланады. Ондайлар өте көп. Мен сенгіш болдым. Адамдарға көп сендім. Содан опық жеген кездерім де аз емес.

Уақытымды құр босқа өлтіріп алған кездерім болды. Негізі өзім ойын-сауықты аса қатты ұнатпаймын. «Шырылдауық шегіртке» болсаң, өзіңе көп зиян келтіресің. Өйткені ол жерде уақытыңның түрін көре алмайсың. Мысалы, біз бір зат жасасақ, оған жұмсаған уақытымызды көреміз. Ойын-той қуғандардың артында із қалмайды.

Алмас Мұстафа
© szh.kz

Көбі өмір өзімдікі, өзім білемін деп ойлайды. Бірақ ол сенікі ғана емес. Сенен үміт күтер ата-анаң, бауырларың, артыңда тұрған елің бар. Біздің енді ғана ел болып, бас көтеріп келе жатқан кезімізде уақытты зая кетіру – түсінген адам үшін өте үлкен қасірет. Жастар дұрыс жол таңдамайтын болса, одан кейінгі буындар да соны қайталайды. Соңында не Америка, не Франция сияқты ұлттық құндылығыңнан айырыласың. Сөйтіп тек құлқынның қамы үшін өмір сүретін мәңгүрттер шығады. Ондай адамдар айналамызда қазірдің өзінде толып жүр. Қаншама достарымыз ұлт туралы әңгіме айтқанда алдына жан салмайды. Ал іске келгенде бөлек. Халыққа сөзін өткізу үшін билікті көздеп, соның жолында пара алып, пара беретіндер де көп. Бұлай жалғаса берсе, Тұрсынбек Қабатов айтпақшы бізге 17 миллион кресло керек болады (күлді). Ал осы нәрсе ертең бізді құртып тынады. Біз онсыз да үлкен-үлкен геноцидтерді көрген ұлтпыз. Соны сезініп, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап қалуға ұмтылуымыз керек.

« – », «0», «+»

Өз ісін ашып, ел экономикасына үлес қосқысы келетіндерге айтарым, батыл болу керек. Кез келген істің формуласы болады. Ол: « – », «0» және «+».

Бастапқыда минуста боласың. Ол кезде сенде ешнәрсе болмайды, тіпті алғашқы капиталың да. Кейін біреудің қол астында жұмыс істеп жүріп, ақша жинайсың. Ол кезде «нөл» деңгейіндесің. Ақшаң бар, бірақ әрекетің жоқ. Ал, «+»-ке шығу үшін сол ақшаңа әрекет қосып, бір іс ашасың, сәйкесінше табысың да болады, басқарып үйренесің.

Алмас Мұстафа ағаш жону
© szh.kz

«Қоғамды дамытатын шағын және орта бизнес»

Бізде үлкен-үлкен зауыттар салынады, бірер ай өткенде жабылып қалады, миллиардтаған ақша желге ұшып кетеді. Неге? Өйткені оны 5-6 адамның басын қосып, айтқанын істетіп көрмеген адамдар басқарады. Ол біреудің танысы, біреудің құдасы деген сияқты. Алматының өзінде «АХБК», «Алматыкілем», жиһаз шығаратын«Мерей» сынды зауыттар болды. Олар жабылғанда құны миллиардтаған ақша болатын құрылғылар металл ретінде Қытайға өткізілді. Қандай қасірет?! Мысалы, Алтынсарин көшесінен бастап, Маречека көшесіне дейінгі үйлердің бәрі кезінде бір ғана «АХБК» қызметкерлерінің жатақханасы болған. Осындай мега-зауыттар жабылып қалды. Соның орнына сауда үйлерін салып жатыр. Егер соған салынған қаражатты шағын және орта бизнеске, өндіріске салғанда мемлекет экономикасы қауқарлы болатын еді. Қазіргі қоғамды шағын және орта бизнес өкілдері дамытады.

Соңғы 10 жылда телеарналарда тағылымды ешнәрсе қалмаған. Дүйсенбі күні таңертең басталатын шоулар жексенбі күні кешке аяқталып жатады (күлді). Совет одағында адамдарды мәңгүрттендірудің бір жолы осы болған. Кімнің қолымен жасалып жатқанын білмеймін, бірақ бұл да халықты оятпаудың амалы. Қытайда тек қана бизнесті, өнерскәсіпті насихаттайтын арналар бар. Олар таңнан-кешке дейін соны көрсетеді. Оны көріп өскен қытайдың баласы болашақта қалай бизнесмен болмайды?

Қолөнер шеберінің бір күні

Менің күнім күнде кешкісін жоспар жасаудан басталады. Ертеңінде сол жоспар бойынша жүремін. Шеберханаға таңғы сағат 10-да келіп, балаларың жағдайымен танысамын. Ұйықтап жатқандарын оятамын. Керек-жарағын тексеремін. Одан кейін тапсырыстарды жасауға кірісеміз. Арасында тапсырыс берушілерді қабылдаймыз. Көрмелерге барамыз. Күніне 1 рет сурет салып отыруға тырысамын. Әдетте, жұмыс уақыты түнгі 11-лерде ертеңгі күнге жоспар құрумен аяқталады.

Алмас Мұстафа еңбек
© szh.kz

Алмас Мұстафадан кеңестер

  1. Бағыт-бағарды анықтап алу керек. Оны таңдау оңай. Сен не нәрсеге қызығасың, сол салаға бар. Сонда ғана үлкен нәтиже шығарасың. «Жас Отанның» ішінде жүруге немесе жас депутат болуға менің де қабілетім жететін еді. Бірақ ол мені қызықтырмайды. Мені қызықтыратыны – қолөнер. Сондықтан да мен осы саладан әлі кеткен жоқпын.
  2. Не жасасаң да сапалы бренд жасауға тырысу керек. Ол мейлі түйме, беторамал болар, бірақ сапалы, ешкімге ұқсамайтын бренд болсын. Ол барлық салаға қатысты.
  3. Маркетинг, менеджмент деген ұғымдармен таныс болу керек. Қолөнершілерге оқу орнында оны ешкім үйретпейді, ол туралы атпайды да. Сен нарыққа кетіп бара жатқан адам болсаң да, саған айтылмайды. Содан кейін сен акулалары бар теңізге секіріп кеткен адамдай, жұтылып кетесің. Ал тірі қалу үшін нарықты зерттеу керек.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Балжан Балташева

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.