Таня Куальо, 24 жаста
Туған жері — Италия, Падуа қаласы
Қазақстанға оқуға байланысты көшіп келгеніме екі жылдың көлемі болды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде, Қазақстан туралы біраз хабардар болғанмын. Әлеуметтік желіден де осы ел туралы көптеген ақпараттарды көзім шалып, біліп отырдым. Қазақ жеріне барсам деп армандап қана қоятынмын. Арманым алдамады. Бірақ сол уақытта қазақстандық боламын деп ойламаппын. Шыны керек, осы елде тұрып жатқаныма мүлдем өкінген емеспін, өкінбеймін де. Себебі, Қазақстанға бірден бауыр басып кеттім.
Бұл мемлекетке үйренісуіме бір ай жеткілікті болды. Алайда алғаш келген уақытта бұл жердің бюрократиясы, яғни қағазбастылық ұнамады. Құжат бойынша жұмыстарым тез бітпеді.
Қазақстан мені тек өзінің табиғатымен ғана емес, сонымен қатар халқының қонақжайлығымен де баурап алды. Қазақтар мен итальяндардың да басты ұқсастығы осы қасиеттерінде деп ойлаймын. Қазақ достарым өте көп. Ешқашан маған «сен басқа ұлтсың» деп жақтырмай не келемеждеген кездері болмапты.
Осында алғаш келген жылы КИМЭП университетінде жұмыс істейтін қазақ қызбен дос болдым. Досым үйіне қонақ ретінде шақырды. Әдетте басқа мемлекеттерде қонаққа бір шыныаяқ шайларын ұсынып жатады. Бірақ қазақ еліне келіп қонақ күту дәстүріне тәнті болдым. Дос қызымның үй-іші дастархандарын керемет қылып жайып, асты-үстіме түсті. Барған күні ет асты. Осы кезде қазақтың ұлттық тағамы бешбармақты алғаш рет жедім және бұл тағам маған қатты ұнады. Бастапқы кездері көп етке көзім үйренбеген. Дегенмен бірте-бірте мен үшін бұл да қалыпты жағдайға айналды.
Әдетте итальяндар ірімшік қосылған тағамдарды ұнатады. Біздің елдің ең сүйікті тағамдарының бірі — пицца. Ал Қазақстанда пицца кез келген орталықта сатылады және арнайы пиццериялар да бар. Сондықтан да өз елімді сағынған кездері итальян асханаларына, арасында мейрамханаларға барып тұрамын.
Итальяндарды өзге ұлт өкілдерінен ажырату оп-оңай сияқты. Бет-пішін, түр-әлпетке келетін болсақ, қазақтар мен итальяндар мүлдем ұқсамайды. Қазақстандықтар біздің еуропалық екенімізді бірден аңғарады. Ал қазақ қыздары мен жігіттері өте көрікті. Алғашқыда оларды қытай халқына қатты ұқсататынмын. Екі жылдың көлемінде олар туралы толыққанды білдім десем де болады. Алматы қаласында қазақ, орыс, итальян достарым да бар. Басымыз қосыла қалса, пайдалы нәрсеге көңіл бөлуге тырысамыз. Мысалы, олар маған қазақ тілін және орыс тілін үйретеді. Қазіргі кезде бұл тілдерде еркін сөйлеймін деп айта алмаймын, бірақ болашақта қазақ тілін жетік меңгеріп алғым келеді. Қазақ халқының тілі де менің қызығушылығымды оятты. Итальян достарыммен арнайы жиналатын орталықтарымыз бар. Бірақ олармен кездескен кезде көбіне би не ән кештерін өткізіп, көңіл көтереміз.
Қазақстан — дамушы мемлекет және экономикасы да нық аяққа тұрып келеді. Оның әлемдік деңгейдегі маңызы зор мәселелерді дүниежүзілік жиындарда көтеретіні дамыған елдер қатарына қосылуға деген әрекеті деп ойлаймын. Кешегі ЭКСПО-ның өтуі де — соның бір көрінісі. Маған Қазақстан осындай қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде қатты ұнайды.
Қазақстанның әсем табиғатына көзің тоймайды. Демалыс орындарының ішінде ең қатты ұнағаны — Шарын Шатқалы. Бір жылдың ішінде бұл жерге екі рет бардым. Әйтсе де тағы бару ойымда бар. Бір қызығы, Қазақстандағы табиғат орындары және ауылдар қаладан өте алыс қашықтықта орналасқан екен. Қазақстанның территориясының үлкендігі мені таңғалдырды. Шарын Шатқалына баруым — Қазақстанға алғаш келген кезімдегі ең ерекше оқиғалардың бірі, естен кетпес күнім. Жолдың ұзақтығы, менің осы ұзақ жолды көтере алмай шаршағаным қызық оқиға болды.
Болашақта да Қазақстанда тұру ойымда бар. Осы жерден өзімнің білімімді шыңдап, жеке кәсібімді ашқым келеді.
Алессандро Сикуро, 25 жаста
Туған жері — Италия, Лечче қаласы
Қазақстан туралы бұрыннан білетінмін. Осыдан алты жыл бұрын қазақ жеріне қыдырып келгенбіз. Ол уақытта демалыс орындары мен қонақүйлеріне тұрақтадық. Сол уақыттан бастап бұл мемлекет туралы көп ақпарат жинадым. Қазақстанда тұрып жатқан туыстарым да бар. Бірақ олар Астана қаласында тұрады.
Менің ойымша, итальяндар мен қазақтардың басты ұқсастығы — әрдайым көмек беруге дайын тұратындығы. Ал ерекшеліктері көп десем болады. Мысалы, қазақ халқы мен итальяндардың салт-дәстүрлері мен менталитеті мүлдем басқа. Қазақ достарымнан ырымдар, тыйымдар жайлы естіп қатты таңғалғаным бар. Алғаш бұл жерге келгенімде, тек ағылшын тілінде ғана сөйлейтінмін. Бірақ басқа да адамдармен араласып, танысып білуім үшін орыс тілін үйреніп жүрмін. Қазақстандық достарымның орны мен үшін ерекше. Олар әрдайым жағдайымды сұрап, қонақ ретінде үйлеріне шақырып жатады. Қазіргі кезде қазақтың біраз салт-дәстүрлерін біліп қалдым десем де болады.
Қазақстан мен Италияның ауа-райы ұқсайды. Бірақ бізде қыс мезгілі өте жылы болса, жаз қатты ыстық болмайды.
Қазақстанның табиғатына таңданбайтын адам жоқ шығар деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін Қазақстанның көптеген жерлерінде болдым. Алматы территориясының маңайындағы барлық табиғат орындарына барып шықтым. Тауға көктем мезгілінде де, қазіргі уақытта да жиі-жиі шығып тұрамыз. Демалыс орындарының ішінде ерекше әсер қалдырғаны Үлкен Алматы көлі болды.
Болашақта Қазақстанда тұрмайтын шығармын. Дегенмен, кейде қалғым да келеді. Барлығын уақыт көрсетеді.
Алессандро Грасси, 49 жаста
Туған жері — Италия, Челано қаласы
Қазақ Ұлттық университетінің профессоры
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде итальян тілінен сабақ беремін. Қазақстанға 5 жыл бұрын көшіп келдім. Бұл мемлекетке көшіп келудегі басты себеп махаббат деп ойлаймын. Осы жерге жұмыс сапармен келіп жүретінмін. Сөйтіп жүріп қазақ қызын жолықтырдым және оған қатты ғашық болдым. Махаббат үшін барлығына барады екенсің. Содан өз жүрегімді тыңдап, сезімге ерік беріп, Қазақстанда қаламын және сүйген қызымды жар етіп аламын деп шешім қабылдадым. Жұбайымның ата-анасы — өте жақсы кісілер. Алғаш кезден-ақ баталарын берді. Жұбайым — өте көрікті және қарапайым, адамгершілігі, адалдығы жоғары адам. Бүгінде бір ұл, бір қыздың ата-анасымыз.
Менің ойымша, Қазақстанға ешқашан сіңісіп, үйреніп кетпейтін шығармын. Өйткені қазақ халқының менталитеті мүлдем басқа. Еуропа халықтарымен салыстыруға келмейді. Бізде көп нәрсеге шектеу қойылмайды. Ал қазақ халқының көптеген ережелері бар.
Қазақтар мен итальяндардың ұқсастығы: екі халық та отбасын бірінші кезекке қойып, оған қатты мән береді. Әсіресе, оңтүстік Италия тұрғындары отбасы үшін бар жағдайды жасайды.
Италияға мүлдем барғым келмейді. Егер басқа мемлекетке көшетіндей мүмкіндік болса, Францияға барар едік.