Жағдайы келмеген адамның қажылығы жұма

Қажылық барлығымыз білетіндей бес парыздың біреуі және мұсылманның бесінші парызы. Бұл барлық адамға парыз болғанына қарамастан, бұл жерге жағдайы келген әрбір адам баруы керек. Ал жағдайы келмеген адамның қажылығы — жұма екен. Алланың қалауымен өзім бір рет қажылыққа, бір рет ғұмыраға барып келдім. Осындай керемет мүмкіндікті нәсіп еткен Аллаға сансыз мадақ болсын. Біздің құлшылық бір ғажайыпқа толы. Ғұмыра деген құлшылықтың бір түр. Құлшылықтың өзі бір ғажайып дүние. Ислам діні бес парызға негізделген. Сол үшін адам баласы оның барлығына иман келтіріп, орындамаса немесе тиісті амал істемесе шынайы мұсылман бола алмайды. Осы аталған бес парызға тоқталып өтсем:

Құл-Керім Елемес
Құран ©Айгүл Хожантаева

1 — парыз: Аллаһтан басқа тәңір жоқ екеніне және Мұхаммед Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік беру. Бұл куәлік Ислам дінінің кілті, Ислам дінінің негізі осы болып табылады: «Лә иләһа иллаллаһ» аудармасы «Аллаһтан басқа тәңір жоқ» ал, мағынасы «Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылық қылуға лайықты тәңір жоқ». Яғни, Аллаһ Тағала шынайы Құдай, ал Одан өзге құлшылық қылынатын «құдайлардың» барлығыда бекер немесе жалған деп білу. «Иләһ»-деп араб тілінде құлшылық қылынатынды айтады. «Мұхаммадар-расулул-лаһ» — куәлігінің аудармасы «Мұхаммед Аллаһтың елшісі» ал, мағынасы «оның хабарлағаны рас деп білу, бұйырған нәрселеріне бағынып, қайтарғандарынан аулақ болу және оның көрсеткені бойынша Алаһқа құлшылық-ғибадат ету».

2 — парыз: Намаз оқу. Тәулігіне бес рет оқылатын бес уақыт намазды Аллаһ Тағала Өзінің пенделеріне Өз хақысының өтелуі үшін, берген нығметтеріне шүкірлік қылуы үшін және мұсылманмен Раббысы арасында байланыс болсын деп бекітті. Сонымен қатар намаз — арсыздықпен жамандықты тыюшы.Күніне біз үш уақыт тамақ ішетініміз секілді, рухани жанымызға бес уақыт азық береді екенбіз. Кез келген адам баласы таңертеңнен түске дейін, түстен кешке дейін белгілі бір аралықта сөзінен, іс-әрекетінен үлкен күнә болмаса да азын-аулақ күнәлі істер жасап қояды. Күнде таңертең бетімізді жуып-шаятынымыз секілді, біздің жан дүниемізді жуып шаятын және оны азықтандыратын дүние — бес уақыт намаз оқу. Аллаһ Тағала намаз оқыған адамға дінінің көркемдігімен иманының ізгілігін және сауабын реттейді. Мұсылман адам бес уақыт намаз арқылы бұл дүниеде де, ақыретте де оны бақытты қылатын рухани рахатқа ие болады.

3 — парыз: Зекет беру. Зекет дегеніміз — байлығы, мал-дүниесі белгілі нысапқа жеткен дәулетті мұсылманнан кедей, кембағалдарға жылына бір рет беріліп тұратын садақаны айтады. Ал, малы, байлығы зекет берілетін мөлшерге жетпеген пақыр-кембағалдарға зекет беру міндетті емес. Зекет садақасы діндерімен мұсылмандығы толық болуы үшін, халдерімен ахлақтарының дамуы үшін, сол сияқты өздері мен малдарын түрлі апаттардан сақталуымен және күнәларынан тазаланулары үшін беріледі. Сондай-ақ зекет садақасы мұқтаж адамдарға және пақыр, кедейлерге қарайласуларымен олардың жалпы пайдалары үшін демеу ретінде болады. Негізінде зекет садақасы бай, дәулетті адамдарға ғана уәжіп болады. Соған қарамастан Аллаһтың оларға берген малы және рызығымен салыстырар болсақ, бұл дегеніміз дүниелерінің азғантай бөлігі болып табылады.

Құл-Керім Елемес
Құл-Керім Елемес ©Айгүл Хожантаева

4 — парыз: Ораза тұту. Барлық мұсылмандар һижра есебімен жылдың тоғызыншы айында ораза тұтады(1). Бұл айда барлық мұсылмандар ішіп-жеу, жыныстық қатынастар жағы сияқты өздерінің табиғи құмарлықтарымен шәһауаттарынан таң атқаннан күн батқанша тиылады. Оның есесіне Аллаһ Тағала Өз пенделерінің дінін толық әрі мықты етіп, оларды Өз рахымына алады және оларға Өзінің құрметімен көптеген сауаптар жазады. Сондай-ақ олардың иман байлықтарын арттырып, күнәларын жарылқайды да, дәрежелерін көтеріп қояды. Және де ораза тұтқандары үшін дүниемен ақыреттің көптеген жақсылықтарынан береді.

5 — парыз: Қажылық қылу. Ислам шариғатында мәлім болғандай қажылық деп — белгіленген уақытта ниет қылып, белгіленген ғибадаттарды орындау үшін Меккедегі Аллаһтың үйі — қасиетті Қағбаны зиярат қылуды атайды. Аллаһ Тағала қажылықты жағдайы келген әрбір мұсылманға өмірінде бір рет орындауын парыз етті. Қажылықты орындау үшін мұсылмандар әлемнің әр түкпірінен жер бетіндегі ең қасиетті мекенге жиналып, бәріне бірдей ортақ, жалғыз Раббылары — Аллаһқа құлшылық қылып, бірдей киім киеді. Сондықтан, қажылықта басшы мен бағынышты, бай мен кедей, ақ пен қараның араларында ешбір айырмашылық болмайды. Олардың барлығы Арафат тауында тұру, мұсылмандардың қыбласы Қағбаны тауаф(2) ету, Сафа мен Маруа арасында жүру тәрізді қажылық амалдарын орындайды. Мұсылмандар үшін, қажылықта екі дүниесінде де пайдалы, санауға ешкімнің есебі жетпейтін көптеген сауаптар жатыр.

Құл-Керім Елемес
Құл-Керім Елемес ©Жеке мұрағатынан

Қажылыққа мақтан үшін емес, құлшылық ету үшін бару керек

Бес парыздың соңғысы қажылыққа, адам баласы шын ниетімен барып, дұға ету керек. Қандай да бір мақтан, яки атақ-дәреже үшін бару үлкен қателік. Иә жағдайы келіп, қалтасы ақша көтерсе оның қажылыққа барып келуі мойнына артылған үлкен жүк болып қалады. «Енді қазіргі кезде қажылыққа бес-алты рет барып келдім, құрметті қажымын» дейтіндер саны артып келеді. Иә, қажылыққа барып келгеніңіз дұрыс. Алайда, «қажы» деген шен немесе құжат алу үшін емес, тек Алла разылығы үшін барған қажылығыңыз шын мәнісінде қабыл болады. Егер адам қажылыққа үш-төрт рет немесе бірнеше рет барса, демек ол адамның тағдырына жазылған. Яғни адам шынайы ниеттеніп барғанынша Алла бірнеше рет жіберуі мүмкін. Сондықтан да ол адамдарды сөккеніміз де дұрыс емес. Себебі барлығы бір Алланың қалауымен болып жатыр. Мүмкін ол адам бес рет барып, алтыншы қажылығында осы қасиетті орынның шынайы мәнін түсінетін шығар. Ең бастысы, ең құнды дүние Алла разылығы үшін бару. Қажылық мал-мүлікпен де істелетін құлшылық екен. Менің де осы Меккеге барып келсем деген арманым болатын. Аллаға шүкір Меккеге барып, құлшылық етудің қандай керемет екенін сезіндім. Егер қазір Мекке мынадай екен, мына жерінде мынадай дүние бар екен десем, мен оның тек сыртқы көрінісін сипаттап қана бергендей боламын.

Жер бетіндегі ең жарық қалалар Медине мен Мекке қаласы екені ғылыми тұрғыда да дәлелденген. Алғашында ғарышқа ұшпай тұрып ең жарық қалалар Нью-Йорк немесе Париж деп ойлаған екен. Ал ғарыштан қараған кезде ең жарық қала Медине мен Мекке қаласы екеніне көздері жеткен. Сыртқы жарығы өз алдына, қазақта жер кіндігі деген сөз бар, яғни осы жер кіндігі, әлемнің орталық нүктесі Мекке екен. Бұл жер тегін нәрсе емес. Құдай алғашында жер бетіне Адам ата мен Хауа ананы түсірген. Сөйтіп олар жүре-жүре Меккедегі Арапа деген тауда кездеседі. Адамзат баласы осы Адам ата мен Хауа ананың кезігуінен тарап отыр. Қазақта «атамекен» деген керемет сөз бар. Яғни бұл сөз Адам атаның мекен еткен мекені Мекке қаласы дегенге келеді. Бұл жердегі қағба деп отырғанымыз мұсылмандар үшін жер бетіндегі ең алғашқы үй саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадис шәріпінде: «Алла тағала аспан мен жерді жаратпастан бұрын Қағбаның орнын белгілеп қойды», – деген екен, яғни бұл үйдің Алла үшін де маңызды құлшылық орны екенін білуге болады», – деген.

Құл-Керім Елемес
Құл-Керім Елемес ©Айгүл Хожантаева

Қасиетті Қағба ең бірінші періштелер тарапынан салынған. Адам баласы жаратылмастан бұрын, жер үстінде «Бәни жан» деп аталатын жындар тайпасы өмір сүрді. Қарғысқа ұшыраған Ібіліс шайтан да осы тайпа ұрпағынан болатын. Бұл тайпа жер үстінде көптеген азғындық, фитна, бұзық істерді көп жасап, Алланың бұйрығын орындамады. Сол себепті, Алла тағаланың ашуы келіп, оларға азап беруді 7-ші аспан қабатындағы періштелерге бұйырды. Бұлар түсіп, жындарға азап беріп, содан кейін өз мекендеріне қайтуға рұқсат болмай,біраз уақыт жер үстінде қалуларына тура келді. Хадистердің айтуынша жетінші аспан қабатында қызыл түсті, асыл тас-жақұттан жасалған «Бәйтул Мағмур» деген бір үй бар еді. Жер үстіндегі қажылар Қағбаны тәуап еткеніндей, періштелер де аспандағы сол үйді зиярат ететін.

Адасқандар саны көбейді

Мына бір әлемде дін бар және діндер бар. Негізінде тек дін ғана бар. Діндер деген мүлдем жоқ. Осы ақиқатты адамзат баласы әртүрлі ойда қабылдауының әсерінен діндер болып кеткен. Сондықтан дінге байланысты әркім өзінің орталықтарын жасап алған. Дегенмен, адамзат баласына іс жүзінде құлшылық етуге арналған орталық біреу ғана. Ол-Мекке. Басқалар діндерді бөліп алғаннан кейін, әркім әр жерге құлшылық етеді. Бұл Мекке адамдардың құрастырып, ойластырып қойған дүниесі емес, Құдай тағаланың жаратқан қасиетті орыны.

Аллдында естіген болсаңыз «мешіт неге сала береміз?» деген сыбыстар шықты. Бұл жағдайды естіп мен жағамды ұстадым. Неге казино салып жатыр деп шағымданбайды, неге басқа көңіл көтеретін орындар салынып жатыр деп мұңаймайды. «Неге мешіт салып жатыр» деген сөз енді сұмдық қой. Бұл Аллаға қарама-қарсы келу, үлкен күнә. Себебі бізді жаратқан, бүкіл әлемге жан бітірген Алла тағалаға қарама-қайшылық таныту. Егер бұл нәрсе жалғасын табатын болса, арты жақсылыққа әкелмейді. Бұл ақиқатты түсінбей, адасып жүрген адамның тірілігі деп есептеймін. Әрбір мешітті мемлекеттің бюджетімен салып отырған жоқ, осыны түсіну керек. Егер сізге ақша берсе, бұл Алланың қалауымен, нұсқауымен беріліп отырған дүние. Сізге Алланың берген ескертуі болар, осы ақшаға мешіт сал дегендей. Алайда мұны түсіне бермейтіндер көп. Керісінше қолға тиген ақшаны харам дүниелерге жұмсап, күнәлі істер жасап жатады. Мешіт — Алланың үйі. Бұл жерге кірген адам рухани тазарып шығады. Мысалы үшін ашуланып мешітке кіріңізші, өзіңіздің қалай өзгеріп шыққаныңызды байқамай қаласыз. Сондықтан жаман жолға түспей, берілген несібеңізді Алла игілігіне жұмсау керек. Әрдайым Алланы аузына алып жүрген адамның, иманы берік болады.

Қажылыққа қайта барсам деймін…

Шын мәнінде бұл жалған дүние. Осы жалған дүниенің алдамшы заттарына көзіміздің байланып қалмауын әрдайым қадағалап отырғанымыз жөн. Алла бұйыртса қажылыққа жалғыз емес, жұбайыммен барсам деймін. Бұл дүниеде Алланың шапағатына бөленгеннен асқан бақыт жоқ деп ойлаймын.

Құл-Керім Елемес
Құл-Керім Елемес ©Айгүл Хожантаева

Мысалы үшін менің араласатын ортамда қалыптасқан бір дәстүр бар. Бір жылда барлығымыз қажылыққа барып келетіндей боламыз. Әрқайсысымыз жиырма мыңнан шығарамыз да бір адамды қажылыққа жібереміз. Келесіде дәл осылай жинап, басқа адамды жібереміз. Сөйтіп бір жылда барлығы барып шығады.

Алайда осы жылы жұбайыммен барып құлшылық етсек деген үлкен арманымыз бар. Барлығыңызға да қажылыққа барып, құлшылық ету бұйырсын.