Астана қаласы күн санап өсіп келеді. Елордамен бірге ондағы ел де өсіп-өркендеп келеді. Осы қалада он адамнан тұратын үлкен отбасы бар. Өздері қыздар мен жігіттер болып шартты түрде бес-бестен бөлініп алады екен. Бұл – Хабибулла Қанағатұлының отбасы. Алғашында 36 жастағы әкенің 8 баласы бар екенін естігенде, таңқалып, математикаға салып есептеп те көрдік. Үлкен отбасының тереңде жатқан тарихымен Хабибулла ағаның өзі таныстырып берді.

Әке мен бала
Атамыз қонаққа келгенде. Фото: Baribar.kz

Әкемнің 75 жасында дүниеге келдім

1982 жылы Ауғанстан Республикасында дүниеге келдім. Әкем үлкен кісі болатын. Мен туғанда әкем 75 жаста болыпты. Алдымда бес әпкем, екі ағам, бір інім бар. Мен бір жасқа толғанда отбасым Иранға көшіпті. Каспий теңізінің жағасындағы Түркімен порты деген жерде мектепке бардым. Бастауышты парсы мектебінде оқып бітірдім.

Он жасқа толғанымда Қазақстан тәуелсіздігін алып жатқан еді. Отбасымызбен атамекенге оралуға бел будық. Сөйтіп, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Шақпақата ауылына қоныстандық. Елге оралған соң 4-сыныптан бастап қайта қазақ тілінде оқыдым. 7-сынып оқып жүргенімде Түркістан қаласына көштік. Мектепті осында аяқтадым.

«Алтын алқа» иегерімен алғашқы таныстық

Әке мен бала
Хабибулла Қағанатұлы жары Әселмен. Фото: Baribar.kz

Жоғары оқу орнына құқықтану мамандығына тапсырдым. Түркістандағы Халықаралық Қазақ түрік университетінде оқыдым. Университетте оқып жүргенде Алматы қаласына бір іс-шараға жіберді. Балаларымның анасы, асыл жарыммен сол Алматы қаласында таныстым. Жарымның есімі – Әсел. Әсел сол кезде Алматыдағы Қазақ гуманитарлық Заң университетіндегі үздік студенттердің бірі еді. 2003 жылы оқуды аяқтап, Әселмен отбасын құрдық. 2004 жылға қарай Астана қаласына көшіп келдік. Содан бері осы қаламен бірге өсіп-өркендеп келеміз.

Сегіз баланың анасынан қыздарға кеңес

Әке мен бала
Хабибулла Қағанатұлының жары Әсел үлкен қызымен дастархан жасау кезінде. Фото: Baribar.kz

Осы кезде әңгімемізге «Алтын алқа» иегерінің өзі де араласты.

1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келгенмін. Мектепті бітірген соң Алматыға заң мамандығына түстім. Студенттік жылдарыма алғысым шексіз. Себебі осы кезде Хабибулланы кездестірдім.

Қазіргі қазақ қыздарының көпшілігі тұрмысқа шығуға асықпайды. Оған әр түрлі себеп пен сылтау да табылады. Қыз баланың басты миссиясы – өмірге ұрпақ әкелу. Карьера жасаймын, оқимын, өсемін, жетілемін дегендердің бәрін тұрмысқа шыққан соң жасап алуға болады. Күйеуіңнің жетісітігі – сенің де жетістігің, күйеуіңнің карьерасы – сенің отбасылық карьераң. Әрбір қазақ қызы осылай ойласа елімізде бақытты отбасылар да, бақытты балалар да көбейер еді.

Қыздың орны отбасы, ошақ қасы деп білім алуына, жоғары оқу орнында оқуына кедергі болмау керек. Білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін ананың өзі де білімді болуы керек. Балаларына тәлім-тәрибиемен қатар ақыл айтып, білім беру, сабағына көмектесу, болашағына бағдар беріп, жол сілтеу – ананың басты парызы.

Біздің үйдегі ереже

Әке мен бала
Үйдегі қыздар қауымы. Фото: Baribar.kz

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді Бауыржан Момышұлы. Біздің үйдің де өзіндік ережелері бар. Бірақ, бұл темірдей тәртіптен қарағанда, сыйластыққа, тәрбиеге негізделген. Біздің үйдегі басты ереже: «Ешнәрсені ертеңге қалдырма». Үлкен отбасы болғандықтан белгілі бір жүйе, әркімнің өзінің міндеті болуы керек. Отбасымыздың он мүшесінің әрқайсысы жеке тұлға, бір-біріне ұқсамайды. Кейде шаруа атқаратын тұста қыздар мен жігіттер болып бес-бестен бөлініп аламыз.

Кез келген жұмысты маңыздылығына байланысты бөліп, реттеп аламыз. Бір адам бірнеше міндетті қатар орындауға тырысып, әр істің басын бір шалғанша, бір адам өзінің қолынан келетін жақсы іспен айналысқаны абзал. Балаларыма осыны үйретемін», -дейді үлкен отбасының отағасы.

Әке мен бала
Хабибулла Қағанатұлы және оның үлкен отбасы. Фото: Baribar.kz

Сегіз бала және ерекше есімдер

Адамның ата-анасы таңдап берген есім оның өмірінде маңызды рөл атқарады дейді. Баланың тұлға болып қалыптасуына, өмірінің әрі қарай өрілуіне де есімдері әсер етеді. Тұңғыш қызымыздың есімі – Әзиза. Жасы – 14-те. Әзиза биыл тоғызыншы сыныпқа көшті. Үйдің үлкені болғандықтан, анасының көмекшісі, бауырларының қамқоршысы.

Екінші қызымыздың есімі – Әмина. Жасы – 12-де. Биыл Назарбаев зияткерлік мектебінің емтихандарын сәтті тапсырып, сыннан сүрінбей өтті. Жаңа оқу жылын НЗМ-де бастайды.

Ұлдың үлкені – Осман. Осман – пайғамбарымыздың төрт сахабасының бірінің есімі. Соның құрметіне баламызға осындай есім бердік.

Келесі ұлымыздың есімі – Әли. Әли – пайғамбарымыздың сүйікті күйеу баласы болған. Соның құрметіне осылай атадық.

Үшінші ұлымыз – Ясин. Анасы осы балаға толғатқан сайын Ясин сүресін оқып, емханаға жіберетінбіз. 2010 жылы өмірге келді. Өзі де, тағдыры да ерекше бала болды. Ясин сүресінің құрметіне үшінші ұлымызды осылай атадық.

Алты жасар ұлымыздың есімі – Ибраһим. Абай Құнанбаев атамыздың құрметіне осындай есім бердік.

Кішкентай екі қызымыз бар. Есімдері – Мәриям және Фирдаус. Қазір тоғызыншы сәбиімізді күтіп отырмыз.

Жеті тілді жетік білетін әке

Ауғанстанда жүрсек те, Иранда жүрсек те үйде қазақ тілінде сөйлесетінбіз. Отанның қадірін, тіл мен жердің қадірін жырақта жүрген қазақтар жақсырақ түсінеді.

Әке мен бала
Хабибулла Қағанатұлы ұлына кітап оқытуда. Фото: Baribar.kz

Парсы мектебіне барғандықтан, парсы тілін меңгеру қажеттіліктен туындады. Парсы мектебінде қосымша араб тілі мен ағылшын тілі қатар жүреді. Аталған үш тілді қатар меңгердім.

Қазақстанға келген соң орыс тілін үйрендім. Одан бөлек, өзбек тілі, тәжік тілі мен түркімен тілін білемін. Қазақ тілі өзімнің ана тілім болғандықтан, мұны тіл білу деп айта алмаймын. Қазақ тілінен бөлек, жеті тілді жетік білемін деп айтуға негіз бар.

«Болашақ» бағдарламасы және Лондон көрген балалар

Ағылшын тілін жақсы білгендіктен «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Лондон қаласында магистратура оқып келдім. 2012 жылы оқуға құжат тапсырғанымда 6 баланың әкесі едім. Халықаралық саясат, дипломатия және сыртқы саясат мамандығы бойынша шетелде оқыдым. Алғашында екі-үш ай отбасымнан жырақта болдым. Орналасып алған соң әйелімді және алты баламды жаныма алдырдым. Бір терм, шамамен 3-3,5 айға созылады. Отбасым осынша уақыт жанымда болып, қолдау көрсетті. Лондон қаласында үй жалдап тұрдық. Алғашқы алты баламыз әке-шешесімен бірге Ұлыбритания көрген балалар. Өзіміз отаннан жырақта өскендіктен, балаларға туған жердің қымбат екенін әрдайым ескереміз. Сондықтан, көпке созбай Қазақстанға қайта оралдық.

Дәстүрге айналған әкелер форумы

Жаһандану заманында адамзат сақтап қалуға тиіс құндылықтар көп. Солардың маңыздысы – отбасылық құндылықтар. Қазір осы құндылықтарды сақтауды насихаттайтын түрлі шаралар ұйымдастырылып жатады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай елордада «Әкелер форумы» өткен еді. Сол форумға қатысып, «Қамқор әке» деген номинация алғаным есімде. Қазір әкелер форумы деген дәстүрге айналған. Биылғы форум Ақтөбе қаласында өтті. «Әкелер аллеясы» да жер-жерден ашылып жатыр. Әрине, мәселе мұнда емес. Бұл шаралар қоғамдағы әкенің орнын, отбасындағы рөлін көрсетуге, жақсы ұрпақ тәрбиелеуге үндейді.

«Бір әкенің тәрбиесі жүз мектеп те бере алмайды» дейді ғой қазақ. Қазір Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінде зейнеттік талдау басқармасының басшысы болып қызмет етемін.   Қызметте жүрсем де, уақыт тауып, отбасыма, балаларыма көңіл бөлуге тырысам. Демалыс сайын балаларыммен көкке шығып, қала ішін аралап, қыдыртуға тырысам. Қандай әке екенімді балалардың өзінен сұрау керек шығар.

Үлкен қалада үлкен отбасын асырау оңай емес

Хабибулла Қағанатұлы сұхбат беру барысында. Фото: Baribar.kz

Астана – алып қала, қымбат қала. Сондай-ақ, жастардың, жас отбасылардың өсуіне жағдай жасайтын қала. Ең бірінші қалаға келгендерге баспана мәселесін шешу қиынға соғады. Ал егер үйің болса, айдан-айға аман жету үшін талмай еңбек ету керек. Бір ғана қызметпен  отбасын асырау мүмкін емес. Сондықтан, бала-шағаның қамы үшін күндіз-түні талмай еңбек етуге тура келеді.

Жас отбасылардың көбі балалы болуды қалағанымен, кейін оны өсіру, асырау, оқыту, бағып-қағу туралы ойлағанда, бойларын қорқыныш билейді. Демографиялық ахуалды жақсарту үшін алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Ал жастарға батылдық керек деп ойлаймын. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген аталы сөз бар ғой. Әр баланың өз несібесі болады. Ол сол несібесімен дүниеге келеді. Сондықтан, Құдай берген сыйдан бас тартпай, үлкен отбасы болуға ұмтылу керек. Үлкен отбасының ырысы да көбірек болады.

Балалаларымыздың адам болғаны маңызды

«Ата-ананың мойнына тек балалар асырау міндеті емес, ұстаздық міндет те жүктелген. Балаларды өсіру, тәрбиелеу, оларға біліммен қоса бағыт-бағдар беру, болашағына жол сілтеп, дұрыс таңдау жасауына ісер ету де ата-ананың парызы. Өзім мемлекеттік қызметте жүргендіктен, балаларымның бойына гуманитарлық білімді сіңіруге тырысамын. Ал олардың оқуын қадағалау, тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау үйдегі жұбайымның қадағалауындағы шаруа. Балаларым қандай мамандықты таңдаймын, қайда оқимын десе де таңдау еркін өздеріне бермекпін. Маған балаларымның қандай маман болғанынан қарағанда қандай адам болғаны маңыздырақ»,- деп қайырды әңгімесін Хабибулла аға.

Әке мен бала
Хабибулла Қағанатұлы қызымен. Фото: Baribar.kz

Ал сегіз баланың анасы Әсел балаларын техникалық мамандықтарды меңгергенін қалайтынын жасырмады. «Жаңа технологиялар қарыштап дамып жатқан жаһандану заманында балаларымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, білімді болғанын барлық ата-ана қалайды. Менің ойымша, балалар қазір зерек, ақылды. Кез келген нәрсені жылдам меңгеріп алады. Олардың гуманитарлық саладан қарағанда техникалық мамандықтарды меңгергенін қалаймын. Себебі гуманитарлық салаларды олар жылдам-ақ бойларына сіңіріп алады. Дәл қазір біздің еліміз білікті мамандарға, жаңа технологияларды игеруші жастарға мұқтаж. Сондықтан, ел игілігі үшін қызмет етуге тәрбиелейміз»,-деп себебін де түсіндіріп берді.

Телефон ойнауға қолдары да тимейді…

Әке мен бала
Хабибулла Қағанатұлы қыздарымен бірге. Фото: Baribar.kz

Жасыратыны жоқ, көптеген балалар тәулік бойы телефонға телмірумен болады. Оның пайдасы да, зияны да кейінірек аян болады. Біздің үйдің тұрғындары түрлі гаджеттерге аса құмар емес. Көпбалалы отбасының басқалардан артықшылығы да осы шығар. Бір-екі баласы ғана бар үйдегі балалардң іші пысады, сосын телефонды ермек қылады. Ал біздің үйдің балалары бірге ойнайды, бірге оқиды. Үлкендері кішілеріне үй тапсырмаларын орындауға көмектеседі. Қыздар жағы анасына тамақ жасауға, үй жинауға көмектессе, жігіттер қауымы менің жанымда. Сондықтан, телефон ойнауға қолдары да тимей қалады. Үйде әркімнің мойнына жүктелген жауапкершілік бар. Осман мен Әли тамақтанып болған соң еден сыпырады, Әзиза мен Әмина тамақ жасауға, ыдыс жинауға көмектеседі. Балаларға «жауапкершілікпен қара», «ақылды бол», «еңбекқор бол» деп құр сөзбен ақыл айтқанша, оны іс жүзінде қалыптастыра білу керек деп ойлаймын.