Қыз болсам да ұлдармен жаттықтым
Дзюдомен айналысуға деген құштарлығымды ағам оятты. Ол «Темірдос» спорт кешенінде жаттығатын еді. Менің қызығушылығымды байқаған соң әкем өз-өзімді қорғай алуым үшін осы спортқа келуіме рұқсатын берді. Рұқсат беріп қана қойған жоқ, бірден ағам жаттығатын залға ертіп апарды. Бірақ ол жақта қыздар болмады. Ал ұлдардың көбінің жасы үлкен екен. Сол себепті онда ұзақ болмадым. Арада біраз уақыт өткенде әкем мені Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық деңгейдегі төреші Сейдолла Қалиевке ертіп әкелді. Сейдолла ағай менің дзюдоға деген қызығушылығымның одан сайын артуына септігін тигізді. Қыз болсам да ұлдармен бірге жаттықтырды. Соның арқасында түрлі әдіс-тәсілдерді меңгердім, шыңдалдым, кәсіби тұрғыда өстім.
Десек те, «бәріне бірден қол жеткіздім», «еш қиындық болмады» десем өтірік болар. Спортта небір қиындықтар бар. Оның алғашқысы жарысқа қатысуды бастаған кезде сезіледі. Себебі намысты қолдан бермеу үшін күні-түні жаттығасың. Тек физикалық тұрғыда ғана емес, моральдік жағынан да шаршап кететін кездерің болады. Одан бөлек татамиге шығар алдындағы қорқыныш, толқу сезімдерін еңсеруді үйрену керек. Ол өз алдына жеке психологиялық жаттығуды талап етеді. Алғашқы жарыстарыма шығарда басыма «Қазір жеңіліп қалсам, не болады?» деген ой келетін. Бұл — өте жаман әдет. Егер сол ойға беріліп кетсең, ойың шашылып, жеңіс қалай қарсыласыңның еншісінде кеткенін сезбей қаласың. Сондай жаттығу қиын болып кеткен кездерде немесе қатты жарақат алғанда спортты тастап кету туралы ойлаймын. Бірақ бойымды бірден жинап аламын.
Алғашқы жеңіліс пен жеңіс
Ең алғашқы жарысым күні кеше ғана болғандай көз алдымда. Онда қарсыласым ұлдар болды. Иә, кәдімгідей ұлдармен күрестім. Тіпті, финалға дейін жеттім. Ақтық сында жаттықтырушымен бірге жаттығатын баладан ұтылып қалдым. Қатты намыстандым. Содан бері ұтылуды жек көремін. Өзіме «Енді ешқашан жеңілмеймін» деп сөз бердім. Қарсыласым қыз болса да, ұл болса да, соңғы мүмкіндігім қалғанша жеңіс үшін барымды саламын деп шештім. Алғашқы жеңілісім маған осындай сабақ берді.
Алғашқы жеңісім де есімде. Ол қыздар арасындағы біріншілік болатын. Бірінші орын алғанмын. Одан кейін менің жетістікке, жаттығуда төккен терді ақтауға деген құштарлығым оянды. Нәтижеге жұмыс істеуге кірістім.
Азия чемпионы атандым
Жастар арасындағы Азия чемпионатына көп дайындалдым. Дайындықты өзім оқитын Республикалық спорт колледжінде бастадым. Кейін жаттығу жиындарына бардым. Сол жерде өзімнің көптеген әдіс-тәсілдерімді жетілдірдім. Қайтсем де орын аламын деген мақсатым болды, бірақ 1-орын бұйырады деп ойламаппын. Чемпионат мамыр айында Ливанда өтті. Оған жиырма екі елден екі жүзге жуық дзюдошы қатысты.
Бірінші кездесуде Вьетнам қызымен күрестім. Оны ойдағыдай әрі оңай ұттым. Екінші кезеңде қарсыласым қырғыз спортшысы болды. Күші көп қыз екен, жеңу кішкене қиынға соқты. Бірақ амалын тауып, оны да еңсердім. Финал ең қиын кездесу болды. Онда өзіммен бірге құрамада жүрген астаналық Ақмарал Науатбек деген қызбен күрестім. Екеуіміз төрт минут бойы беріспестен күрестік. Қанша дегенмен, бір-біріміздің техника, тактикаларымызды білеміз. Оны мықты спортшы ретінде мойындаймын. Дегенмен бұл белдесуде жеңіс маған бұйырды.
Қатты қуандым. Өзімнің бірінші орын алғаным үшін емес, финалға екі қазақ қызының шыққаны үшін төбем көкке жетті. Білуімше, бұндай жағдай бұрын-соңды болмаған.
Чемпионатта қазақ құрамасының қаншалықты мықты екенін дәлелдедік деп ойлаймын. Біздің құрама сәтті өнер көрсетіп, барлығы үш алтын, алты күміс, бес қола медальді қанжығамызға байладық.
Енді алда болатын Әлем чемпионатында орын алуды көздеп жүрмін. Ең ұлы арманым — Олимпиада шыңын бағындыру. Аргентинада өтетін жастар арасындағы олимпиадаға барғым келеді. Ол үшін тыңғылықты түрде жаттығамын. Бәрін уақыт көрсетеді.
Мен үшін ең үлкен мақтаныш — шетелде болып жатқан жарыстарда орын алып, еліміздің атын шығару, көк туын желбірету.
Спортшыға не керек?
Спортшыға ең бірінші жігер мен мінез керек. Осы екеуі болса ол бүкіл қиындықтарды еңсеріп, чемпиондыққа қол жеткізеді. Сонымен бірге спорттағы ең өзекті және шешілмеген мәселелер де спортшыға әсер етеді. Мысалы, ақша мәселесін алайық. Көп жағдайда турнирлердің, жаттығулардың ұйымдастырылуына ақша жетпей қалады. Мәселен, спорттағы алғашқы қадамдарымды жасап, жарыстарға бара бастаған кезімде шығынды ата-анам көтеретін. 2015 жылы Азия чемпионатына барғанда да шығынның жартысын өз қалтамнан шығардым.
Отбасым туралы
Отбасымызда бесеуміз: ата-анам, ағам, мен және інім. Ата-анам жас кездерінде әртүрлі спорттармен айналысқан. Ағам дзюдомен шұғылданды. Інімнің спортқа дым қатысы жоқ. Соған қарамастан, олар — менің ең бірінші жанкүйерлерім, үлкен қолдаушыларым. Әр жарыстан соң мені ерекше күтіп алады. Ұтылған кезде ешқашан ұрсып, айқайлаған емес. Олар дзюдоға қатты жақын болмаса да, менің қарсыластарымды, оларға жасаған әдіс-тәсілдерімді, қай күні кіммен шыққанымды жатқа біледі. Анам жеке психологым десем де болады. Қиындыққа тап болған кезде бірінші болып мені қолдап, көмектеседі, ақылын айтады.
Үлгі тұтамын
Алғашқы жаттықтырушым Сейдолла Қалиев ағамыздың екі қызы бар. Бәрі танитын болар. Олар: Айман апай мен Шолпан апай Қалиевалар. Қазір жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Менің жасымдай кездерінде өте мықты күресіп, жақсы нәтижелер көрсеткен. Шолпан апай Олимпиадаға барған. Сол кісілерді өзіме үлгі тұтамын.
Спорттағы достық туралы
Менің ойымша дзюдода татамиге шыққанға дейін бәрі дос болады. Мысалы, Республикалық спорт колледжінде Абиба Абужақынова деген қыз бар. Әлем чемпионатында 2-орын алды. Екеуіміз бір салмақтамыз. Татамиге шыққанда дұшпандар сияқты күресеміз де, жай өмірде жақсы доспыз. Үнемі бір-бірімізді қолдап, жаттығу кезінде көмек қолымызды аямаймыз. Одан басқа да бірінші залда жаттығып жүрген, менімен бір құрамадағы қыздар бар. Олар да мықты. Ішінен Мөлдір Нарынова, Меруерт Сәрсенова, Балнұр Құрманбайды атап айта аламын.
Менің өмірдегі басты ұстанымым — адалдық пен мейірімділік. Сондай-ақ, спортта да, жалпы күнделікті өмірде де бастаған ісімді соңына дейін ықыласпен істеу де — менің әдетім.
Болашағымды елестеткенде, өзімді кәсіби спортшы ретінде көремін. Дегенмен өмірімді түпкілікті түрде спортпен байланыстырамын ба, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.