Елбасы Қытайға сапары барысында 40 құжатқа қол қойды

«Бұл құжаттардың Қазақстан үшін экономикалық маңызы зор. Біріншіден, Қытайдың алдыңғы қатардағы компанияларының бірі Қазақстанда Соколов-Сарыбай комбинатын дамыту үшін 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде және осы комбинатта хром өндірісін арттыру үшін 400 млн доллар көлемінде инвестиция құйып отыр. Өз кезегінде «Қазақмыс» Абай және Большаков кен орындарын дамытып, концентраттар жасап шығару үшін ақша алады. Сондай-ақ, осы концентраттарды Қытайға тасымалдау мәселесі де қаралып отыр», — дейді сарапшы.

Георгий Федорұлының айтуынша, бұл келісімдердің екінші пайдалы тұсы – ірі ядролық жобалардың қолға алынуы. Сапар барысында уран шикізатын бірігіп өндіру, ядролық отынды Қытайға тасымалдау мәселелері шешілді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев сапарын қорытындылау кезінде Қазақстаннан Қытайға бағыттаған уранның аспан асты елінің қажеттілігін 40% жабатынын айтып өтті.

«Қазақстан Қытайға уран экспорттау арқылы 10 млрд доллар сомаға қол жеткізеді. Ал бұл мұнай және газ экспортымен пара-пар. Үшіншіден, экономиканың шикізат емес секторындағы серіктестіктер көптеген саланың қарқынды түрде дамуына импульс береді. Әсіресе, біздің мемлекеттің. Бұдан өзге екі тарап көлемі 1 млрд доллар болатын ортақ қор құруды жоспарлап отыр», — дейді Георгий Дубовцев.

Осы келісім негізінде Қазақстанның көмегімен Қытай жоғары жылдамдықтағы магистраль салуды көздеп отыр. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге арналған пресс-конференция барысында айтып өтті.

Төртіншіден, сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған шаралар жүзеге асырылады. Қазақстан ТМД аумағында Қытайдың Ресейден кейінгі екінші сауда-экономикалық серіктесі.

«Меніңше, екі мемлекет арасындағы тауар айналымы бұдан да жоғары қарқынмен өседі. Себебі, Қытай тарапы Қазақстан өнімі үшін өзінің нарығын ашық деп жариялайды. Сондай-ақ, Астана қаласында Қазақстан-Қытай компьютерлік орталығын салу да маңызды жетістіктердің бірі. Қазақ-Қытай университетін ашу қытайлық инновацияларды үйренуге бағытталған. Көптен бері күн тәртібінде тұрған трансшекаралық мәселелер де қаралды. Олардың негізінде өзендердегі су сапасы қадағаланатын болады. Меніңше, Президентіміздің бұл сапары белгілі бір дәрежеде Қазақстан экономикасын дамытуда маңызды роль атқарады. Инвестициялардың барлығы да көптен бері көкейде жүрген жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Кәсіпорындар ғана емес, транспорт, логистика салалары да ерекше қарқынмен дамиды», — дейді сарапшы.

Сондай-ақ, маман бұл келісімдер мен инвестициялардың Қытай үшін қаншалықты маңызды екеніне де тоқталды. Президенттің осы сапары барысында 40 құжатқа қол қойылып, олардың негізінде Қытай Қазақстанға 13 млрд доллар көлемінде инвестиция салуға келісті. Десе де, Георгий Дубовцевтің айтуынша, бұл сома Қытай экономикасы үшін айтарлықтай шығын емес.

«Қытайдың экономикалық жағдайын ескерсек, бұдан да көп қаржы салуға болатын еді. Олар үшін бұл көп қаражат емес. Ал керісінше бұл келісімдердің Қытайға қандай пайдасы бар деген сауалға келер болсақ, Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттермен, жанындағы көршілерімен бейбіт қарым-қатынас орнату позициясын ұстанады. Оның үстіне алда келе жатқан Жібек жолы саммитінде Қытай көрші елдерде транспорт магистральдарын дамыту, өздерінің тауарларын тасымалдау мәселелерін қарастырады. Әрі олар қандай да бір жаңа өнім жасап шығаруға қызығушылық танытып отыр. Яғни бізде бар өнімдер оларда жоқ. Мұнымен қатар, олар бұл инвестициялардың міндетті түрде ақталатынына сенімді. Қытай әдетте экономикалық қызығушылықтарын осындай жолдармен қанағаттандырып отырады», — дейді маман.

Дереккөзbaq.kz