Басты бетЖаңалықтарЖайық ұстаздары...

Жайық ұстаздары экологиялық мәдениет қалыптастыруға мүдделі

Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратуды осыдан 4-5 жыл бұрын бастап кеткен орталықтың тәжірибесімен бөлісті. Семинар-кеңеске қатысушылар тұрмыстық қалдықтардан жасалған бұйымдар көрмесін тамашалап, пластикалық бөтелке, әйнек, қағаз секілді қоқыстарды салу үшін қойылған түрлі түсті контейнерлерді көрді. Орталықта, тіпті, ағаш жапырақтары да қоқыс есебіне кірмейді екен. Жапырақтарды жауын құрттармен шірітіп, кәдімгі тыңайтқыш ретінде пайдалану көптен тәжірибеге енген.

Бұдан соң жиналғандар қағаз өнімдерінің қалдықтарын жинаумен шұғылданатын «ФОССТИС ХХІ» ЖШС директоры Ерлан Капишевты тыңдады. Өз кезегінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Айсұлу Абдрахманова ел Үкіметімен Экологиялық кодекске өзгерістер енгізілгенін, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына сұрыпталмаған қоқыс қалдықтарын төгуге тыйым салынатынын, осыған байланысты ел арасында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп отырғанын баяндады. Басқармамен дайындалған арнайы бейнероликтерді қатысушылар назарына ұсынды.

«Орал-Таза Сервис» ЖШС бөлім басшысы Жасұлан Ешмұхамбетовтың айтуынша, қала аумағында үш мыңға жуық қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер бар. Оның 1624-і ескі үлгідегі (0,75 текше метр) контейнер болса, 1332-сі жаңа үлгідегі еуро (1,1 текше метр) контейнер. Сондай-ақ, елу шақты 8 текшеметрлік порталдар орналасқан. Қаладан күніне шамамен 200-250 тонна қатты қалдық шығарылады. Әрине, уақыт талабына сай тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәселесі де күн тәртібіне шығып отыр. Қазіргі таңда қала аумағында 700-ге жуық ҚТҚ алаңы болса, оның 55-іне ПЭТ ыдыстарын жинайтын контейнерлер орналастырылған. Осы алаңдарға енді әйнек және картон жинауға дербес ыдыстар қойылатын болады.