Тестті 3 рет қайта тапсыруға мүмкіндік бар

Белгілі бір себептерге байланысты тестілеуге қатыса алмайтын болсаңыз, комиссия өзге топпен тапсыруға рұқсат береді. Шекті балдан аса алмағандар ұлттық бірыңғай тестіні биылғы жылы тамызда қайта тапсыра алады. Екінші рет тестілеуден өте алмай қалса да, түлектің университеттерде оқу мүмкіндігі уақытша сақталады. Онда оқу жылының жартысын оқып, келесі жылдың қаңтарында қайтадан тест тапсыруы тиіс. Тіпті үшінші сынақтан да өте алмаған жағдайда келесі жылы кешенді тестіні қайта тапсыра алады.

«Алтын белгі» иесіне басымдық берілмейді

Биыл еліміз бойынша 146 695 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 44 253-і ҰБТ тапсырмайды. Оқу жылын «Алтын белгімен» аяқтаған түлектер тек ҰБТ-да жинаған балына қарай грант иегері атана алады. Яғни, барлығы грантқа қол жеткізе алмайды. «Алтын белгі» иегері 120 балл, қатардағы түлек 125 балл жинаса, белгі иесіне емес, ұпайы жоғары балаға басымдық беріледі.

«Алтын белгі» иегері болуының бір ғана пайдасы бар. ҰБТ нәтижесі бойынша балл саны бірдей болып, бір орынға бірнеше үміткер таласқан жағдайда ғана «Алтын белгі» иегері ескеріледі.

«Былтыр оқу гранттарын бөлгенде, «әділетсіздік болды» деп көп ата-ана шағым түсірген. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті кейбір мектептердің құжаттарын тексерген болатын. «Алтын белгіні» негізсіз таратқан деректер кездесті. Енді ҰБТ-дан жоғары балл жинай алмаған, бірақ мектепті үздік бітірген түлектер «Алтын белгі» иегері болып қала береді», – дейді ҚР Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Талғат Жәкенов.

Тест сұрақтарының 50%-ы жаңартылды

Биылғы жылы бірыңғай ұлттық тест базасында 110 000 сұрақ бар. Былтыр 40 000 сұрақ қана болатын. Оның 3000 сұрағы ағылшын тілінде. Жыл сайын Ұлттық тестілеу орталығы тапсырмалардың 35%-ын  жаңартады. Биыл да база жаңа сұрақтармен толықтырылды. Олардың 11%- сауаттылыққа бағытталса, ал 37%- тест сұрақтарының бір немесе бірнеше нұсқасы бар сұрақтар ретінде дайындалды.

ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген 102 мың 442-нің 77 223 түлек қазақша тапсырады. 200-дей оқушы ағылшын тілінде тапсыруға тілек білдірді. Олардың көпшілігі Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері.  Шет тіліндегі сұрақтарды мектептегі ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдер әзірлеген. Ағылшын тіліндегі сұрақтардың қазақша және орысша нұсқадан айырмашылығы жоқ. Оларға сөздікті пайдалануға рұқсат беріледі. Қосымша орыс, қазақ тіліндегі кітапшасына ұқсас жинақтар беріледі.

Алғашқы 140 балл жинаған талапкерге iPhone сыйға беріледі

Әрбір талапкерге ҰБТ куәлігімен бірге мамандықтар тізімі беріледі. Оның ішінде биыл бөлінетін грант саны мен былтырғы тізімі бар ақпараттық парақ таратылады. Бұл түлекке ҰБТ-да жинаған балына сай мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.

«Ерекше қажеттіліктері бар балаларға жеке көмекші, ым-ишарат тілін білетін маман ұсынылады. Талапкердің ҰБТ-ны екінші рет тапсыру құқығы сақталады. Өткен жылдың қорытындысы көрсеткендей, бұл шара қосымша 30 мың жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік берді», – дейді Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Светлана Ысмағұлова.

Білім және Ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-дің 15 жылдығына орай бірінші кезегінде ең жоғары балл жинаған түлекке iPhone сыйлауға уәде берді.

ҰБТ сертификаты тестілеу өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды.

Ұлттық университеттерге түсу үшін ең кемі 65 балл жинау керек

Биылғы жылы ЖОО-на түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалдырылды. Бірақ, Ұлттық университеттерге түсу балының ең төменгі шегі – 65 балл.

Білім, ауылшаруашылығы, ветеринария саласындағы мамандықтарға 60 балл жинамағандар түсе алмайды. Ал осы мамандықтарды ұлттық уинверситеттерде оқығысы келсе, кемінде 65 балл жинауы керек. Медициналық бағыттардағы мамандықтар да тура осындай. Математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл жинау қажет.

Бұрын орыс мектептері қазақ тілін, қазақ мектептері орыс тілін тапсырғанымен балы ескерілмейтін. Жаңа формат бойынша, барлық пәндердің сұрақтарының жауаптары есептеледі. Бір сұрақтың жауабы бірнешеу болуы мүмкін. Бұл тұста ойланбай, бір ғана жауапты белгілейтін болса, балл саны қысқарады. Сонда барлық сұрақ – 120. Бірақ, 140 балл жинай алады.

ҰБТ қалай өтеді?

Тестілеу бес пәннен тұрады. Талапкер 3 сағат 50 минутта (230 минутта) 2 бөлімде орналасқан 120 тапсырманы орындау қажет.

1 – Міндетті (3 пән): математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы. Әрқайсысы 20 тест тапсырмасынан тұрады.

2 – Таңдау немесе бейінді (2 пән). Бұл бөлімге бірнеше пәндер кіреді. Емтихан тапсырушы таңдайтын мамандығына сәйкес бұл пәндерді терең игеруі қажет. Мысалы, математика мен физиканы тапсырған талапкер 52 мамандықтың ішінен таңдай алады. Бір бейінді пән бойынша тестінің 30 сұрағы болады. Оның 20 сұрағының бір-бірден ғана жауабы дұрыс болса, қалған 10 сауалдың бір немесе бірнеше жауабы болады.

Аппеляциға беру тәртібі қандай?

ҰБТ өткізу пунктеріндегі аппеляциялық комиссияға өтініш білдіре алады. Оны тест нәтижесі шыққаннан кейін, келесі күні сағат 13:00-ге дейін бере алады және ол сол күн ішінде қарастырылады.

Өтінішті тестіленуші өзі жазады. Онда тапсыратын пән атауы, сұрақтар нақты көрсетілуі керек. Өтініш берушінің өзімен бірге жеке куәлігі, кіру қағазы болуы қажет.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін…

1-10 тамыз аралығында білім беру гранттарының нәтижесі белгілі болады. Білім беру гранты иегерлерінің тізімі өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Талапкер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына:

  • Белгіленген үлгідегі өтінішті;
  • Білімі туралы құжатты (түпнұсқа);
  • ҰБТ сертификаты;
  • 3×4 көлеміндегі екі фотосурет;
  • 086-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы;
  • Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.

Гранттардың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс тәртібімен беріледі. Ал қалған 30 пайызы тек ауыл жастары арасынан шыққан азаматтарға таратылады.

Педагогикалық мамандықтарды таңдағандар және арнайы емтиханнан өткен талапкерлер бейіндік пәндеріне сәйкес төрт ЖОО таңдайды және төрт мамандық бойынша қатыса алады.

Конкурс кезінде баллдар көрсеткіші бірдей болса…

Егер білім беру гранттары конкурсына баллдары бірдей талапкерлер таласып қалса, төменде жазылғандарға басымдық беріледі.

  •  «Алтын белгі» белгісімен марапатталғандарға;
  • Жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталғандарға);
  • Халықаралық және республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарына;
  • Өздерi таңдаған мамандық олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы оқу жылында президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстары (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздарына;
  • Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • Кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға;
  • I және II топтардағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер.

Грант саны толықтырылды

Биыл жалпы медицина мамандығына 2152 грант бөлінді. Толық оқыту бойынша қазақша бөлімге – 1614, орысша бөлімге – 538. Технологиялық машина және жабдықтау (сала бойынша) мамандығына 690 грант бөлінді. Толық оқытатын қазақ бөліміне – 480, орыс бөлімге – 160. Қысқаша оқытылатын қазақ бөлімге – 38, орыс бөлімге – 12.

Толық грант санын мына сілтемеден көруге болады.