Басты бетЖаңалықтарКомиссия келесi...

Комиссия келесi отырысында жердi шетелдiктерге жалға беру мәселесiн талқыға салады

Комиссияның бүгінгі екінші отырысын қорытындылай келе, Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жиында айтылған барлық ұсыныс-пікірлердің жүйеленіп, жұмыс топтарында талқыланатынын айтты.

«Бүгiн 38 комиссия мүшесi өз ұсынысын айтып, пiкiрiн ортаға салды. Бiрiншi, жердi сатпауға қатысты ой-пiкiрлер болды. Сонымен бiрге, егер жер сатылатын болса, бұл қалай жүзеге асады? Осы төңiректе комиссия мүшелерi ұсыныстар айтты. Штаб, хатшылық бұл ұсыныстардың барлығын жүйелейдi. Содан кейiн жұмыс топтарында олар талқыланатын болады. Әрине, шешiм бiрден қабылданбайды. Бiз өңiрлерге шығып, халықтың пiкiрiн тыңдап, содан кейiн ғана ұсыныстар әзiрлеймiз», — дедi Сағынтаев.

Жалпы бүгінгі отырыста негізінен үш мәселеге қатысты ұсыныстар түсті. Біріншісі – жерді қазақстандықтарға сатуға және сатпауға, екіншісі – жалға беру немесе бермеуге қатысты. Үшіншісі – жерді қазақстандықтарға 10 гектарға дейін тегін беру туралы. Бұл ұсыныстардың бәрі бүгінгі жиынның хаттамасына тіркелді.

Жер реформасы бойынша комиссияның бүгiнгi отырысында Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерiн жеке меншiкке сату немесе беру мәселесi қаралды. Жалпы, отырыс барысында 38 комиссия мүшесi өз ұсыныс-пiкiрлерiн айтты. Олардың барлығы жүйеленiп, жұмыс топтарында талқыланатын болды. Ал комиссияның келесi отырысы 28 мамырға белгiленiп отыр. Комиссия мүшелерi қоғамдық резонанс тудырған жердi шетелдiктерге жалға беру мәселесiн талқылайды.

Айта кетейiк, бүгiн Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрт жұмыс тобының құрамы жасақталып, төрағалары сайланды.

Еске сала кетсек, Жер реформасы жөнiндегi комиссия президенттiң тапсырмасы бойынша құрылды. Комиссия құрамына 75 адам кіріп отыр, олардың iшiнде Мұхтар Шаханов, Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов, Айдос Сарым, Бекболат Тілеухан, Жармахан Тұяқбай секілді көпшілікке белгілі тұлғалар бар.

Президент Жер кодексiнiң қоғамда дау тудырған бiрқатар нормаларына 2017 жылға дейін мораторий жариялады. Нұрсұлтан Назарбаев кең көлемді түсіндіру шараларын жүргізіп, бұл жұмысқа бүкіл партиялар мен қоғамдық ұйымдарды тартып, жер мәселесі бойынша өз позициясын білдірген барлық азаматтарды диалогқа шақыруды тапсырған болатын.

ДереккөзBNews.kz