Жолдау-2018 ерекшелігі неде?
Жолдауда білім сапасы басты назарға алынған. Әсіресе, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты 30%-дан 50%-ға дейін өсетіні туралы хабарды халық ерекше ықыласпен қабылдады. Президент осы мақсатта биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу керектігін айтты. Жолдаудың ерекшелігі – мұнда білім саласының барлық сатылары бойынша нақты міндеттер айқындалған. Мәселен, Президент орта мектеп, колледж, ЖОО үздік оқытушыларының бейнесабақтары мен бейне8лекцияларын Интернетке орналастыру керек екенін атап өтті. Бұл расымен, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұстаздарға қолжетімді әрі пайдалы дүние болары анық. Сонымен қатар бұл ауыл мен қала білімін теңестіруге жағдай жасайды деп ойлаймыз. Президент Жолдауда ЖОО бойынша да нақты міндеттер қойған. Оның ішінде Президенттің аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау туралы ойына ерекше тоқталуға болады. Себебі Елбасы мұндай оқу орындарының диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды даярлау керек екенін айтты. Агроөнеркәсіп саласының Қазақстан экономикасында алатын рөлінің ерекше екенін ескерсек, бұл жоғары оқу орындарындағы оқу бағдарламалары жаңартылып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибе сабақтасса, саланың дамуына ерекше үлес болары сөзсіз.
Жастар туралы не айтылған?
«Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деп Шоқан Уәлихановтың қанатты сөзі бар. Бұл сөзбен келіспеуге болмайды. Қазіргі қарыштап дамып жатқан әлем өркениетінің негізі сапалы оқу-біліммен тығыз байланысты екендігі баршамызға аян. Сондықтан Қазақстанның бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болуы үшін біз сауаттылығы жоғары алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналуымыз керек. Ол үшін ең бірінші ел ішінде оқу-білім саласына көп көңіл бөлуіміз қажет. Бұл мәселе Елбасы Жолдауында назардан тыс қалмаған.
Жолдаудың жетінші бағытында баяндалған мәселелерге тоқталатын болсақ, жалпы барлық жастағы азаматтардың білім беру жолында өзіміздің озық жүйемізді құру, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қазіргі уақытта қайта қарау, университеттердегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту, жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау мақсатында білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын арттыру, ел азаматтарының болашағы ретінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеру, латын қарпіне көшу, цифрлы білім беруді дамыту, «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыру, орта мектеп, колледж, ЖОО үздік оқытушыларының бейне сабақтарын интернетке орналастыру, жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар бойынша квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізу, оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салу мәселелері және тағы басқалары қамтылған.
Әлеуметтік мәселелер және денсаулық саласы
Жолдауда халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы мен денсаулығы басты назарда. Осы ретте 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенін айта кетуге болады. Базалық зейнетақы 29%-ға, ынтымақты зейнетақы 32 %-ға, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 %-ға, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 %-ға өсті. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің, білім беру саласы қызметкерлерінің, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы, стипендиялар да көтерілді. Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 пайызға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты. Жолдауда бұл салалар бойынша нақты міндеттер де қойылған. Мысалы, Президент денсаулық саласында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет екенін айтты.
Сондай-ақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуді тапсырды. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Жолдауда Президент тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеуді тапсырды.
Жолдауда Н.Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру тапсырмасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапсыздық танытып, атүсті қарағанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. Сонымен қатар Президент бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажеттілігін атап өтіп, Электрондық еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылғы 1 сәуірге дейін қабылдау керектігін айтты. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көшті. Оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайыздан 50 пайызға дейін көтерілді. Сонымен қатар еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады. Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтіледі.
Экономика, бизнес саласы
Биылғы Жолдауда экономикалық өсімге қол жеткізуге бағытталған міндеттер қатарында бұл салаларға да басымдық берілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда болашақта жаһандық экономика мен еліміздің экономикасын дамытуда ерекше маңызға ие болатын жаңартылатын энергия көздері туралы да айтқан. Қазір Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірген. Жолдауда Президент 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндеті қойылғанын айтқан. Жолдауда айтылғандай, 2017 жылы Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 17 пайызға өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтаған. Енді транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеттеліп отыр. Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді.
«Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан – 2050» даму стратегиясын қабылдадық. Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық. 100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Өткен жылы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы» бастау алды. Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда. «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды» деп жарқын болашаққа нық қадаммен алға басқан еліміздің жан-жақты дамуы жолында атқарылып жатқан игі істерді Елбасымыз Жолдауында баяндап өтеді.