«Нанның қиқымын жесең, бай боласың» деген сөзді үлкендер жиі айтады. Оны бір жағынан тағамға ысырап жасамау деп түсінсек, екінші жағынан дінімізде де Алла елшісінің нанға қатысты айтқан тағылымды сөздері бар екен.

«Бір кісі дастарханның үстіне төгілген нанның ұсақтарын жесе, күнкөрісі жақсарады және әулеттеріне денсаулық сыйланады», «Дастарханға төгілген нанның ұнтақтарын жинап жеу хурилердің (жәннат қыздары) әдеттері», «Нанға құрмет көрсетіңіз. Өйткені ол Алла Тағала тарапынан аспанның берекеті болып біздерге келген» деген екен Пайғамбарымыз [1].

нанды бөлу
dribbble.com ©Brian Rau

Бұл ұлтымыздың діні мен дәстүрі біте қайнасып, ырым-тыйымдардың бастауы Ислам дінінде жатқанын тағы бір мәрте көрсетсе керек. Халқымыз баланы жастайынан нанды қадірлеуге тәрбиелейді. «Нанды бір қолыңмен үзбе», «Нанды жерге тастама», «Нанды текке лақтырма» деген тыйым сөздермен бірге «Ас атасы — нан», «Нан бар жерде ән бар», «Дастарханда наны жоқтың, Тамағының сәні жоқ» деген мақал-мәтелдер де бар. Ақын-жазушылар нанның қадірін өлең-жырына да арқау еткен. Солардың бірі балалар ақыны Өтебай Тұрманжановтың:

«Нан – ардақты адал ас

Кәрі, жас одан аттамас.

Ақ дастархан үстінде,

Қол жумай оны ұстамас.

Нандай жоқ қой асыл дәм,

Жеп үйренген жасыңнан.

Дастарханнан нан кетсе,

Береке кетер асыңнан.

Ей, балалар, балалар,

Болмаңдар, сірә, нанға тар.

Өмірдің алтын арқауы —

Нан қиқымын шашпаңдар,

Теріп алып, қастерлеп.

Торғайларға тастаңдар» деген өлеңін балалар мектеп кезінен жаттап өседі.

құстар
dribbble.com ©Andreas Bjørn Hansen

Нанның қасиетті екенін, оны ысырап қылуға болмайтыны жөнінде ел арасында аңыз да бар. Онда ағайынды екі жалшы жігіттің хикаясы баяндалады: Бай олардың еңбек ақысына бір жапырақ нан мен бір кесе сүт береді екен. Бір күні ағасы нан жеп отырып, оның қиқымын жерге түсіріп алады да, ысырап қылмау үшін іздейді. Бірақ кеш батып, қас қарайып кеткендіктен, таба алмайды. «Таңертең іздермін», -деп, қиқым түскен жерге ағаш қадап кетеді. Ертеңінде келсе, таяғы алтынға айналып кетіпті. Осылайша жігіт бір-ақ күнде байып кетеді. Одан інісі байлыққа қалай кенелгенін сұрайды. Мәселенің анық-қанығына жеткен соң, әйдейілеп нанды жерге шашып, сол жерге көп қылып ағаш қадам кетеді. Ертеңінде алтынға байимын деп барса, оның ағаштары сом темірге айналып кеткен екен [2].

байлық
©Baribar.kz

Ал «нанның қиқымын жесең, бай боласың» деген сөздің шығуы туралы мынадай да хикая бар:

Бірде Ибраһим пайғамбар Құдайға берген ырыздық-несібесіне алғысын білдіріп, артығын қайтып алуын сұрапты. Өзі азға қанағат етіп өмір сүрмек болыпты. Сонда Алла оған:

– Ей, Ибраһим, берекем қашып, малым сарқылсын десең, бұдан былай нанды отырып емес, аттың үстінде же. Нанның қиқымы шашылып, жерге түссін. Нан рәсуа болса, берекең кетеді. Мен ырысты нанның қиқымына жасырғам. Сен ас жегенде бір түйірін де жерге түсірмей, етегіңе салып жинап аласың. Сондықтан береке дарып, саған дәулет тез бітті, – деп жауап берген екен [3].

  1. ihsan.kz
  2. degdar.kz
  3. islam.kz