Ақпарат айдынында кім көп ауызға алынса — соның есімі ғана айтылып жүр. Ал әйелдіктің эталоны боларлық тұлғалар тек арнайы тарих курстарының, немесе тақырыптық зерттеулердің айналасында қалып жатыр. Вaribar.kz порталы әйгілі қазақ әйелдері туралы мақалалар сериясын дайындап отыр. Жаңа есім тек үлгі болып қана қоймай, мемлекетіміздің отбасыдағы от анасының мерейін арттыру жолындағы қыруар жұмыстарының үдесінен шығады деп ойлаймыз.

Серияның беташарын әйгілі Айғаным ханшадан бастауды жөн көрдік. Ол туралы ғалым Гүлнәр Мұқанованың таным форматында жазған мақаласын ұсынамыз.

Қазақтың әйгілі ханы Абылайдың баласы Уәли ханның әйелі Айғанымның Қазақстанның солтүстік аймағының әлеуметтік тарихындағы рөлін зерттеп, зерделеу мүмкіндігі еліміз егемендік алғаннан кейін ғана тудырып отыр. Оның билік жүргізу тарихы ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарындағы өзгеше құбылыс ретінде де қызығушылық туғызуда. Сонымен бірге оның тарихи бейнесін зерделеудің өзіндік қиындықтары да болмай қалған жоқ. Осынау жалғыз қалып, зардап шеккен нәзік жанның жаңа уақыттың тегеурініне төтеп беріп, оның салдарларын өзінің туыстары мен маңындағылардың пайдасына шешілуін болжай алғандығына қайран қаласың.

Айғаным (Ай ханым) деген атынан да көрініп тұрғанындай, басшылық етіп, билік жүргізу оның маңдайына әу бастан-ақ жазылған тәрізді. Болашақ ханымды неке рәсіміне дайындау кезінде оның жүрек тұсындағы шашырай біткен кішкене меңдерді көргендер оларды Тәңірінің өз болжамы деп таныған деседі. Ол туралы айтылып жүрген аңыз аз емес, бірақ нақтылы ақиқатын қазір ешкім де білмейді, өйткені одан беріде Есілден қаншама су ақты, оның іс-әрекеттерін көзбен көріп, айтқандарын құлағымен естігендердің бәрі де әлдеқашан о дүниелік болып кеткен. Сондықтан оның шынайы бейнесін жасау да оңай емес.

Тек бүгінгі тәуелсіздік төрінен ғана ханымның ой-санасының тереңдігі мен жеке тұлғалық күш-қуаты айқын танылуда. Оның сондағы танытқан қажыр-қайраты арқасында бүгінгі тарихшылар мен өлкетанушылар Абылай хан ұрпағының атадан мирас болып қалған жері туралы еске алып қана қоймай, оны Сарыарқаның картасынан көрсете алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Айғаным ханым жүргізген бейбітшілік сүйгіш саясаттың арқасында Абылайханның немерелері өздерінің әлеуметтік биік дәрежелерін сақтап қалып, еуропалықтарды өздері туралы таңдана айтуға мәжбүр етті.

Жеке басына ғана емес, жалпы ел басына да қиындық түскен сәттерде қисынды жол тауып, жөн сілтеген, ел басқарып, билік жүргізген, қайрат танытып, қол бастаған, сонысымен бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған егемен еліміздің тарихынан лайықты орын алған қазақ қыздары аз болмаған ғой. Солардың бірі — өзінің де арғы тегі құралақан емес Сарғалдақ бидің қызы, Шыңғыс ханның анасы, халқымыздың біртуар ұлы Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным да әділдік пен ақиқат жолында тағдыр таразысын тең ұстай білген.

Айғаным бейнесі осы заманғы публицистикада

Еліміз егемендік алғанға дейін тарихи трактаттарда дала феодалдары отбасыларының мүшелері туралы өте аз айтылатын. Мәселен, бұл орайда 1952 жылы академик Әлкей Мәрғұланның жетекшілігімен шыққан Шоқан Уәлиханов еңбектерінің алғашқы «Таңдамалыларында» да Айғаным ханым туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында хан тұқымының тағдыры тақырыбы мүлде қозғалған емес, онда оның қажеттілігі де болған жоқ еді. Тек, Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерін және оның ресейлік ғалымдармен және баспагерлермен жазысқан хаттарын зерделеу нәтижесінде ғана Орта жүздің әлеуметтік-мәдени өмірінің кейбір сәттері жұртшылық игілігіне айнала бастады.

Алайда, Айғыным ханымның жеке басы мен тіршілік әрекетінің жеткілікті зерделенбеуі көптеген жаңылыстықтарға ұрындырып, тіпті, Интернет жүйесіндегі кейбір жарияланымдарда оны «Ұлы Абайдың әжесі» деп, Зеремен шатастыруға да әкеліп соқтыруда. Ол қателік шығыс әйелдерінің рөлін бейнелейтін кейбір ғылыми әлеуметтік баяндамаларға да сол күйінде көшкен.

Бейнелеу өнеріндегі Айғаным бейнесі

Баспасөзде Айғаным ханымның сымбатты, айқын көзқарасты, ойлы жанарлы орта жастағы әйел бейнесіндегі суреті жарияланып жүр. Портреттің авторы белгісіз. Шоқан Уәлихановтың тәрбиесі мен оқуына оның жас кезінен бағыт-бағдар беріп отырған әжесінің жарқын бейнесі қазақстандық қыл қалам шеберлерінің назарын соңғы жылдары ғана аудартып жүр. Оған өз кезінде суретшілер мен қаламгерлердің «хандық-феодалдық» деп айдар тағылған сол бір алыс кезеңін жариялауға қорқақтай соққандығы себеп болған еді.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Сырымбет тұрағындағы Уәлихановтардың мұражай-үйінде ерік-жігерінің беріктігі тік қараған тұңғиық жанарлы үлкен көздерінен де байқалып, сонысымен келушілердің назарын еріксіз аудартатын әйел адамның портреті қойылған. Бірдеңеге тесіле қарап қалған ол бейне бір қазір орнынан тұрып, шұғыл шешімді үзілді-кесілді бұйрық беруге әзірленіп отырғандай болып көрінеді.

Айғаным ханым нақ осы суреттегідей болды ма екен деген күдіктенушіліктің тууы мүмкін бе? Әлбетте, оны осы заманғы суретшінің әсірелеп көрсетуі мүмкін деген ой да туар, бірақ, ойыңды түйіндей келе ХІХ ғасырдағы Еуразия тарихында болған қазақтың билеуші әйелдерінің рөлін төмендетіп, беделін түсіруге болмайды деген тұжырымға келерің хақ. Өйткені, өз кезеңі үшін жақсы білімді болған Жәңгірханның әйелі – Бәтима да сондай ағартушылық және дипломатиялық іспен айналысса, Кенесарының туған қарындасы Бопай онымен бірге Сарыарқа өңірі, одан әрі барша қазақтарының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күресті емес пе және ондайлар аз ба?

Айғаным ханымның фольклордағы бейнесі

Халықтың жадында сақталған Айғанымның тағдыры мен жеке басының ерекшеліктері туралы аңыздар Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романында оның бейнесін жасауға пайдаланылады. Аталмыш шығарма Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне арналған. Әрине, жазушы онда Ханымның образын жасауда көркемдік қосымшаларды да қолданады.

Кітаптың бірінші бөлімінде Уәли ханның Айғанымға үйлену тарихы баяндалады. Жазушы болашақ ханымды тамаша бейнелейді. Оның суреттеуінше, Айғаным сұңғақ бойлы, әсем тұлғалы, аясы үлкен тұңғиық қара көздерін ұзын кірпіктері қаумалаған. Қалың қиылған қара қасы кең маңдайын одан әрі аша түсетіндей. Ұшы сәл көтеріңкі қыр мұрыны сүйкімді көрінеді. Жас ару бойын тіктеп, түзелгенінде мойыны мен кеудесін жапқан қолаң шашы иығына жапқан қара шәлісімен астасып кетіп жатады.

Ал Айғанымның әкесі Сарғалдақтың жайын Сәбит Мұқанов былайша баяндайды: ол ұзақ жылдар Қара Бұхарда он екі түрлі ғылымды бастан-аяқ зерделеп олардың биік шыңына дейін жете оқыған. Сонымен өз аймағында теңдессіз ғалым атанады.

Егде тартқан Уәли ханның жаңада бойжеткен жас ару Айғанымға үйленуі оның өмір салтын да өзгерткен. Ол тіпті, жас келіншегінің айтқандарын да бұлжытпай орындайды. Сөйтіп, Айғанымның тілегі бойынша үйлену тойынан кейін бұрынғы қонысында үлкен әйелін қалдырып, өздері Есілден алыс емес Сырымбет тауының етегіне қоныстанады.

Енді бір аңыздарда Айғаным ханымның күйеуін қайтыс болғаннан кейін қалай аза тұтқаны баян етіледі: ол жыл бойы қаралы киімін үстінен тастамаған, күйеуінің жылына дейін күн сайын жас қыздар мен келіншектерді жинап алып, таңертеңгілік, түсте және кешкісін қосылып жоқтау айтады. Сонда Айғанымның ересен дауысы өзгелерінен ерек естіліп, кең далаға тарап кетіп жататын көрінеді. Олардың жоқтауына өзгелер де көздеріне жас ала қосылатын болған.

Әжесі мен немересі

Өктем де ықпалды Айғаным ханым мен болашағы әлі де беймәлім жас Шоқанның арасындағы ұрпақтар байланысының қалай қалыптасқанын алғаш кімнің байқап, бағамдағанын анықтау бүгінде қиын. Ол – Шоқанның досы Григорий Потанин бе, болмаса Ленинградтағы Шығыстану институтының мұрағат қорларын талмай ақтарған академик Әлкей Мәрғұлан ба?

Айғанымның есімі мен Сырымбет өңірінің атауларын балалық шағы туралы естеліктері мен графикалық айқын суреттерінде мәңгілік етіп қалдырған Шоқанның өзі болатын. Ш.Уәлихановтың ғылыми мұраларын зерттеуші, белгілі географ ғалым Бейсенова оның өзі зерттеген елдердің картографиясына елеулі үлес қосқанын атап көрсетеді. Біршама суретшілігі бар Шоқан жас кезінен бастап туған өлкесінің, ауылдарының қыс қыстауы мен жаз жайлауындағы көрікті жерлерінің әсем көріністерін суретке салумен әуестенген. Солардың қатарына оның 1852-1853 жылдары салған «Сырымбет тауы», «Қазақтардың Есілдің Сырымбет тауының батыс жағындағы күзеулері мен қыстаулары», «Құсмұрын округінің ауылдары қоныстарының жоспары», «Айғанымның Сырымбеттегі тұрағы» және басқа суреттері мен сурет жобаларын, карталарын атауға болады.

Айғаным 1853 жылы қайтыс болды. Оның өмірінің соңғы айлары мен күндерінде Шоқан сүйікті әжесінің қасында болыпты. Онда да атамекендерінің көп жерлерін аралап, бала кезінен көзге таныс өңірдің кескін-келбетін қағаз бетіне түсірген.

Бір атаның болашағын жайғастырудың мүмкіндігі Ресейдің зиялы білімінде деп білген әжесі Айғанымның берік шешімі алдағы тағдырын айқындап берген Шоқан үшін Сырымбет қашанда әртүрлі қимастық себептермен қымбат еді. Өйткені, ол нақ осы жерде қарттардың даналығынан нәр алып, әуезді халық әуендерін құлағына сіңдіріп, бабалар дәстірі мен әдет-ғұрыптарын үйреніп өскен. Бірақ, Шоқан Уәлиханов әжесі қайтқаннан кейін он екі жылдан соң дүниеден өтеді.

Уәли ханның кіші әйелі

Осы заманғы анықтамалық әдебиеттерде 1741-1821 (1819) жылдары өмір сүрген Уәли ханның екінші әйелі Айғаным туралы ақпараттар өте аз. Оларда негізінен әйгілі Абылай ханның әйелі – қарақалпақ Сайман ханымнан туған үлкен баласы Уәли әкесінің қалауымен 1781-1821 (1819 «История Казахский СССР» 3-том, 156 стр.) жылдары Орта жүздің ханы болғаны туралы айтылады. Оның хан тағында болу деректері былайша өріледі: Уәлиді алғашында хандыққа 1781 жылдың қаңтарында сол кездегі қазақ-қытай қарым-қатынастарына орай қалыптасқан дәстүрге сәйкес цин империясы бекіткен. Сол жылдың 23 ақпанында ақ патшаның арнайы грамотасымен Орта жүздің ханы етіп бекітіледі. Тағы да сол жылдың 1 қарашасында Орта жүздің сұлтандары мен билері хан етіп сайлайды. (Уәлихан Ресей патшалығының ырқына көнбей, қазақ жеріне қала, бекіністер салуға келіспеген тұста «біз сені хан деп мойындамаймыз» деген тоңмойындылықпен Қарқаралыда Ондан сұлтанның ұрпағы, Әлиханның атасы Бөкейханды жасы келіп қалғанына қарамастан орта жүздің ханы етіп сайлап жіберген. Бірақ ол кешікпей 1817 жылы қайтыс болды. Яғни Уәли көп жағдайда патшаның айтқанын орындай бермеген.) Оның екі әйелінен, атап айтқанда үлкені Сайман ханымнан – бес және кішісі Айғанымнан тоғыз баласы болған.

Уәли хан қайтыс болғаннан кейін патша әкімшілігі хан билігін ресми түрде жояды. Соған орай патшаның ресми тарихнамасында Уәли «Орта жүздің соңғы ханы» деп аталған.

Күйеуі өлгеннен кейін Айғаным ханым Қасымхан мен Кенесарыдан басқа Абылайхан ұрпағының рулық қауымының басшысы болып қалады. Сол кезде 38 жаста ғана оның басына аз сын түскен жоқ. Хан ордасы Уәлидің үлкен ұлы Ғұбайдолланың үлесіне тиіп, Сырымбет Айғанымнан туған балаларына берілді. Әкесі қайтыс болғанда Шыңғыс он жаста ғана болатын.

Цин әулетімен байланыс орнату жолдарын іздеген Ғұбайдолланы патша өкіметі тұтқынға алып, Березово деген жерге жер аударады. Сөйтіп, хан әулетінің билігі Уәлидің жесірі Айғанымның қолына көшкен.

Бұрынғы мәртебесінен айырылған өлкені басқаратын, баласы мен немерелері үшін оқытудың ақсүйектік сипатын таңдаған жесір әйелдің моллалардың алдында тақуалықпен тәжім етпеуі де мүмкін. Зерттеуші ғалым Е.Уәлиханов Айғаным ханымның тұсында Көкшетау округтік приказында екі кәсіби дін қызметшісі болғанын айта келіп, «Қазақстандағы ХІХ ғасырдағы отаршылдық туралы» мақаласында ол кездері Солтүстік Қазақстандағы татар моллаларының іс-әрекетін патша өкіметі орнықтырды деп түсіндіреді. Өзі діннің үлкен табынушысы болмаса да үкіметке ниеті түзу бағыт ұстанған Айғаным Сырымбетте моллалардың болуына рұқсат етіп, екі мешіт ұстайды. 1824 жылы Айғанымның өтініші бойынша Сібір комитетінің шешімімен ол жерде ағаш үй борап салынады. Елдің айтуынша, ол «орта қол помещиктің үйі» болған көрінеді. Бұл мекенде әртүрлі шаруашылық құрылыстарымен бірге шағын мешіт, оның жанында медресе болған. Ханымның немерелері араб графикасы мен оқуды оның тікелей қамқорлығымен үйренеді.

Зерттеуші К.Әбуев өзінің «Шоқанның зерттелмеген әлемі» деген мақаласында («Казахстанская правда», қараша, 2005) Шоқанның бастауыш білімді Құсмұрын мен Сырымбетте, Айғаным әжесі ашқан мектепте алғанын айтады. Өз әкесі Сарғалдақ қажының рухани дәрежесі, оның сауаттылығы Айғаным үшін де дінге деген ықыластың, ислам салттарын орындаудың үлгісі болғаны сөзсіз. Оның дінге деген көзқарасын жете білмей тұрып, оны ислам жолындағы немесе оған қарсы деп үзілді-кесілді айтуға болмас. Өз заманының адамы, белгілі әлеуметтік ортаның мүшесі Айғаным ханым мұсылмандықты теріске шығарған жоқ, балалары мен немерелерінің бойына оған деген құрмет сезімін сіңіре білді.

Айғаным мен келіні Зейнеп

Күткеніміздей, енесі мен келіні арасындағы қарым-қатынас жайлы материалдар да өте аз болып шықты. Баласы Шыңғысқа өзі құда түсіп үйлендірген келіні, Шорман бидің қызы, белгілі ағайынды Мұса мен Мұстафаның қарындасы Зейнеп туралы Уәлихановтар әулеті тарихының контексінде бертін ғана айтылып, жазыла бастады. Бұл орайда өзінің ізденістері нәтижесінің бір бөлігін республикалық басылымдарда жариялаған белгілі қазақстандық сәулетші, Уәлихановтардың бірден-бір ұрпағы Шота-Аман Ідірісұлы Уәлиханов қозғау салушылық рөл атқарды.

Ханым және жер мәселесі

Ресей мен Қазақстанның мұрағаттарында сақталған материалдарда ХІХ ғасырдың басындағы бұл өңірдегі жағдай күш ала түскен жергілікті қазақ рулары мен хан әулеті өкілдерінің арасындағы жер үшін жасырын күрес түрінде сипатталады. Әртүрлі себептермен хандық билік институты төмендеп кеткен. Соның салдарынан 1822-1824 жылдардағы реформалардан кейін Далада бақталастардың аға сұлтан болу жолындағы беделін түсіру жағдайлары да орын алып жатты.

Айғаным аға сұлтан болып көп тұра алған жоқ. Мұндай жауапты лауазымға тағайындалған бірден-бір әйел Уәли ханның жесірі Көкшетау байларының; соның ішінде алдымен атығай руының андағұл тармағынан шыққан Қаратоқаның баласы Жалғара (Зілғара болуға тиіс. Ред.) мен оның немере інісі Шопанның арта түскен ықпалына қарсы тұра алмаған. Өйткені, Есілдің бойындағы жайылымдар мен құнарлы жерлердің басым көпшілігі солардікі еді, олардың байлығы да асып тұрған.

Жергілікті байлардың қысымына белсенді қарсы тұрған Айғаным осы өңірдегі өзінің ықпалын сақтап қалады. Бұл орайда ол біраз жетістіктерге амалдау әдісімен және патша шенеуніктерінің рақымын пайдалану арқылы қол жеткізді.

Даланың басты байлығы жер мен мал екенін жақсы білетін Айғаным қолдарындағы мал басын сақтаумен бірге орыс шаруаларынан жерді игеру тәжірибесін де үйренеді. Оған сол кездері Сырымбеттегі тұрақтарында диірмендер болғаны да айқын дәлел бола алады.

Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің жесірі Айғанымның Сырымбеттегі бұл тұрағы Даладағы өзгеше бір құбылыс еді. Онда Уәлихановтардың бірнеше ұрпағы тұрып, өмір сүрді, мұнда ақындар мен сазгерлер көп жиналатын, Ресейден де қонақтар келіп тұратын. Сырымбетте ағаш үйлер мен қосалқы құрылыстар салуға бел шешкен қазақтың ақылгөй биі Сарғалдақ қызы Айғаным ханша көшпелілердің отырықшыл өмір салтын және Абылайхан ұрпақтарының нақтылы иелігін заңдастыра түсті. Ол жүрегінің қалауымен уақыт талабына сай және өз маңындағылардың игілігі үшін әрекет етті. Құрылыстар аяқталғаннан кейін Сарыарқаның рухани және мәдени орталығына айналды.

Қазір Петропавл қаласында мұрағаттардан табылған жоба бойынша мемлекеттің көмегімен салынып жатқан Абылайханның Ақүйінің жобалануы сол тұрақтың орналасуымен біртектес. Оның үстіне ол қаланың аумағында емес, қала сыртындағы тұрғын-жай ретінде оған жақындау салынуда. Ақүйдегі тұрақтың аумағында кезінде қонақтарға арналған үй, монша және тағы басқалар сияқты ұзақ мерзімді пайдалануға арналған ағаш құрылыстар болған.

Шоқан Уәлиханов салған Сырымбет суреттемелері жас ғалымның қолжазбаларында сақталып, кейін тарих ескерткіштерін жаңа нұсқада қалпына келтіруге негіз болды. Соның нәтижесінде бүгінде Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының тұрғындары қонақтарын Саумалкөлге жақын тұстағы ғажайып табиғаты бар жерде қарсы алып, оларға Айғаным ханымның қалпына келтірілген тұрағын көрсету мүмкіндігіне ие болғандарын мақтан тұтады.

1837-1847 жылдардағы Кенесарының басшылығымен болған ұлт-азаттық көтеріліс кезінде оның қарындасы Бопай жетекшілік ететін қол Айғанымның иелігіне басып кіріп, тұраққа айтарлықтай нұқсан келтірген болатын. Одан кейін, көздерімен көрген қариялардың айтуынша, ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында ол жерде үлкен өрт болып, ағаштан салынған үйлер түгелдей жанып кеткен. Ал, еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдары тарихи мәдени мұраларға деген көзқарас өзгерген кезде жергілікті өкімет көрнекті қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановты есте сақтау ретінде ол тұрақты бұрынғы қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған.

Айғаным және Кенесары

Айғаным ханымның Кенесары сұлтанның басшылығымен болған көтеріліске қатыстылығы әлі де нашар зерттелген мәселе күйінде қалуда. Оның Кеңес Одағы кезінде ұлт-азаттық қозғалыстар тақырыбына тыйым салынуы, Кенесарының соңғы хан ретіндегі тұлғасының жеткілікті зерттелмеуі және басқалар сияқты субъективті себептері де болды.

Сол кездердің орыс тілінде жазылған мәліметтерінде Уәли ханның бірінші әйелінен туған үлкен баласы Ғұбайдолланың 1821 (1819) жылы әкесінің қайтыс болуына байланысты өзінің сұлтандық мәртебесін және хандыққа талапкерлігін саяси қолдау мен заңдылығын бекітуде Пекин миссиясына қол жеткізуге әрекет еткен фактісі тіркелген. Ғұбайдолла Уәлиханов – Орта жүздің мұрагер сұлтаны. 1824 жылдан бастап Көкшетау округінің аға сұлтаны болған. Сібір линиясының оңтүстік шебіне қарсы жерлерге иелік етеді. Ресей әкімшілігі «Сібір қырғыздары туралы жарғы» қабылдауына және соған орай ішкі округтердің, соның ішінде Көкшетау округінің құрылуына байланысты жергілікті билік иелерінің Орта және Ұлы жүздер қазақтарының атынан әрекет етуін қолдамайтынын бірнеше рет ауызша да, жазбаша да білдіреді. Мұндай жағдай, атап айтқанда, Батыс-Сібір генерал-губернаторы П.Капцевичпен алғаш Петропавл қаласында кездескен кезінде орын алған.

Ғұбайдолла біртіндеп Цин үкіметінің саяси мүдделер объектісіне айналады. Қытай билеушілері кейбір жергілікті рубасылары өкілдерінің көмегімен көшпелі қазақ жерінің Батыс Қытаймен шекаралас тұстарындағы жағдайға ықпал етуге тырысады. 1824 жылдың жазында Қытайдың Құлжа қаласынан амбан (шамамен округ губернаторымен шендес лауазымды тұлға) бастаған цин әскерінің отряды жіберіледі, ол Ғұбайдолланы хан тағына отырғызуға ықпал етуі тиіс болатын. Алайда, қытай отрядын Баянауылдың тұсында жүзбасы Карбышев басқаратын орыс казактары қоршап алып, Синьцзян қаласына кері қайтарып жібереді.

1837 жылы орта жүздің билері мен старшиналарын Тобыл қаласына бастап барған Ғұбайдолла онда қазақ жерінде округтер құрылуына көңілі толмайтындығын білдіреді. Мұның бәрі орыс үкіметінің наразылығын туғызып, Ғұбайдолла саяси қылмыскер ретінде Березово селосына (қазіргі Ресейдегі Түмен облысының Ханты-Мансийск ұлттық округіндегі осы аттас елді мекен) жер аударылады. Осы заманғы қазақстандық зерттеушілердің бірқатары Ғұбайдолланы Қасым сұлтан тәрізді Кенесары бастаған көтерілістің рухани дем берушісі етіп көрсетуге бейім.

Осының бәрі патша әкімшілігінің шарттарымен келісу қажеттілігі туралы қорытынды жасаған Айғанымның көз алдында болып жатты. Уәли ханның жесірінің үйіне қоққан-лоққы жасалуы да мүмкін, олай болса, Айғанымның қолданған тактикасы да белгілі: отбасының амандығын ойлаған ана және әже ретінде ол баласы Шыңғысты (кейін немересі Шоқанды да) «өз еркімен» өз ортасынан, туған жерінен айырып, орысша оқуға береді. Бұл арада Айғанымның отбасылық және жеке басының драмасын көруге болады. Бағына қарай Шыңғыс орыс мәдениетін де дала халқының мәдениеті сияқты бойына еркін сіңіреді және Ресей әкімшілігі мен Орта жүз қазақтары арасындағы делдалдық миссияны лайықты, беделді орындайды.

Сонымен бірге ХІХ ғасырдағы қазақ-орыс қарым-қатынасы тарихындағы бұл факт Орта Азиядағы халықаралық қарым-қатынастар жүйесіне кеңінен еніп, саяси қатынастың солқылдақ жағдайдағы кезеңі аяқталғанға дейін уақытша басқа мемлекетте болу түріндегі дәстүрлі аманаттық институты аймаққа орыстар келгенге дейін сақталды. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қазақ-қытай қарым-қатынастарының тарихы соның айқын дәлелі. Ежелгі Еуразия түріктерінде де осыған ұқсас дәстүрлердің қолданылғаны тіркеледі.

Айғанымның ақылдылығы уақытша күрделі жағдайлармен келісімпаздық тактикасынан емес, Абылайхан мен Уәли ханның ұрпақтарын сақтап қалуды мақсат тұтқан стратегиялық таңдауынан айқын көрінеді. Бұл принципшіл жүйеде ханымның туысқандық байланысын да үзуіне және өзіне адал ортасынан басқа тыс жерлерде көтеріліс тақырыбын ауызына алмауына да тура келген «бүлікшіл» Кенесарыға орын жоқ еді.

Айғанымның осынау іс-әрекетіне берген түсіндірмемізге Шоқанның өзінің досы Григорий Потанинмен бөліскен ой-толғамдары дәлел бола алады. Шоқанның түсінігінде Кенесары – шындап зерделенуі тиіс азаттық көтерілісінің ержүрек жетекшісі. Яғни, Уәлихановтар отбасында Кенесарының тұлғасы мен тағдыры жабық тақырып болмаған.

Эпилог

Бүгінде тәуелсіз Қазақстанда Абылай ханның тарихи тұлғасы барлық болмыс-бітімімен қайта жаңғыртылып жатқанда кезінде оның маңында болған адамдар да атаусыз қалмақ емес. Сол тұстағы билер мен батырларды, әйгілі ханның отбасы мүшелерін еске ала отырып, оларға қатысты ақтаңдақтарды жою, соның ішінде Абылай ұрпағының лайықты өкілдерінің бірі, оның келіні Айғаным туралы да үнсіз қалу мүмкін емес. Абылай ұрпақтарын жойып жіберу қаупін туғызған ғаламат қайта жаңғырулармен жалғыз өзі бетпе-бет қалған ол өзінің ақылдылығымен, білімділігімен ол процеске ықпал ете алады.

Айғаным ханымның мәртебесін Ресей тарапының мойындауы оның өтініші бойынша Сырымбетте қосалқы құрылыстары бар үлкен ағаш үй салып беруі арқылы білінеді. Ондай үйдің салынуы патшаның марқұм Уәли ханның отбасын өз қорғауына алғанын білдіреді.

1822-1824 жылдардағы реформалар барысында Орта және Кіші жүздерде хандық билік институты жойылғанымен шыңғыстық орта өкілдерінің саяси ықпалы жойылған жоқ. Сол реформаның авторы М.Сперанскиймен қоғамдық қатынаста ықыластас болған ханым, Уәли өлгеннен кейін хан тағында аз уақыт болғанда («Уәлиден кейін Ресей патшалығы Айғанымды «хан» деп таниды» (С.Мұқанов. 1975 жыл. 7-том, 15 бет) қайта жаңғыртулар қуатын өлке болашағының игілігіне бағыттай білді. Ол қосыла басқарудың, тұрмысты жайғастырудың, білім алудың жаңа шарттарымен келісуде стратегиялық шешім қабылдап, өз еркімен балаларын да соған бағындырады.

ХІХ ғасырдағы қазақ билеушілеріне қатысты әділдік баяу да болса қалпына келтірілуде. Халқымыздың, ұлтымыздың абыройы мен намысын сақтап қалудың әртүрлі әдістері мен жолдарын таңдаған Уәли ханның, Айғаным ханымның, сұлтандар Саржан мен Кенесарының, Наурызбайдың, Бопайдың, Жаппардың, Сыздықтың және басқалардың шиеленісті тағдырлары бүгінгі ұрпаққа қайғы-қасіреті көп болған қазақ халқының тарихы алдында бас идіреді.