Елімізде кино саласы жоғары қарқынмен дамуда

Уақыт өткен сайын кино индустриясы өрістеп дамып келе жатыр. Жыл өткен сайын түсірілген фильмдерде жіберілетін қателіктері де азаюда. Әр жылы ұлттық фильмдердің санын көбейтіп, сапасын арттыру үшін қаржы бөлініп, көптеген қолайлы жағдайлар жасалынып келеді. Халықтың бойында кино саласына деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында оқиғасы тартымды әрі көрермен назарына ұсынылатын сапалы кинолардың санын арттыру мақсатында отандық кино саласында жүрген қаншама режиссерлер мен продюсерлер еңбек етуде. Елімізде кино саласының жедел қарқынмен дамып, отандық кино туындылардың саны уақыт өткен сайын көбеюде.

Әрине, қазіргі кезде қазақ киносының дамуы аса маңызды. Шетел киноларынан кем түспейтін ұлттық кинолар халық тарапынан жылы қабылданып, жоғары бағаға ие болуда. Отандық кино саласына келген жаңа леп  осы уақытқа дейін қалыптасып қалған сеңді бұзып, көрермендерге қуаныш алып келді десем  де болады.

Ернар Нұрғалиев
Ернар Нұрғалиев, режиссер. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Киноның жақсы шығуы сценарийге байланысты

Қазір кино саласы дамып жатыр деп, осы қарқынмен тоқтап қалуға болмайды. Иә, әлі де жіберілетін қателіктер баршылық. Бірақ барлығы уақыт өте келе тәжірибемен жинақталатын дүние. Тек кинонының сапалығы маңызды. Барлық кинода жіберілетін үлкен қателіктердің бірі сценарийді дұрыс құрмауынан болады. Себебі халықтың жүрегіне жетуі үшін тым мұңды немесе тым күлкілі болып кетуге де болмайды. Сондықтан сценарий жағына әлі де көңіл бөлген жөн. Киноның тағы да ақырын-ақырын дамып келе жатқанына бюджет пен уақыт та себепші. Бір айтарым асығыс үстінде түсірілген фильм не сериал болсын нәтижесін ойдағыдай бермейді. Барлығын алдын ала жоспарлап, саралап шықса, сапалы фильмдер шығады.

Бір сарындағы әзілдер халықты шаршатып жіберді

Бұрындары тек комедиялық жанрдағы фильмдер сұранысқа ие болып , халықтың ойынан шығатын. Қазір де солай. Дегенмен қазіргі таңда комедиялық жанрдағы фильмдердің дәурені өтіп бара жатыр. Барлық түсірілетін комедиялық фильмдердің мағынасы, мәні бір болып кетті. Халық отандық фильмдерден ерекшелік күтпейтін болған, тек үйреншікті нәрсе ретінде қабылдайды. Бір сарындағы әзілдер халықты автоматты түрде шаршатып жіберді. Сондықтан да бір жүйемен жүре бермей, басқа да жанрларды қарастырып көрген жөн. Қазіргі таңда халықтың қызығушылығы мелодрама жанрына ауып жатыр. Себебі халықтың басым көпшілігі, солардың ішінде жастар шетел мелодрамаларына жеке уақыт бөліп қарап жатады. Бұл дегеніміз біздің елде де осындай жанрдағы сериалдар мен фильмдерді қолға алған жөн.

Елімізде миллиондаған халық болса, миллиондаған адамның ойы, пікірі болады. «Сын айтылмай, мін түзелмейді» деген жақсы сөз бар. Сынның айтылғаны дұрыс. Сын айтылса, алға жылжу болады. Бірақ біз үшін ең үлкен сыншы – көрермен. Себебі қазіргі өмірдің ағымы басқа. Талап өзгерді. Бұл дегеніміз адамдардың, оның ішінде жас буынның талғамы өзгерді деген сөз. Айтылған сынды дұрыс қабылдасақ, кемшіліктерімізді түзеп отырсақ, қазақтың кино саласы әлемдік деңгейден орын тебеді.

Ернар Нұрғалиев, режиссер. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Фильмнің көп табыс әкелуі қолайлы уақытқа байланысты

Алғаш түсірген фильмім «Брат или брак» фильмі халықтың көңілінен шықты және жоғары деңгейде бағаланды. Ал екінші түсірілген «Сиситай» және «Класстастар» фильмдерінің түсірілімі ойдағыдай болғанымен, қолайсыз уақытта шығып қалды. Яғни сол кезде кинотеатрларда комедиялық жанрдағы фильмдер шығып, тек бір ғана емес бірнеше картиналар да жарық көре бастаған кез болатын. Мысалы үшін, «Сиситай» фильмі наурыз айында кинотеатрларда жарық көрді. Алайда сол уақытта Сиситай филімімен қатар бірнеше фильмдер де көрсетілімге шыққан болатын. Сол себепті де бұл фильмге қаралым саны орташа болды.

Қазіргі кезде «Махаббат станциясы» деген мелодрама түсіріп жатырмын. Аталмыш мелодрама халықтың жүрегіне жетеді деп ойлаймын. Көбінесе фильмдердің сценарийлерін дайын күйінде алатынбыз. Ал бұл фильмнің сценарийін досым екеуміз бірігіп жаздық. Нәтижесі жақсы болады деп ойлаймын. Жарыққа шыққаннан кейін халық әділ бағасын бере жатар. Кино саласындағы біздің мотиваторларымыз-халық. Қаншама халықтың көңілінен шығу мүмкін емес. Өнер жолы үлкен шыдамдылықты талап етеді. Қазіргі таңда фильмдер мен сериалдарды халықтың көзқарасымен ойлап, солардың ойларына жанастырып шығаруға тырысып-ақ жүрміз. Себебі халықтың алғысы мен ризашылығы өнер адамдарына қанат бітіріп, үлкен энергия береді.

Орыс тіліндегі атау қазақшаға қарағанда тез сақталады

Халықтың сыни пікірлерінен «неге комедиялық жанрдағы фильмдердің атауы қазақша беріліп, қазақ тілінде сөйлемейді» деп жатады. Әрине бұл сұрақтардың жаны бар. Дегенмен, қазақша атпен берілмеуіне бірнеше себеп бар. Адам жадысы  қазақ тіліндегі сөздерді орыс тіліне қарағанда ауыр қабылдайды. Қазақ тіліндегі әзіл сөздер халықтың құлағына қызық болып естіледі. Егер комедиялық жанрды тек қазақ тілінде түсіретін болсақ, халыққа қызық емес болып қалады. Мысалы, осы уақытқа дейін түсірілген комедияларды алып қарайтын болсақ барлығы дерлік орыс тілінде түсірілген. Себебі «Брат или брак» тағы басқа комедиялық фильмдердің атауын қазақша беретін болсақ, әзілге жанасқан мағынасын жоғалтады. Тағы бір себебі: Қазақстанда тек қазақтар ғана тұрмайды. Барлығына түсінікті болуы үшін де орыс тілінде түсіруге бел буамыз. Орысша атаумен атайтын болсақ бұл адамның есіне бірден сақталады.

Ернар Нұрғалиев
Түсірілім барысында. Фото: Жеке мұрағатынан

Бүгінде екінің бірі – режиссер, актер, продюсер

Қазақ киносының дамуы тікелей киномен айналысатындардың қолында. Бүгінде ондай азаматтар көп. Тым көп десе де болады. Екінің бірі – режиссер, актер, продюсер. Бірақ, «талант емес, талап жанған» десек те болады. Себебі, өнер саласына келген көпшілік өнерді жіті түсіне бермейді. Сондықтан жаңа мемлекеттік киностудиялардың санын көбейту қажет немесе түлектердің біліміне қатты мән берген жөн деп ойлаймын. Себебі сапасыз фильмдер, біліксіз мамандардан шығады.

Кино мәселесі әлі де өте өзекті және көптеген сұрақтарға толы. Ал, сол сұрақтарға дұрыс шешім табу режиссерлар мен продюсерлердің қолында. Мәселен, өнер ордаларының, соның ішінде «Өнер Академиясы», «Өнер университеті» мен «Кино және ТВ академияларда»  оқып жатқан түлектердің оқу орнын бітіргеннен кейінгі жағдайына көңіл бөлінсе, оның ішінде әсіресе, режиссерлердің өсу жолын жіті бақыласа, нағыз дарын иелерін көре білсе кино саласы жоғарғы қарқынмен дамиды деп ойлаймын. Өнер ордалары тікелей Мәдениет министрлігінің қадағалауы мен қарауына енсе, отандық кино өндірісін өркендетер кино саласының білікті мамандары көбейе түсер. Себебі, дипломын алып, оқыған білім ордасының атына, оқыған мамандығына кір келтіріп жатқандары қаншама. Мысалы, режиссер мамандығына соңғы жылы қызығушылық көбейді. Бұған себеп, бұл мамандықтың бұрыннан танымалдылығы. Өнер академиясының студенттеріне арнайы Қазақстанның, сонымен қатар шетелдің шығармашылық шыңдарды бағындырған мықты режиссерлерінен дәріс алып отыруын қолдаймын. Ол кісілердің кәсіби білімімен, тәжірибесімен бөлісуі, жастардың арасында кино режиссерлыққа, өнерге деген  үлкен қызығушылықтарын тудырып, ынталарын жандандырады.

Егер басшылық өнер ордаларына жоғары талап қоя отырып, өнер академиясының жұмыстарын бақылап отырса телеарналардан сериал немесе әртүрлі жанрдағы фильмдер сапалы түрде шығады деп ойлаймын. Қазірден бастап осы мәселені қолға алса болашақта кино саласының жемісін көреді.

Өнер саласы қиын жол. Бұл жолда үлкен жауапкершілік пен шыдамдылық керек. Түсірілген бір фильм сәтті шықпауы мүмкін, алайда, жіберілген қателікті екінші рет қайталамауға тырысу қажет. Табысты фильм көп еңбектенуді талап етеді. Киноның сапалы болуы таңдалатын актерлар мен актрисаларға байланысты. Себебі, кинодағы рөлдерді сомдауы және ойдағыдай алып шығуына байланысты фильм де халықтың жүрегіне жетеді.