Бұл туралы бүгін Baribar.kz сайтына ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының 1-курс докторанты, бірнеше жыл мешітте қызмет еткен имам, дінтанушы Мырзахмет Жүзей әңгімелеп берді.

Дінтанушы, Мырзахмет Жүзей
Мырзахмет Жүзей, дінтанушы ©Айгүл Хожантаева

«Олар қазіргі сәтте «сабырлы ұйым» кейпінде»

Қазақстанда осыған дейін бірнеше терактілер тіркелді. Бұл — жай ғана бір көрсеткіш. Жат ағымдағылардың шын бейнесі әлі де жасырын болып қалып жатыр. БАҚ өзінің саяси ұстанымына керек жерін ғана айтады да, кірісе алмайтын тұсын жылы жауып қояды. Кей ұлтжанды тұлғалар, жүрекжұтқан діни қызметкерлер олардың кейбірін ашық жариялады. Бірақ соңы жасырын қысымдармен аяқталды деген сыбыстар естиміз. Қалың көпшілік өзге ағымдағылардың ішкі істер қызметкерлеріне ғана қарсы шыққан уақиғаларын біледі. Олардың тарапынан қарапайым халыққа жасаған шабуылдары тіркелмеді. Шындығында оларға не керек? Біз тек жорамал жасай аламыз. Олар өздеріне тек жақтас жинағаны болмаса, халық шоғырланған жерге шабуыл жасамады. Соған қарағанда бұлар саяси мақсаты бар ұйым ретінде ғана көзге түсіп отыр. Соңғы жағдайларды аңғарсақ, «сабырлы ұйымдарға» айналған сияқты. Мұның да бір астары болар. Оны уақыт көрсетеді.

Діни экстремизм
Сурет ©radiotochka.kz

«Білімді көсемі жоқ»

Жат ағымдағылар өздерін діндар ретінде көрскеткісі келеді. Діндар дейін десем, ішінде діни көсемі (лидер) жоқ. Дінтану саласында бірнеше медресе бітіріп, ғалым атағын алған, ел арасына танылған тұлға араларынан осыған дейін бой көрсетпеді. Үш-төрт айлық қана курсты бітірген мамандарын жасанды көсем ретінде көтеріп, соған бағынады. Сондықтан бұларды діни ұйым дегеннен гөрі, «саясиланған топ» дегеніміз дұрыс болар.

Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып жұмыс істеп жатыр. Дінтанушылар ұйымы ашылды. Соның нәтижесінде исламтанушылар, діни басқарманың қызметкерлері «мынау — Ділмұрат, Өктем, Дарын» деп олардың атын атап, түсін түстеп жатыр. Бұлар — ашық көзге түсіп қалған жетекшілері. Меніңше, бұлардан басқа тұлғалары да бар. Оларды да жариялайтын кезең келген сияқты. Халық біліп жүруі керек.

Діни күрестегі қателік

Бұлармен күрес ең алғаш басталған кезде, дінтанушы, исламтанушы ғалымдар саяси білімнің жеткіліксіздігі әсерінен қателік жіберіп алды. Олар бірден киіміне, сақалына тиісті. Бұлар — атрибуттар ғана, сырт келбеті. Бұдан гөрі олардың басшылығымен күрес жүргізу тиіс еді. Жат ағымдағыларға бұл әрекет оңтайлы әсер етті. Көбі сырт келбетін өзгертіп, мүлде белгісіз күйге көшті. Нағыз басшылары құпия болып қалып кетті. Бәлкім, оларды айтуға сескенді, сол себепті төменгі топпен күресуді ұсынды.

Бір-екі имамнан естідік. «Балаң мына мектепте оқиды, әйелің мына жерде жұмыс істейді» деп, ауызекі қорқытулар жасаған екен. Имамның қызмет орнына келіп, жекпе-жекке шақырған кездерін көзбен де көрген жағдайлар болды. Мешіттің ішінде төбелеске дейін барған оқиғалар да тіркелді.

Дінтанушы
Мырзахмет Жүзей, дінтанушы ©Айгүл Хожантаева

Қазір жаңа заң қабылданып жатыр. Яғни, күрес мемлекет деңгейіндегі үлкен мәселе ретінде жалғасып жатыр. Бір азамат шетелде өткен үлкен конференцияда: «Бізде жат ағымдар көбейіп кетті, әсіресе ислам дінінің атын жамылған ұйымдар саны өсті. Олармен қалай күресуге болады?» деп сұрақ қойғанда, ғалым өзіне сұрақ қойыпты. «Олар не істейді еліңізде? Немен айналысады?» дегенде, әлгі жігіт: «Олар жағдайы жоқ мұқтаждарға көмектеседі, қиыншылықтарын шешіп береді, жеке меншік пәтерлерде оқыту орталықтарын ашып алған. Тауға шығарып тамақтандырады, сол жерде мамандарын дайындайды» деп жауап береді. Ғалым оған: «Сендер де солардың істеген істерін істемейсіңдер ме? Асып түспейсіңдер ме?» деген кеңес айтыпты. Меніңше, бұл — да ескерілуі тиіс әдіс. Бір ғана бағытпен, яғни заңмен қорқыту жеткіліксіз.

«Телефон жөндеу орталықтары» неге көбейді?

Жат ағымдағылар жалдамалы үйде тұрып жатқан кісілерге бірнеше сотық жер бөліп береді. Екінші біреуі келіп, мынау менің хадиям (сыйлық) деп, 3-4 мың доллар тастап кетеді. Қабыл алған адам жаңағы жерге кішігірім баспана тұрғысып алады. Одан кейін телефон жөндеу орталығын ашып алатындар көп. Кейде дінтанушы ретінде оларға «Неше адам келіп кетеді? Қанша адам телефонын жөндетті?» деп арнайы сағаттап бақылап отырамыз. Бірақ ешкім ремонт жасап жатқан жоқ, алыс-беріс сауда да байқалмайды. Егер адам келмесе, ешкім сауда жасамаса, үш-төрт айдан кейін олар банкрот болып, жабылуы керек еді. Олардың ашылғанына жеті-сегіз жыл болды, керісінше көбейіп жатыр. Меніңше, мұның бәрі көзбояушылық тәрізді.

«Түн ішінде мешітке кеттім деу күмәнді»

Жат ағымдағылар күндіз жүрмейді. Білуімше, түнгі сағат 11-ден кейін «жұмыстары» басталады. Сол себепті олар біздің көзімізге түспейді. Түнде сабақтары, жиналыстары жасырын өтіп жатады. Бірде 25 жастағы жігіт қайтыс болды. Көңіл айтып барғанымызда, шешесі: «құдайға шүкір, менің балам намаз оқып барып дүниеден өтті» деп өзіне басу айтып отыр екен. Одан кейін «түнімен намаз оқитын» деген бір ауыз сөзі шықты. «Қалай түнімен?» . Анасының айтуы бойынша марқұм болған жігіт мешітке намаз оқуға кеттім деп, таңға жақын келеді екен.

«Мешіттер түнгі сағат 9-10-да құлыптанып қалады емес пе?» дегенімнен кейін, әлгі әйел ашылып әңгіме айта бастады. Қайтыс болған күні 15-20 сақалды адам: «Біз мешіттенбіз. Мына кісі – имам» деп өздерін таныстырып, жігіттің жаназасын шығарған. Имам деген адамның сақал қоюы, балағының қысқа болғаны, құран оқығанда қол жаймауы күмән туғызған. Бұдан байқайтынымыз: халық «мынау — мешіт имамы» деп ажыратып жатқан жоқ. Одан «имам деген куәлігің бар ма?» деп те сұрамайды. Халық ақ-қараны ажырата алатындай сауатын, көзін ашуы керек. Бұл – осы күннің талабы.

«Әйел адам жат ағымға кірсе, оның таралуын бірнеше есе жылдамдатады»

Әйел адамды жат ағымға кіргізсе, ол оның қанат жаюын еркектерге қарағанда бірнеше есе жылдамдатады. Жат ағымдағы ер өзі белсенді тұлға болуы мүмкін, шамасы келсе, қасындағы достарын, таныстарын тартады. Ал әйелдің жат ағымға түсуі 30-50 жылға, яғни ұзақ мерзімге арналған жоспар болмақ. Ол ұрпақ тәрбиелейді. Эмоцияға берілгіштігі бар. Бұның әсері мол. Кеңестік заманда арақ ішкен ер-азаматтар көп болды. Ішкілікке салынған ерлер қойып кетіп те жатты. Бірақ ішкілікке салынған әйелдер ешқашан артқа қайтпаған. Психологтар да мұны дәлелдеген. Дін де сол сияқты. Бір кірген әйелді шығарып алу — қиынның қиыны.

Дін, жат ағым
Көрнекі сурет

«Ерсін Әміре мен Өктемнің арасындағы диспут біраз жат ағымға кеткендердің бетін қайтарды»

Исламтанушы ғалымдардың интернет желісінде тараған ресми уағыздарын бұларға бағытталған «үлкен күрес» деп айта алмаймын. Бұны «ақпараттық күрес» дегеніміз дұрыс болар. Ал ақпараттық күреспен оларды тоқтату мүмкін емес. Дегенмен, бұдан кейін кіреді-ау деген жастарға салыстырмалы түрде мәлімет. Жат ағымның жетекшілерінің бірі Өктем мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Ерсін Әміре екеуінің арасындағы диспут бірнеше адамның бері қайтуына себепші болды. Әсіресе, Өктемнің жанына жаңадан ерген шәкірттеріне соққы болды. Бұрыннан сіңіп кеткендерді мұндай диспутпен алып шығу мүмкін емес. Бұл диспут тарихта қалды. Осыдан кейін, олар мұндай алаңдарға шыға қоймайды. Себебі қысқа мерзімдік курстарда алған білімдері жеткіліксіз, оларға ұтылғаннан басқа нәтиже жоқ. Ал ханафи мазхабындағыларға бұл — өте керек әдіс.

Бірақ мұндай күрестер тек мешіт жамағатына әсер етеді. Мешітке келмеген қанша азаматтар бар? Бұл дауыс оларға жетеді деп ойламаймын. Оларды керісінше теріс ұйымдар тартып алып жатыр. Біздің ұтылатын тұсымыз да — осы. Мешітке аяқ аттап кірмеген қазақ жастарымен жұмыстар көбірек жүргізілуі керек.

«Адуынды имамдар санын көбейту керек»

Биязы мінезді имамдар олармен күресте аздап әлсіз келеді. Қазіргі мешіттерде осындай жағдайлар орын алып жатқандықтан, неғұрлым адуынды, жүрекжұтқан имамдарды басшылыққа қою керек сияқты. Осыған дейін талай мінезі қатаң имамдардың жамағатын қалай үйіріп, басқа топтағылардың мысын басып тастағанын көрдік. Қазір біздің мешіттердегі имамдарды осы бағытқа ойыстыру керек сыңайлы. Дегенмен, исламтанушылар, имамдар кепілдікке алынбаған. Олардың да жеке басына, отбасына қауіп төнуі мүмкін.

Алдағы он жылдықта осы бағытта жүре берсек, дәстүрлі бағыттағылар жеңіліп қалатын сияқты. Егер хронологиямен қарайтын болсақ, 91-жылдары діни ағым жетегінде кеткен 17 жастағы азаматтар 10 жылдан кейін шамамен 50-ге таямақ. Бұл кезде олар немерелі болып үлгереді. Ал олар міндетті түрде дәстүрге қарсы ұрпақ болып шығады. Біз осы жағын да есептеуіміз керек.

Халық назарына

Күмән туғызатын топтағылар дәстүрлі бағыттағыларға қарсы «исламофобия» идеологиясын жүргізіп жатыр. Орамал тағып, тұтас оранып алған кей қыздар мұсылманға жат қылықтарды, дөрекілікті көрсетіп, саяси мақсатты көздейді. Бұл да — бір театрланған ойын, дәстүрлі бағыттағыларға осылайша жала жабылады. Нәтижесінде намазхандардың «бәрі күмәнді» деген ой қалыптасады. Ақ-қараны ажырату үшін, әр адам ханафи мазхабын, жат ағымды ажырата алатындай білім алуы керек.

Қазір үлкен қалаларда ханафи мазхабын қолдаған мықты мамандар шыға бастады. Жат ағымдағылар бұған қарсы жаңа әдісті қолға алды. Олар ауылды жерлерге өз идеалдарын жіберіп, халық санасын біртіндеп улауға көшті. Болашақта оқу бітіріп, жұмыс іздеп баратындар «үлкен қалаға келмес бұрын уланып келуі керек» деген саясатты ұстанатын тәрізді. Екіншіден, ауыл имамдарының басым көпшілігі діни қақтығыс болып жатқан саяси жағдайларда не істеу керегін білмейді. Ауылдарға барған кездерімізде сол жердің ақсақалдары көмек сұрайды. Біз бір күн барып уағыз айтқаннан ештеңе шықпайтынын олар да, біз де білеміз. Бұл да – назарға алынуы тиіс жағдай.

Дінтанушылар, исламтанушылар нақты шешім қабылдауы керек. Бізден қазір ханафи мазхабындағы идеал тұлға болмай тұр. Бір сөзбен айтқанда, нақты «көшбасшы» жоқ. Жеке пікірім бойынша, жасанды болсын бір адамды шығару керек. Ал халық соған бағынуы керек тәрізді. Теріс ағымға кетіп қалғандармен күрес нәтижесін күтіп қана отыру дұрыс емес. Қалған дәстүрлі топты ұстап қалуға жылдам әрекеттер жасалуы тиіс.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.