Айдина, қызы: Әкемді теледидардан көріп, сағынышымды басамын

Менің атым Айдина. Жасым 3-те. Әкемді қатты жақсы көремін. Әкем де мені қатты жақсы көреді. Ол бізді әрдайым қыдыртып тұрады. Ойын алаңдарына, орталықтарға, Дубайға да бардық. Әкем бізді қатты еркелетеді. Мені үнемі: «менің жаным, күнім, жұлдызым», — деп еркелетеді. Бауырларым Сардар мен Сағадат маған әрдайым қамқор. Әкем өнер адамы ғой, үйде көп бола бермейді. Әкемді қатты сағынып кеткен кезде теледидардан көріп, сағынышымды басамын. Білесіз бе, әкем бізге ешқашан ұрысқан емес. Үйге келгенде, қолы бос болған уақыттарда бар көңілін бізге бөледі.

Бақыт Тушаев
Бақыт Тушаев, жұбайы Айжан және қызы Айдина©Айгүл Хожантаева

Бақыт Тушаев, актер: Әкемнің берген тәрбиесін, балаларыма үлгі етемін

Балалық шағымда әкеміз көп сөйлей бермейтін. Әкем әрдайым біреудің ала жібін аттамауымды айтып, тек адал еңбекпен нан табуымды ескертіп отыратын. Далада қаламсап не қарандаш, асық жатса да рұқсатсыз алма деп жөн сілтеп отыратын. Кісі ақысын жемеу керек екенін, тентектіктің өз орнымен болуына да мән беретін. Әкем бірқалыпты, сабырлы, көп сөйлемейтін жуас кісі. Ешқашан бізді біреулерге мақтамайтын.

Бала күнімде әкемнің бір сұрақ қойғаны бар. Әкемнің даналығымен қойылған сол сұрақ өмірімді түбегейлі өзгертті. Әкемнің ерекше қасиеттерінің бірі — сұрақ қою арқылы адамға ой салып қоятын. Жасөспірім кезімде темекі тартуға қызығып, еліктеп қалатын сәттеріміз болатын. Әкем бұл іс-әрекетімді көрсе де, ешқашан темекі тартпа деп айтпайтын. Ер жетіп, бой түзеп келе жатқан жасым болатын. Бір күні әкем екеуміз жолда кетіп бара жатқанда, бір кісі алдымыздан өтті. Сол кезде әкем: «балам, қалай ойлайсың алдымызда кетіп бара жатқан кісі қанша жаста? Жасы менен үлкен көріне ме, әлде кіші көріне ме?», — деп сұрақ қойды. Мен де ойланбастан сол кісіге қарап бара жатып, сізден үлкен сияқты дедім. Себебі ол кісінің шашы ағарып кеткен, бет-әлпеті үлкен көрінді. Әкем сол сәтте: «шын мәнісінде ол кісі менен кіші. Неге жас бола тұра менен үлкен көрінеді деп ойлайсың? Өйткені ол кісі бала күнінен темекіге әуес болды. Осы күнге дейін тоқтаусыз темекі шегіп келеді, арғы жағын енді өзің ойланарсың», — деді де кетіп қалды.

Бақыт Тушаев
Бақыт Тушаев, қызы Айдина ©Айгүл Хожантаева

Ол кезде жасым шамамен 14-15 жаста. Сөйтіп күні-бойы әкемнің айтқан сөзі санамнан шықпай қойды. Себебі айтылған сөздер жүрегіме тиіп, қатты әсер етті. Өзімнен бес жас үлкен Қанат деген досым бар еді. Көңіл-күйім «мен сонда темекі шегетін болсам, Қанат досымнан да үлкен көрініп кетем бе» деп құлазып кетті. Содан темекіге мүлдем жоламаймын деп өз-өзіме серт беріп, нәпсімді тиюға бел будым. Әкемнің осындай қайратты сөздерінен кейін, сол күні-ақ темекіге деген ойымды өзгерттім. Шындығында әкем көп іске шектеу қоймайтын. Қателікке бой алдырсақ ұрып, ұрысып емес даналығының арқасында бізді ақылымен жөнге салатын.

Ұлыма да, қызыма да шектеу қойған емеспін

Екі ұлым мен бір қызым бар. Үлкен ұлым – Сардар бес жаста, қызым – Айдина үш жаста болса, кіші ұлым – Сағадат екі жаста. Шыны керек, балаларыма көп уақыт бөле бермеймін. Өйткені, таңертең кеткеннен кешке бірақ келемін. Қазақта: «баланың балалығын тиғаның, өскенде даналығын тиғаның», — деген жақсы сөз бар. Бала тәрбиесіне келгенде қазақ қоғамында белгілі бір қыз балаға, ұл балаға арналған ережелері мен ерекшеліктері бар. Әкемнің берген тәрбиесін өз балаларыма да қолданамын. Ұлыма да, қызыма да шектеу қойған емеспін. Барлығын әкем сияқты оларға барынша ақылмен жеткізуге тырысамын. Мысалы, кейде біз бала ыстық шәугімге бара жатса, «ыстық, барма» деп айтамыз. Ал менің тәрбиемде керісінше ыстық шәугімнің ыстық екенін көрсін, күйсін деймін. Себебі ол оның залалын көрмей жатып қалай біледі?!

Бақыт Тушаев
Бақыт Тушаев, ұлы Сардар ©Айгүл Хожантаева

Ардақты Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бала кезде үйретілген нәрсе тас үстіне қашалған жазба сияқты» деген екен. Кім өзін қаншалықты құрметтесе, баласын да соншалықты құрметтейді. Қорқыту арқылы дегенін істету – жақсылыққа апаратын тәрбие емес. Ертең оның зардаптары болады. Қалай десек те таяқ арқылы жөнге салу басты құралға айналмауы керек. Ақылмен жұмсай білу – кез келген ата-анаға оңай соқпайды. Жас баланың аяқтаған жұмысына мақтау сөз айтып отыру оның кезекті бір тапсырмаға жігерін оятады. Сол себепті де оларға орнымен сыйлық беріп отырамын. Бірақ «былай істейтін болсаң ақша берем» деп оны сатып алудан абай боламын. Себебі, жас баланың таза жүрегі осындай әдістерден соң бүлініп шыға келеді. Қысқаша айтқанда, перзентті еңбекке баулып, жауапкершілігін арттырып, өзіне деген сенімділігін күшейтіп өсіру керек. Бала бір істің жаман екенін білгенде, екінші рет өзі-ақ жоламайды.

Бір күні балаларыммен көлікте кетіп бара жатқанда, балам көлік терезесінен бөтелкені лақтырып жіберді. Мен көлікті бірден тоқтатып, балама лақтырған бөтелкені алып келуін айтып: «бұлай жасама! Қазір сені көшеде көрген адамдар «мынау қандай жаман бала» деп айтатын болады. Сондықтан жолға қоқыс тастаушы болма», — деп ескерттім. Бір күні қаланың сырт жағында, трасса бойымен кетіп бара жатып қолымдағы бөтелкені қаланың іші емес қой деп сырт жаққа лақтыра салдым. Осы ісімді көрген балам: «әке жолға қоқыс тастамасаңызшы. Бұлай тек жаман балалар ғана істейді», — деді. Сол кездегі іс-әрекетіме қатты ұялдым. Демек, баланы кішкентайынан жаманнан жирендіріп, жақсылыққа баулысақ ол жаман іс-әркеттерге бармайды.

Бақыт Тушаев
Бақыт Тушаев отбасымен ©Айгүл Хожантаева

Кіші ұлым ата-әжесінің тәрбиесінде

Кіші ұлым ауылда ата-әжесінің қолында тәрбие алып жатыр. Бала тәрбиесінде ата мен әженің орны жоғары. Ғалымдар мен психологтардың өзі атасы мен әжесінің тәрбиесін алған баланың еті ширақ, ойы ұшқыр, ақылды болып өсетінін дәлелдеген. Сол себепті де кіші баламызды ата-әжесінің қолына беріп отырмыз.

Ата-бабаларымыз: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқасын досыңдай сырлас», — деп бекер айтпаса керек. Өнер саласының адамы болғандықтан, бала тәрбиесіне көбіне анасы қарайды. Анасы ұрысатын жерінде ұрысып, еркелететін жерде еркелетіп отырады. Өз басым балаларға ұрыспаймын. Жандарында көп болмағандықтан шығар еркелетемін, олармен қосылып балаша ойнап кетемін. Айтып өткенімдей, көп нәрсеге шектеу қоймаймын. Себебі бала кезден тиым салып, оны істеме, былай істе деп ұрыса беретін болсақ, өсе келе ол ынжық, көпшілік ортада өз ойын, пікірін жеткізе алмайтын ұяң болады.

Балаларыммен ертегі кейіпкерлері болып жиі ойнаймын. Балаларымның өзі «әке зомби болшы, әке мына кейіпкер болшы» деп тапсырыс береді (күліп). Кино саласында халықтың көңілінен шығу маңызды болса, үйде балаларымның жақсы бағасын алып, көңілдерінен шыққаннан асқан бақыт жоқ.

Бақыт Тушаев
Айдина ©Айгүл Хожантаева

Ата-анасының жылуын сезінбеген бала әр нәрсеге ұрыншақ келеді

Үш баламның мінездері үш түрлі. Үлкен ұлымның есімін Сардар деп қоюымның артында үлкен мағына жатыр. Бұл есім «қолбасы, көшбасшы, батыр, батыл» деген мағына береді. Елде ерлік көрсеткен азаматтарға батыр деп ат берсе, қазақта сардар деген шен берген. Мен де баламның атын әдейі жол көрсетіп жүрер көшбасшы болсын, артынан сарбаздарын ертіп жүрер батыр болсын деп  есімін ырымдап қойғанмын. Сардар ұлым ақылға тоқтамды, білгір жігіт. Әр нәрсеге байыппен қарап, ақылмен шешім қабылдайды. Айтқанынан қайтпайтын мінезі бар. Әрдайым елдің назарында жүргенді қалайды. Қыз баланың жаны нәзік келеді. Қызым биге де, әнге де жақын. Кез келген істі бірден қағып, алып кетеді. Кіші ұлым Сағадаттың мінезі бір тоға. Ауылдың баласына тән қасиеті, бұзықтығы да бар. Әр үйде әке жолын жалғастыратын, қара шаңыраққа ие бір ұл қалады дейді ғой. Сол қара шаңырақтың туын құлатпай, әрмен қарай мұра ретінде жалғастырушы осы кіші ұлым болады. Алла бұйырса тағы ұл мен қыздарымыз дүниеге келер, бірақ осы Сағадатым әулеттің көшін бастайтын иесі болып қала береді. Жалпы бала тәрбиесінде ешқандай қағида ұстанбаймын. Балаларыма еркіндік беріп өсіремін. Көбінде олармен ересектерше әңгімелесемін. Барынша балаларыма жұмсақпын. Себебі ата-анасының жылуын сезінбеген бала әр нәрсеге ұрыншақ келеді. Жамандықты тығылып жүріп істейді.

Қазір кино саласында жүргеніммен, болашақта балаларымның өнер адамы болғанын қаламаймын. Керісінше олардың білімді болып, шет елдің мықты деген жоғары оқу орындарында білім алып, еліне келіп қызмет етуін жөн деп санаймын.  Медицина саласы, не инженерлік сала, не саясаткер болсын еліне адал қызмет етсе екен деймін. Енді өнер деген бала бойында кішкентайынан болады ғой. Үлкен ұлым музыкаға жақын сияқты. Сондықтан да оны музыкалық мектепке берсем деймін. Мұндай мектепте оқып, болашақта қай салаға барса да, өнер саласында алған музыкалық білімін қосымша алып жүреді. Музыканы меңгерген бір тілді меңгерген адаммен бірдей. Бастапқыда өнер саласында оқыса, жоғары оқу орнын басқа сала бойынша оқиды.

Айжан, жұбайы: Шаңырағымызда әкеміздің айтқаны заң

Бақыт Тушаев
Айжан Тушаева, қызы Айдина ©Айгүл Хожантаева

Кім болса да жолдасын мақтағанды жақсы көреді ғой. Бақытты бала кезімнен білемін. Былайша айтқанда Бақыт екеуміз бірге өскенбіз. Бақыттың үйленгенге дейін және үйленгеннен кейін де жаман қасиеттерін байқаған емеспін. Ол отбасына берілген адам, үнемі біздің жағдайымызды жасап, бос уақытын тек бізге арнайды. Жүрегінде иманы бар, отбасымызға береке кіргізіп отырған отағасы. Бойынан ерсі қылығын көрмеппін. Ауылдағы, қаладағы әке-шешелерімізге де уақыт тауып, барлығының көңілінен шығып жүреді. Жұмысына да адал. Демалыссыз жұмыс істегесін Бақыт үйде сирек болады.

Бақыттың жұмысы кино саласы болғандықтан алғаш үйленген жылдары қиын болды. Үш баланы босанғанда да, тіпті жүктілік кезінде де Бақыт жанымда болмады. Бірінші баламда жұмыс бабымен Атырауға кетіп қалған. Екінші қызымды босанар уақытта «Менің елім – Қазақстан» жобасында алты айдай жүрді. Үшінші балама аяғым ауыр кезде «Бәсеке» сериалының түсірілімінде болды. Бақытты үш айда бір көретінмін. Әрине, алғаш үйленген жылдары кім болса да жұбайының қасында болғанын қалайды. Бірақ уақыт өте келе етім үйреніп кетті. Бүгінде мен оны, оның жұмысын жақсы түсінемін. Әрине, әкеміздің жанымызда күнде болғанын қалаймыз, дегенмен жұмысы оңай болмағандықтан отбасымызбен оның жағдайын жақсы түсінеміз. Менің ойымша, кез келген жас-жұбай ең алдымен бірін-бірі түсінуі керек. Сонда ғана берік, мықты отбасы болып қалыптасады.

Қазіргі таңда менің жұмысым – отбасым. Балаларымның тәрбиесіне қараймын, жолдасымның жағдайын жасап, үй шаруасымен айналысамын.

Балаларымыздың тәрбиесінде ұстанатын қатаң қағидалар жоқ. Ең бастысы оларды «адам» қылып өсіріп, жетілдіру. Балаларым әкесіне қарап бой түзеп, әкесінің бойындағы қасиеттерін бойларына сіңіріп өссе екен деймін. Енді өзім барымды салып тәрбиелеп жатырмын. Алайда, бір жақты тәрбие аздық етеді. Бақыт жұмыс арасында бір сағат бос болып қалса, сол уақыт аралығын барынша балаларына арнап, көңіл бөлуге тырысады. Бос уақытында маған хабарласып «қазір мен үйге бара жатырмын. Балаларды киіндіріп, дайындап қойшы. Бір жерге барып келейік», — деп ескертіп отырады.

Біздің балаларда әкесінен қорқу деген ұғым жоқ. Балаларымызға көп ұрыспауға тырысамын. Бақыт: «балаларға ұрыспа, жұмсама, дауыс көтерме. Керісінше оларды түсін, үлкендерше сөйлесіп, тәрбиеле», — деп айтады. Мен кейде балаларды бес жастан бастап 0-сыныпқа берейік десем, қарсылығын білдіреді. Бала жеті жасқа дейін еркелеп, балалығын жасап өсу керек деп айтып отырады. Шаңырағымызда әкеміздің айтқаны заң. Балаларды арасында тәртіпке салып қоймасаң да болмайды ғой. Үш баланы игере алмай кеткен сәттерімде ұрысып аламын. Балаларымызбен көп сөйлесуге тырысамыз. Әкесі балаларды дамытуға арналған кітаптар, ойыншықтар әкеліп береді. Сол заттарды көрсетіп, өзім де бірге ойнап, балаларымның уақытын пайдалы істерге арнап, қызықты етіп өткізуге тырасамын.

Бақыттың бойындағы барлық қасиеттерді бағалаймын. Бақыт осы уақытқа дейін көңілімді қалдырған емес. Барлық еркек бірдей бола бермейді. Ал Бақыт отбасына берік адам. Уақыты қанша тығыз болса да, балаларды көріп қалуға тырысады. Бақыттың отбасын бірінші орынға қоятынын бағалаймын. Сонымен қатар ол өте иманды. Үйімізде жиі-жиі құдай тамақ беріп, әр жұма сайын шелпек пісіріп отырамын. Бақыт өзі құран оқиды. Апта сайын балаларға дем салып отырады. Әке-шешеміздің жағдайын жасап, әрдайым ақ баталарын алып отырады. Еңбекқорлығы сонша, үйде бір мезет тыныш жата аламайды.

«Үлгілі отбасы» деген балаға жақсы тәрбие беріп, жаныңдағы өмірлік серігіңді түсіну. Үйде әйел адам да, ер адам да өз орнын білуі керек. Бірін-бірі түсінулері керек деп ойлаймын. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сенімі берік болса, отбасының қаймағы бұзылмай, көпке үлгі болады. Менің үлкен арманым — балаларымның үлкен азамат пен азаматша болып өсіп, ата-анасының үмітін ақтаса екен деймін.