Өмірімді футболға арнаймын деп шешім қабылдадым

Кішкентай кезімде ғарышкер болуды армандадым. Ағам футбол секциясына қатысып жүргенде, менің де футболға деген қызығушылығым ояна бастады. Содан 10 жасымнан бастап футбол секциясына қытыстым. Ол жерде ағам өз жасындағылармен бірге ойнаса, мен өзімнен бір жас үлкендермен ойнадым. Содан бері осы футболда жүрмін. Бүгінде секцияда 100-ге жуық футболшы бар. Оның ішінде үшеуіміз ғана еліміздегі басты командаларда ойнап жүрміз.

Елдос Ахметов
Елдос Ахметов ойын барысында. Фото: Жеке мұрағатынан

Мектеп бітіріп, ҰБТ тапсырар кезде алдымда екі таңдау болды. Яғни, футболшы болу немесе белгілі бір мамандықты таңдап, сол салада қызмет ету. Мектепте сабақты қанағаттандырарлық бағада оқыдым. Өйткені, жарыстарға жиі баратындықтан мектеп бағдарламасынан қалып қоятынмын. Жалпы, мектеп бітіргеннен кейін Тараз қаласында заңгер мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ өмірімді футболға арнаймын деп шешім қабылдадым. Осы орайда, таңдауыма қарсы болмаған, футболға деген қызығушылығымды арттыруға көмектескен ата-анама рақмет!   

Алғашқы айлығым 9000 теңге болды

Алғаш рет алған 9000 теңге жалақым әлі есімнен кетпейді. Оның жартысын ата-анама бердім, қалғанын қажеттіліктеріме жұмсадым. Ал алғашқы ірі көлемдегі жалақымды отбасымның игілігіне жараттым. Сол кезде отбасымызда біраз қиындықтар болып, ақшаны қарызымызды өтеуге төледік.  

Алғашқы кәсіби келісімшартқа 17 жасымда отырдым. Ол Владимир Фомичев жаттықтыратын Тараз клубы болатын.

Елдос Ахметов
Елдос Ахметов сұхбат барысында. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Футболдың ащысы мен тұщысына көну керек

Әуесқойлықтан кәсібилік деңгейге жету үшін біріншіден Алладан берілген бақ, одан кейін мінез бен еңбекқорлық керек деп айтар едім. Өз басым кішкене қиындыққа қол сілтейтін адамның қатарынан емеспін. 100 адамның ішінен үш үздік футболшы шығу — футболдың ащысы мен тұщысына көніп, соңына дейін шыдамдылық танытқанның арқасы деп ойлаймын.  

Есік алдында көрші балалармен доп ойнаған бір бөлек, футбол үйірмесіне қатысқан бір бөлек. Достарым, туған-туыстарым балаларының футболға қызығатынын айтып, жиі кеңес сұрап тұрады. Әрине, қала мен ауыл баласын салыстырсақ ауылдың баласының иммунитеті мықты болып келеді ғой. Дегенмен футболда денсаулық қана маңызды емес. Футбол — мимен, жанмен ойнайтын ойын. Сондықтан мүмкіндік болса қалаға келіп, арнайы секцияларда оқыған дұрыс.

Елдос Ахметов
Елдос Ахметов Қазақстан Ұлттық футбол құрамасымен суретке түсуде. Фото: Жеке мұрағатынан

Футбол оңай болса, екінің бірі футболшы болар еді. Ол ең қауіпті спорт түрінің бірі. Спорт болғаннан кейін кез келген уақытта жарақат алуың мүмкін. Оған ешкім кепілдік бере алмайды.  

Футболды Қазақстандағы нөмірі бірінші спорт деп есептеймін. Боксшылар мен палуандар бұл пікіріммен келіспейтін шығар. Бірақ футболдың әлемде ғана емес, Қазақстанда да ең көп көрермен жинайтынын мойындау керек. Мысалы, «Реал» мен «Барселона» командалары ойнағанда әлем екіге бөлінеді. Мұның өзі футболдың құдіреті.  

365 күннің отыз күнінде ғана демаламыз

Ел чемпионаты наурызда басталса, бізді қаңтар айының басында жинап, дайындықты үш ай бұрын бастайды. Ол уақытта елімізде қыс мезгілі, жаттығуға ауа райы қолайсыз болғандықтан Түркияда дайындаламыз.  

Елдос Ахметов
Елдос Ахметов кітап оқығанды ұнатады. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Футболшының күн тәртібі: 

  • 8:00 – ұйқыдан тұру, таңғы ас; 
  • 9:30-12:30 — жаттығу; 
  • 12:30 — түскі ас; 
  • 13:00 – тынығу; 
  • 17:30 – жаттығу; 
  • Кешкі ас;  
  • Түрлі процедуралар; 
  • Ұйқыға жату. 

Ал чемпионат кезінде барлық дайындық қала сыртындағы жаттығу базасында болады. Күніне 3-4 сағатты жаттығуға арнаймыз.  

Өмірімде екі рет ауыр жарақат алдым

Қазір жарақатыма байланысты ойынға қатыса алмай жүрмін. Бұйырса бір жарым айдан кейін футбол ойнауға кірісемін. Өмірімде екі рет ауыр жарақаттандым. Бірінші жарақатымды 2016 жылы «Ертіс» командасының құрамында болған кезде, «Ертіс»-«Жетісу» ойынында алдым. Италияда емделіп,  ойынға жазда қосылдым. Екінші жарақатымның мазалап жүргеніне 5-6 ай болды. Барлық берілген дәрілерді қабылдадым, жазылмады. Дәрігерлер ота жасату керек деген соң, Германияда ота жасаттық. Дәрігерлердің айтуынша, кезінде қатты соққы алғанның кесірі енді сезіліп жатыр. Емделуге жұмсалған барлық қаржыны клуб қамтамасыз етеді. 

Елдос Ахметов
Елдос Ахметов түрлі процедуралар кезінде. Фото: Жеке мұрағатынан

Ойыншыны қай кезде ойнату жаттықтырушының еркінде

Ұлттық құрамаға ең мықты ойыншылар іріктеледі. Ойыншы өз клубында жақсы ойын көрсетіп, жақсы жетістікке жетіп жатса, ұлттық құрамаға міндетті түрде шақырту алады. Ал ұлттық құрамаға шақырса, демек саған үлкен үміт артып отыр деген сөз. Бас бапкер футболшыға аса бір талап қоймайды. Өз клубыңда қалай мінсіз ойнайсың, ұлттық құрамада да дәл солай қатесіз ойнасаң жеткілікті. Мықты футболшы болу үшін футболды жан тәніңмен жақсы көру керек. Сабақты 3-ке оқыған бала да мықты футболшы бола алады. Ең бастысы доппен жақсы жұмыс істеу және бапкердің тактикасын дұрыс түсіну. Ойыншыны қай кезде, қай жерде ойнату жаттықтырушының еркінде. Оның тактикасы қатесіз болса, команданың жеңіске жету мүмкіндігі жоғары.  

Шетелдік команданың намысын қорғауға дайынмын

Қазақстанның 21 жастағы футболшыларының құрама командасында капитан болдым. Сол кезде көп нәрсе үйрендім, көрдім, тәжірибе жинадым. Капитанның негізгі міндеті қандай жағдайда да команданы алға жетелеу. Ойын кезінде басты міндет капитанға жүктеледі. Ол жаттықтырушының көмекшісі, сәйкесінше ойын үстінде бапкердің қызметін атқарып, ойыншыларға негізгі тактиканы ескертіп жүреді. Сондықтан, капитанға көбірек үміт артылады. Қазіргі уақытта капитан болу жоспарымда жоқ.  

Елдос Ахметов
Елдос Ахметов, футболшы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Егер келісімшарт сәйкес келіп, Қазақстанда ешкім қарсылық білдірмесе шетелдік команданың намысын қорғауға дайынмын. Әлі нақты ұсыныс түскен жоқ. Дегенмен көрші Ресейлік «Анкар» футбол клубының маған назары түскенін БАҚ-тан естігенмін. Бұл клуб Ресей Премьер Лигасында орта сатыда тұрған футбол құрамасы.  

Футболдағы жетістіктері:

  • 2010, 2016 жалдары Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері; 
  • 2013 жыл Қазақстан чемпионаты күміс жүлдегері; 
  • 2014, 2015 жылдары Қазақстан чемпионатының алтын медаль иегері; 
  • 2017 жылы Қазақстан Кубогінің жеңімпазы; 
  • 2017 жылы Қазақстан Суперкубок жеңімпазы. 

Өзім қорғаушы болғандықтан, әлемдік футболдағы үздіктерді назардан тыс қалдырмаймын. Меніңше, Испанияның «Реал Мадрид» ФК ойыншысы Серхио Рамос – ең мықты қорғаушы. Оның ерекшелігі – екі қызметті қатар атқара алады. Яғни, өз қақпасын голдан құтқара да, қарсыласына гол соға да алады. Мұндай шеберлік барлығына беріле бермейтін қасиет. Жалпы, қай салада болсын жұмысыңа деген қызығушылық пен махаббат болу керек. Сонда ғана талпыныс пен жетістік болады деп ойлаймын.  

Биылғы Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында Бразилия, Франция және Бельгия командаларына жанкүйермін.  

Шыны керек, қазіргі уақытта маған мансап маңызды болып тұр. Әрине, үйлену керек, дегенмен әлі уақыты келмеген секілді. Отбасыма көмектесіп, олардың да жетістікке жеткенін қалаймын.