Басты бет Таным Күніне 1 сағатты бөлу арқылы ағылшын тілін қалай тез үйренуге болады?
Ағылшын тілін үйрену
Көрнекі сурет

Күніне 1 сағатты бөлу арқылы ағылшын тілін қалай тез үйренуге болады?

Ағылшын тілін меңгеру үшін уақытты қалай жүйелеу керек? 24 сағатыңыздың бір сағатын тіл үйренуге арнай аласыз ба? Тіл үйренудің оңтайлы тәсілі қандай? Назарларыңызға тиімді сервистерді ұсынамыз.

1. Диктант жазыңыз

Интернет түрлі тегін сервистерге толы. Назарларыңызға әртүрлі деңгейдегі тіл үйренушілерге пайдалы болатын сайттарды ұсынамыз:

  • Dictationsonline — мәтіндерді тіл мамандары оқиды, екі түрлі қиындық деңгейлері бар.
  • Rong-chang — мұндағы диктанттар деңгей бойынша бөлінбеген, бастапқысынан бастап, алдыға қарай жүре беру керек. Әр диктант 10 сөйлемнен құралған.
  • Breaking News English — Intermediate деңгейінен төмен емес тіл үйренушілер үшін нағыз қажет сервис. Диктанттардың басым көпшілігі — жаңалықтар мәтіні. Әрі олар – ойдан шығарылған емес, шынайы оқиғаларға негізделген жаңалықтар тізбегі.

Егер мұндай тәсілмен диктант жазу ұнамаса, ағылшын тіліндегі өзіңіз ұнатқан әндерді тыңдап, оны қағаз бетіне түсіріңіз.

Мұндай диктанттар үшін 10 минут уақытыңыз ғана жұмсалады. Оны түскі үзіліс кезінде жазып тастасаңыз болады.

2. Шығарма жазыңыз

Ағылшын тілінде шығарма жазу – сөздік қорын дамытудың ең тиімді тәсілі. Бастапқыда өзіңіздің хоббиіңіз, отбасыңыз, жұмысыңыз туралы жазыңыз. Одан кейін әртүрлі тақырыптарға байланысты эсселер жазып көріңіз.

Ең дұрысы, ағылшын тілінде күнделік жүргізу. Бұл сіздің өміріңізде болып жатқан жағдайларға байланысты болғандықтан, сөздер ойыңызда ерекше сақталады. Әрі күнделікті өмірде кездесетін сөздерді қолдану арқылы ағылшын тілінде сөйлеу қабілетіңізді арттырады.

Қазіргі уақытта ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік беретін түрлі мобильді қосымшалар бар. Егер тіл үйренгіңіз келсе, сіздің смартфоныңызда “сөздік” міндетті түрде болуы тиіс. Оның ішінде іздеген сөздеріңіздің тарихы жазылатыны болғаны дұрыс. Кейін іздеген сөздеріңізді жүйелі түрде қайталап отырсаңыз, есіңізде ерекше сақталады.

7–10 сөйлемнен тұратын шағын эссені жазуға шамамен 20 минут уақытыңыз кетеді.

3. Аудиокітаптарды тыңдаңыз

Бұл – көлікте, кептелісте тұратындар үшін, жаяу көп жүретіндер үшін тіл үйренудің ең оңтайлы тәсілі. Құлаққапты тағып екі қоянды қатар атасыз: уақытыңызды қызықты әрі пайдалы өткізуге болады. Әуелі тілі оңай, балаларға арналған кітаптардан бастаңыз. Уақыт өте келе қиындатып отырыңыз. Бұл құлағыңызды ағылшын тіліндегі сөздердің аражігін ажыратуға бейімдейді. Тіпті түсінбесеңіз де тыңдай беріңіз. Миыңыз ағылшын сөздерінің құрылымдарын автоматты қабылдайтын болады.

Назарыңызға аудиокітаптарды топтастырған пайдалы сайттарды ұсынамыз:

  • Storynory — тіл үйренуді енді бастағандар ағылшын тіліндегі ертегілерді тыңдай алады. Кітаптар түсінікті әрі баяу темпте оқылады. Сәйкесінше мәтін нұсқасы да бар.
  • Loyal Books — әртүрлі жанрдағы ағылшын тіліндегі кітаптардың топтамасы.
  • Scribl — мұнда тегін және ақылы кітаптар бар. Оларды онлайн тыңдауға да, жүктеп алуға да болады. Жүктеу үшін тіркелу қажет.

Бір аудиокітап шамамен 10–15 минутқа созылады.

4. Бұрыс етістіктерді жаттаңыз

Бұрыс етістіктердің кестесін басып шығарып алыңыз. Әр күні бес сөзден кем емес жаттап отырыңыз. Бос уақытыңызда жаттағаныңызды дауыстап отырыңыз. Бұны бір жүйеге келтіріңіз, яғни нақты уақытыңыз сөз жаттауға арналсын.

5. Мобильді қосымшаларды пайдаланыңыз

Қазіргі уақытта тіл үйретуге көмектесетін мобильді қосымшалар жетіп артылады.  Мысалы, Aword қосымшасы кәдеге жарауы мүмкін.

Біріншіден, мұнда әрбір сөзге қатысты анықтамамен қоса сурет беріледі. Есте сақтауға өте тиімді. Екіншіден, суреттерді сәйкестендіру, аудармасын табу, әріптерді дұрыс орналастыру тәрізді тапсырмалар орындап отырасыз. Бұлар да – сөздерді жадыға сақтауға көмектесетін жаттығулар. Дәптерге жазып, сызып отырудан гөрі бұл – қызықты тәсіл. Әрі сіз оны кез келген уақытта пайдалана аласыз.

Тынығып отырғанда, кезек күткенде т.с.с жағдайларда қолыңызға смартфоныңызды алып, күніне кем дегенде 10 минутыңызды бөліп отырсаңыз, нәтижесі міндетті түрде болатынына сеніңіз.


Ал енді есептеп көрейік: Күніне бір сағаттан дайындалсаңыз, бір жылда 365 сағатыңыз тіл үйренуге кетеді. Ал егер сабақ уақытын арттырсаңыз, тілді тез меңгеуге мүмкіншілігіңіз артады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!